Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Қайырымдылықпен айналысып, елге танылған блогер Айдын Тоқсанбаева бірнеше күн бұрын баласының оң көзіне жасалуы керек операцияны дәрігерлер салғырттығынан сол көзіне жасады деп шағымданған болатын. Ол кінәлілердің өз істегендерін алғашында мойындамағанын және баласының қазіргі жағдайы туралы Stan.kz ақпарат агенттігіне айтып берді. 

“Алғашында менен ешкім де кешірім сұраған жоқ. Керісінше менің айтқандарымды дұрыс емес деп қарсы шығып, істеген істерін мойындамады. Кейін олар менің бір келісімге келуімді өтініп үндемеу үшін не істейік деген секілді ұсыныстар айта бастады. Кейін мен кешкісін таныстарым арқылы әйтеуір дегенде бас дәрігердің алдына бардым. Ол сол жерде менен кешірім сұрап, операция жасаған дәрігерді жұмыстан шығару туралы өтінішті көрсетті. Болды содан кейін мен олармен сөйлеспедім!”- деді анасы Айдын. 

Айтуынша операция алдында талқылау жиыны болмаған. Қазір сол отаға кірген төрт дәрігердің жауапты деп танылған тек біреуінің жұмыстан шығарылатыны туралы естіген. Ал қалғандары онсызда маман жетіспейтін ауруханадан шығарылмайды екен. 

“Ешкім ота алдында сараптамалары бар құжатты ашып қарамаған. Тіпті менде барлық дәлелдер бар. Дәрігердің көмекшісінің өзі қай көзіне операция жасалатынын білмегенін мойындап отыр. Басында біз ауруханаға жатқан кезде сол мекеменің бас дәрігерінің өзі бізді қабылдауы керек болған. Ота алдында да алдымен менімен сөйлесіп талқылап барып, әрекет етілуі керек болған. Алайда бұлардың бірі де орындалмады. Қазір бірдеңені дәлелдеймін деп салғыласудан пайда жоқ. Тек көңілімнің түсетіні жұмыстан шығарылатын кінәлі дәрігер бәрібір басқа жаққа да барады. Ол жақта мұндай жағдайлардың қайталанбасына кім кепіл?”- деп қосты Айдын. 

Оң көзін емдеймін деп жүріп сол көзіне зақым тие ме деген ана баласының қазіргі жағдайын да айта кетті.

“Қазір баламның жағдайы өте жақсы. Тек таңертең оянған кезде ғана былшықтар жиналып, көзін аша алмай қиналды. Бірақ оны сумен жуып тазалағаннан соң ештеңе болмағандай жүгіріп, ойнап құдайға шүкір жақсарып келеді. Оң көзі туралы дәрігерлер жақсарды деп айтуда. Алайда мен отадан соң баланы қайта-қайта тексерістен өткізе алмаймын ғой. Өзім үшін балама келесі аптаға білікті деген таныс дәрігердің қабылдауына жазылып қойдым”,- деп бөлісті ол.

Оқиға желіде қызу талқыланып жатыр. Бірі бұл отаның жасалу тәртібі осындай, шу шығарып, ел назарын бұлай өзіне аударудың жөні жоқ десе, бірі блогерге қолдау беріп, жылы сөздерін аямауда.

“Желідегі порталдардың бірінен көріп қалдым, кейбір дәрігерлер мені бәле іздеген әйел, қайырымдылықтың ақшасын жеген жемқор деп пікірлер жазыпты. Сондықтан өз парақшама да жарияладым. Кім не десе де нақты дәлелмен сөйлесін. Менде әрқашан айтқан сөздерімнің астарында дәлел мен есеп бар. Жалған жаладан аулақпын. Ораза айында ғана емес, әркезде де тек дұрыс жолмен жүрейік. Жалған сөйлеп күнаға батпаңыздар!”- деп жауап берді Айдын пікір жазған оқырмандарына. 

Қазір блогер өзге де науқастардың осындай оқиғаға тап болмасына алаңдаулы екенін айтады.

Еске салсақ баласының оң көзіне жасалуы керек отаны сол көзіне жасап әкелген дәрігерлерге шағымданған ана парақшасына жан айқайын жариялаған болатын.

 

Рубрика: