Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Зейнеткер де, кондуктор да бір-біріне қарсы арыз жазған деп хабарлайды kznews.kz ге сілтеме жасаған  altyn-orda.kz

Ақтөбеде жүз теңге үшін үлкен айқай-шу шықты. 55 жастағы зейнеткер Райхан Мамилина №29 автобус кондукторы мені оңдырмай сабады дейді. Көпбалалы ана қазір полицияға арызданған. Ол кондукторды жазалауды талап етіп отыр деп хабарлады «Астана» телеарнасы.

Айтуынша, жолаушы артқы есіктен түсетін уақытта ақшасын таба алмай қалып, кондукторға зейнет кітапшасын көрсетіп, 50 теңге беріпті. Бірақ кондуктор жолақысының толық құнын төлеуді талап етіп, автобустан түсірмей қойған.

Түскеннен кейін ақшамды төледім. Бізге пенсионный 40 теңге. Ол әйел мені жұлқылап, түйгіштеп, автобустың алдына қарай сүйреді. «Ішке алып кетемін. 150 теңге төлейсің!» деп ұрысып, жемпір, көйлек бәрін жыртып тастады. Қолым көгеріп кетті, — дейді жәбірленуші Райхан Мамилина.

Содан ол автобустан түскен бойда полицияға арызданған. Дәрігерге қаралып, үстіндегі көгерген жерлерін көрсетіпті. Енді кондуктордың жазалануын талап етіп отыр. Бірақ басы дауға қалған кондуктор Райхан Құдабаева да өз құқығын қорғамақ болып, полицияға арызданған.

Пенсионный көк кітапшаны маған көрсетіп, 50 теңге берді. Мен «Жоқ, олай болмайды. Бізде автобус картасымен жүреді. 150 теңге төлеңіз» дедім. «Жоқ, міне, зейнеткермін. Мен күнде осылай жүремін, ештеңе төлемеймін» деп қашып бара жатқан соң, мен қолынан ұстап тоқтаттым. Сабаған жоқпын. Мен оны итеріп, автобусқа кіргіздім. Ол қарсыласып, мені итеріп, қолымнан соқты, — дейді кондуктор Райхан Құдабаева.

Анықтайғандай, зейнеткерлер картамен есептессе, жолақысы 40 теңге болады екен. Бірақ қолма-қол ақшамен 150 теңге төлеуге тиіс. Сондықтан автопарк басшылығы өз қызметкерлерін ақтап отыр. Сонда да олар жанжал тудырғаны үшін кондукторға сөгіс жариялап, түсініктеме алған.

«Қазір өзінің құқығын қорғау мақсатында екі тарап бір-біріне қарсы арыз жазып отыр. Соған байланысты әзірге ескертумен кондукторды да, жүргізшіні де жұмысқа қостық. Құзырлы органдардың тергеу амалдары нәтижесіне сәйкес біз әрі қарай қосымша шара қолданамыз. Қазір бұл оқиғаға қатысты полицейлер әкімшілік іс қозғаған. Екі тарап та бір-біріне дене жарақатын салғандықтан, сот-медициналық сараптама тағайындалған», — деді «Автопарк» ЖШС-нің директоры Ақарыс Тілеулесов.

Рубрика: