Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

 

Стамбұл төрінде дүркіретіп той жасаған Айнұр Тұрсынбаева бірнеше күннен бері ел аузында. Ақынның ұлы Беклан мен Мадинаның шаңырақ көтерген қуанышын Instagram арқылы 50 мыңға жуық адам тікелей эфирде тамашалады. Оқырмандар арасында жастар үшін қуанып жатқандар да, Тұрсынбаеваны «тойынған» деп сынағандар да бар. Ал ақынмен аралас-құралас әріптестері оған тіл тигізгендерге жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Мәселен, Мейрамбек Бесбаев Түркияда өткен тойдан алған әсерімен бөлісті. 

«Беглан балам кішкентайынан көз алдымда өсті. Кішіге ізетін, үлкенге құрметін көрсетіп тұратын нағыз азамат. Бүгін міне келінмен бірге қол ұстасып үлкен өмірдің есігін аштыңдар. Жанұялық өмірде тек жақсылық көруіңе тілектеспін. Бұл әкең мен шешеңнің сан жылдар бойы сағына күткен қуанышы. Сол қуаныш ұзағынан сүйіндірсін. Жалпы түгел түркі әлемінің астанасына айналған Стамбулдағы той барша достардың басын қосқан керемет кеш болды. “Құтты болсын”-деудің орнына, ел ішінде төріне төрт адам отырғызып көрмеген кейбір жандар ғайбаттап жатыр екен. Өздері білсін. Жүйелі қарғыс жүйесін, жүйесіз қарғыс иесін таппай ма? Айтыстың аламанында дара шапқан @aidyn_nury Айнұрдың бағасы ел алдында қашанда биік. Айнұр тойың құтты, басың аман, бауырың бүтін, төңірегің түгел болсын. Ұрпағыңмен мың жаса», — деп жазды ол.

Сондай-ақ, айтыскер ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұхаммеджан Тазабек Тұрсынбаеваның ер адамға бергісіз мінезі жайлы айтты. 

«Жалпы, Айнұр елдің бәріне тілектес, жұрттың қуанышына олардан бетер қуанып жүреді. Содан да шығар, Алла пейіліне беріп жатыр.
Ақшамен, атақпен осыншама адамды жинау қиын. Алла берген абыройдың арқасы ғой. Үлкен тойды бір деммен, тап-тұйнақтай ғып өткізу, оның үстіне Стамбул төрінде өткізу үлкен іскерлікті, қажырды талап етеді.

Айнұрға өзім таң қаламын. Пенде үшін ең басты байлық имандылық болса, оны да Алла нәсіп етті. Алланың бұйрығы деп орамал тартты. Тартып қана қойған жоқ, ұятты қыздардың намысын жыртып, қажетті жерге хат жазып, тиісті жерге тілегін жеткізді.

Айтыста алдына адам салмады. Ғұмырымда екі ақыннан жеңілсем, соның бірі Айнұр.

Заманның құбылысын ерте бағамдап, экранды да, әлеуметтік желіні де өзінің қажетіне бағындырды. Қаншама сәтте қажығанға қайрат беріп, шаршағанға шабыт сыйлады.

Қайырымдылықтың жеті атасын түгендеп, жеті жұрттың қамын жеді.
Алла берген мейірімнің арқасында үміті өшкеннің сенімін оятып, қалтасы бостың уысын ризыққа толтырды.

Тағдырдағы қиындыққа сынбау, сүрінсең қайта тұрып харекет жасаудың қазақ әйеліне тән үлгісін көрсетті. Әйел түгілі еркек басымызбен кейде Айнұрға қарап жігерленеміз, сыртынан сүйсініп, сілкініп аламыз.

Сомадай басымен сөзден қорқып, таудай тұлғасымен тұрып бере алмайтындарға қарағанда Айнұр достыққа адал, өзім деген адамға өзегін жұлып берердей жанашыр тұлға. Әрдайым, елдің басын қосып жүреді. Әсіресе бірге жүргенді ажырататын, танымағанға да тас лақтыратын, жақсыға жала жабатындар көп заманда мұндай қасиет қазақтың бір олжасы деп есептеймін.

Айнұр, балалар бақытты болсын! Солардың қызығын көр. Кешелі-бері қаншама тілектес жұртың бата беріп жатыр, бәрі қабыл болсын!» — деп жазды Мұхаммеджан Тазабек. 

Рубрика: