Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Шымкентке саяхаттап келген National Geographic журналының жиһанкезі, фотограф Герд Людвиг қаладан алған әсерімен бөлісті деп хабарлайды Dalanews.kz. Бұл Герд Людвигтің Шымқалаға алғашқы келісі емес. Осыдан 30 жыл бұрын Қазақстан егемендік алған тұста шаһарды емін-еркін шарлап, Шымкенттің райын таспаға түсіруге тырысқан.

КСРО шекпенінен шыққан елдердің сол тұстағы жағдайынан хабар беретін Broken system `(“Бұзылған жүйе”) атты фоторепортаж әзірлеген. Герд Людвиг National Geographic журналының ардагері. Осынау басылымда 30 жыл бойы тер төгіп, оқырманға талай тамаша туындыларды тарту еткен әйгілі фотограф осыдан ширек ғасырғы бұрынғы Шымкенттің кескін-келбетін ұмыта қоймағанын айтады. Осы сапардағы суреттері әзір болғасын, шаһардың отыз жылдағы өзгерісі туралы арнайы жоба әзірлемек.

“Қазақ жеріне алғаш рет 1991 жылы табан тіредім. Ол тұста Қазақстан енді-енді егемендік алған, балаң ел еді. Нарықтық экономиканың алгоритмдерін меңгере қоймаған, жаңа заманның үрдістерін жаңа-жаңа тани бастаған шағы болатын. 

Одан кейін де дәм-тұз тартып, бірнеше рет келіп кеттім. Қазақ жерінің адамды баурап алатын тартылыс күші бар. Содан да шығар сіздерге келген сайын ерекше энергия алып қайтамын”, – дейді Герд Людвиг. Фотограф

Қазақстанның флора мен фаунасынан бөлек, адамдарымен жүздесіп, олармен әңгіме-дүкен құрғаннан ерекше әсер алатынын айтады. Қазақтың бойындағы кеңдік пен дархандық Батыс әлемінде сирек кездесетін құбылыс. “Мұнда келген сайын соның алдында көзіңе түспеген жайттарға куә боласың, өзіңе бейтаныс елді жан-жақты тани түскің келеді. Осы елмен біте қайнасып кеттім. Содан да болар Қазақстаннан шақырту түссе, әркезде, әруақытта қуана қабылдаймын”, – дейді фотограф. Араға отыз жыл салып барып Шымкентке оралған Герд Людвиг сапарының әлқиссасын шаһардағы дәмханаларды аралаудан бастаған екен. Айтуынша, сол арқылы қаладағы сервиске шынайы баға беруге болады. 

“Қалада жасыл-желек көп. Бүгінгі заман үшін бұл сирек кездесетін құбылыс. Ағаштар оталып, оның орнына зәулім сарайлар, түрлі-түрлі бизнес нысандар салынып жатқан шақта Шымкентті жасыл-желек көмкеріпті. Бұл қала тұрғындарына күні бойғы қарбаластан кейін кең тыныстауына мүмкіндік беретін орта.

Шыны керек, қаланы суретке басып, оның колоритін қалың аудиторияға жеткізу қиынға соғады. Суретті сөйлету үшін, шаһармен біте қайнасуың керек. Сондықтан да алдымен Шымкенттегі жасыл-желекке көңіл бөлдім. Ағаштың көлеңкесіне саялап отырған тұрғындармен тілдестім”, – дейді фотограф. Герд Людвиг шымкенттік сервиске бөлек тоқталған екен. Айтуынша, қала тұрғындарының қонақжайлығы мен дәмханалардағы қызмет көрсету деңгейі Шымқаланың қонақ күтуге бейімделгенін, әрі орасан зор туристік потенциалы бар екенін дәлелдейді.

“Қазақстанда, оның ішінде Шымкентте жүрген бір айға жетер-жетпес уақытта 3-4 келі салмақ қостым. Бұл шаһар тұрғындарының шынайы көңілі мен пейілінің нәтижесі.

Дастарханнан дәм татуға шақырып, сүт қатқан шайы, қызыл-күрең бауырсақты алдыңа тосқанда қалай ғана бас тартасың?! Батыста мұндай “дәстүр” жоқ. Қонақ күтудің шымкенттік үлгісі болашақта талай туристі осы қалаға тартып тұратын болады.

Жылқы еті? Ол маған таңсық емес, бала кезімде дәмін татым көргенмін”, – дейді Людвиг мырза.

Айтуынша, Шымкенттің айналасындағы тарихи-мәдени нысандар қаланың туристік потенциалын үстемелей түсетін мүмкіндік. Әйгілі фотограф қала іргесіндегі Ақмешіт үңгірінен ерекше әсер алғанын айтады. “Бұл үңгірді туристерге танымал ету қажет. Өзіндік аурасы бар. Адам жаны тынышталып, рахатқа бөленесің. Менің естуімше, Шымкентті “қызғалдақтар қаласы” деп атайды екен. Бұл бөлек әңгіменің арқауы. Қызғалдақтар көздің алады. Бұдан асқан әдемі көрініс жоқ.

Қала тұрғындары? Шымкенттің жастары елгезек, еркін ойлы, белсенді екенін аңғардым. Көпшілігі ағылшын тіліне жетік, менімен тілдескенде мүдірген жоқ. Технологияның құлағында ойнайтын талай талантты жасты кездестірдім. Шымкенттіктердің мінезі жұмсақ, шынайы, сыпайы, дәмханалары адамды алғаусыз ықыласпен құшақ жая қарсы алады. Қонақжайлылық туризмді дамытудың басты кепілі”, – дейді жиһанкез.

kaz.nur.kz

 

Рубрика: