Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев Ресей нөмірімен жүрген көліктерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

«Мәселе ол көліктерді тіркеуде ғана емес. Ішкі министрлігінің мәліметінше кейбір көлік құралдарына Ресей Федерациясында іздеу жарияланған, ал кейбір көліктерді тіркеуден мүлдем шығарып тастаған. Он емес, мыңдап саналады. Демек ондай көліктерге жай нөмірді таға салған. Ресейде де тіркеуде жоқ, криминалдық және ұрланған көліктер ғой», — деді Шындалиев журналистерге берген сұхбатында.

«Ол көліктерді пайдаланып отырған адамдардың әрекеті заңсыз болып саналады. Бәріміз – Қазақстан азаматымыз. Заңға бағынуымыз қажет, заңды құрметтеуіміз керек. Заңда көлікті тіркеуге қою қажет деп жазылған ба, оны тіркеуге қою керек. Оны халықтың қауіпсіздігі үшін жасайды ғой», — деп атап өтті Шындалиев.

Осы орайда бас прокурордың орынбасары Ресей нөмірімен жүрген көліктерді себепсіз тоқтатпау мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, адам өз еркімен заң талаптарын орындап, еш жерде тіркелмеген көлікті заңдастыруы қажет.

Айта кетсек, жақында ресейлік нөмірмен жүрген көліктерді жаппай тексеру шаралары басталды. Себебі көрші елден криминалдық көліктер әкелінгені анықталды. Ішкі істер министрлігі сақтандыру компанияларынан Қазақстанда ресейлік нөмірмен жүрген көліктер туралы қажетті ақпарат алды. Ресейдің ішкі істер органдарына да сұрау салынды. Ол жақта Қазақстанда жүрген 88 мың көліктің тіркеуде тұрмағаны расталды.

 

Оның айтуынша, еш жерде тіркелмеген және ұрланған көліктерді пайдалану заңға қайшы.

Рубрика: