Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Қасым-Жомарт Тоқаевқа асыл тұқымды ахалтеке арғымағы мен түрікмен тазысының күшігін сыйға тартты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли айтты. 

 

«Ашхабадтағы жылқы кешенін аралап көру барысында Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа асыл тұқымды ахалтеке арғымағын сыйлады. Бұдан бөлек еліміздің басшысына түрікмен тазысының күшігін сыйға тартты», — деп жазды Берік Уәли. 

Түрікмен телеарнасының хабарлауынша, Қазақстан басшысына Ганатлы (Қанатты) атты ахалтеке жылқысын түрікмен халқының атынан Гурбангулы Бердімұхамедов сыйға тартты.

Содан кейін вице-премьер, ахалтеке жылқы шаруашылығы халықаралық қауымдастығының президенті және «Түрікмен алабайлары» халықаралық қауымдастығының президенті Сердар Бердімұхамедов Қазақстан басшысына Говхер (Алмаз) атты түрікмен тазысын сыйға тартты.

Тоқаев Қазақстан халқына құрмет көрсеткені және керемет сыйлықтары үшін алғыс айтты. Қазақстан басшысы Түрікменстан президентінің күш-жігерінің арқасында дамып келе жатқан екіжақты қарым-қатынастар екі мемлекет пен халықтардың мүдделеріне сай келетінін атап өтті.

Айта кетсек, Қазақстан басшысы Түрікменстанға іс сапармен барған болатын. Сапар барысында екі ел делегациясының шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздері өтеді деп жоспарланған.

Тараптар қазақ-түрікмен стратегиялық серіктестігінің жағдайы мен даму перспективаларын, сондай-ақ күн тәртібіндегі өңірлік және халықаралық мәселелерді қарастырады.

 

 

 
 

 

Рубрика: