Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

 

Қор қызметкерлері іссапарға 53 млн теңгеден артық ақша жұмсады

Бұл туралы  «Халық үні» ақпарат агенттігі хабарлады деп жазады altyn-orda.kz

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры инвесторларының дивидендтік кірісі 14%-ға өсті, делінген қордың 2021 жылғы қаржылық есебінде.

2021 жылы БЖЗҚ дивиденттік кірісі 29 млрд теңгеден асты, 2020 жылы көрсеткіш 25,4 млрд теңге болған еді.

Инвестициялық табыстың өсуі бірінші кезекте қазақстандық компаниялардың акцияларының өсуіне тікелей байланысты. Зейнетақы қоры акцияларын сатып алған «Халық банкі» АҚ-ның жай акциялары қордың жалпы инвестициялық табысының 44,5%-ын, «Қазатомөнеркәсіп» АҚ акциялары 26,9%-ын, «KEGOC» АҚ акциялары 10,3%-ын, «Халық банкі» АҚ депозитарлық қолхаттары 4,8%-ын және «ҚазТрансОйл» АҚ акциялары 4,7%-ын құрайды. 2020 жылы бұл эмитенттердің бағалы қағаздары да дивиденд бойынша ең тиімді болып шықты.

Сонымен қатар, депозитарлық қолхаттар мен «Kcell» АҚ қарапайым акциялары, «Forte Bank» АҚ қарапайым акциялары, Fincraft Resources артықшылықты акциялары және RIOINTO PLC қарапайым акциялары өз инвесторларына нақты дивидендтер әкелді.

ҚАРАЖАТТЫҢ БАСЫМ БӨЛІГІ ШЕТЕЛДІК КОМПАНИЯЛАРҒА БЕРІЛГЕН?

2018 жылдың наурыз айында БЖЗҚ активтерінің бір бөлігі (ол кезде 0,8%) сыртқы менеджер – Aviva Investors Global Services Limited басқаруына берілді. Кейін басқаруға тағы төрт компания тартылды. БЖЗҚ-ның аудиттелген қаржылық есептілігі негізінде 2021 жылы 2020 жылмен салыстырғанда активтер сыртқы басқарушыларға басқаруға 69,3%-ға көп берілді. Егер 2020 жылы олар 816,5 млрд теңгенің активтерін басқарса, 2021 жылдың өзінде 1 трлн 382 млрд теңгені құрады.

2021 жылы 8 шетелдік басқарушы компания зейнетақы активтерінің бір бөлігін басқарды. Олардың ішінде ең ірілері Pgim Limited (336,7 млрд теңге), Principal Global Investors (Europe) Limited (332,9 млрд теңге) және HBC Global Asset Management (UK) Limited (230,3 млрд теңге). Бұл үш компанияның басқаруындағы қаражат сыртқы басқаруға берілген зейнетақы активтерінің 65,1%-ын құрады.

Зейнетақы қорының есептері бойынша шетелдік компаниялардың инвестициялық басқаруындағы активтер бойынша таза пайда 2,8 есеге өсті. 2020 жылы 50,2 млрд теңгені құраса, 2021 жылы 140,9 млрд теңгеден асады.

Бір жылда қордан жинақталған төлемдер көлемі 14,9 есеге өсті. Егер 2020 жылы БЖЗҚ осы мақсаттарға 193,4 млрд теңге бөлсе, 2021 жылы – 2 трлн 882 млрд теңге. Себебі, қазақстандықтарға артық зейнетақыны тұрғын үй жағдайын жақсарту, емделу немесе сенімгерлік басқаруға беру үшін пайдалану құқығы өткен жылы берілген болатын. 2021 жылы салымшылар тұрғын үй жағдайын жақсарту және емделуге ақы төлеу үшін БЖЗҚ-дан 2,5 трлн теңге шығарды, бұл төлемдер сомасының 89,7%-ын құрайды. Төлемдердің қалған сомасы басқа мақсаттарға бағытталды. Мәселен, төлемдердің қомақты сомасын зейнет жасындағы қазақстандықтар – 99,8 млрд теңге, мұрагерлер – 51,8 млрд теңге және Қазақстаннан кеткендер – 37,1 млрд теңге алған.

ҚОРДЫҢ ӘКІМШІЛІК ШЫҒЫНДАРЫ ӨСТІ

Жылдық есепке сүйенсек, қордың 2021 жылғы қордың әкімшілік шығындары 15%-ға өсіп, 2021 жылы 4,3 млрд теңгені құрады, 2020 жылы көрсеткіш 3,7 млрд теңге болған еді.

Соның ішінде іссапарға кеткен шығын 2,8 есе өсіп 53,3 млн теңгеге жетті.

Әкімшілік шығындарға жатпайтын қызметкерлерге кеткен шығындар былтыр өзгеріссіз қалды. 2020 жылы қор бұл мақсаттарға 7,8 млрд теңге, 2021 жылы 7,9 млрд теңге жұмсаған.

Ал төленген сыйақылар 2021 жылы 2,4% өсіп 228,1 млн теңгені құраған. Бұл қаражат басқарма мен дректорлар кеңесінің мүшелеріне төленді.

ЖАРНАЛЫҚ КІРІС АЗАЙДЫ

БЖЗҚ-ның 2021 жылға арналған меншікті активтері бойынша тексерілген есебінің деректеріне сүйенсек, қордың жарналық кірісі бір жылда 2,8 есеге азайған. 2020 жылы олар 42,6 млрд теңгені құраса, 2021 жылы 15,2 млрд теңгеден аспады.

Сонымен қатар, 2021 жылы қордың комиссиялық шығындары 6,3 есеге қысқарды. 2020 жылы ол 11,1 млрд теңгеге жетсе, 2021 жылы 1,7 млрд теңгеден аспады. Мұндай шығындардың құрылымына қарасаңыз, соңғы екі жылдағыдай олардың ішінде ең көп үлесті Ұлттық Банктің зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару жөніндегі қызметтері үшін комиссиялық шығындар алып отыр. 2020 жылы олардың үлесі қордың барлық комиссиялық шығындарының 64%-ына, 2021 жылы 32%-ға жетті.

Рубрика: