АЛТЫНОРДА
Cпорт жаңалықтары

[:kz]Сәкен Бибосынов: Олимпиада сыйақысына екі ағама үй алып беремін деп уәде бердім[:]

[:kz]

 

Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, боксшы Сәкен Бибосынов жартылай финалдағы ойынға төрешілердің берген бағасы, қола жүлде үшін алған сыйақысын қайда жұмсайтыны және жеке өміріне қатысты Аман Тасығанның TalkLike жобасына сұхбат берді, деп хабарлайды Stan.kz.

Жартылай финалда жеңіліске ұшыраған Сәкеннің көз жасы елдің есінде. Боксшы халқына алтын сыйлай алмағанына өкінеді.

“Барлық спорт түрлерінен алтын болмай жатқан соң, қалай да алтын алуым керек деп жекпе-жекке жақсы «настроймен» шықтым. Жекпе-жекті 3-4 мәрте қайталап көрдім. 1-ші раундтың алғашқы минуттарында ғана қарсылас алға жүріп, соққыларын тигізді. Сосын ортадағы төреші маған нокдаун ашты. Бірақ ол нокдаун ашатын соққы болды деп ойламаймын.

2-3 минутында артқа жұмыс жасап, соққыларымды тигізген сияқты едім. Бұрышқа келгенде бапкерлерім 5 төрешінің қарсыласқа бергенін айтты. Өз бапкерім 2-ші раундқа басқаша тактика қойып берді. Жақсы өнер көрсетіп, бір орында қалмай, 3-4 соққымен жауап қайтарып отырдым. Қарсыласым тек алға жұмыс жасайтын еді, өзі түсінбей қалды-ау, артқа жұмыс жасады.

Сәкен 3-ші раундқа осы кезге дейін жиған бар күшін салғанын айтады. Ол бапкері Мырзағали Айтжановты, елін қуанту үшін соңғы демі қалғанша күрескенін атап өтті. 

 

“Жеңіске жеттім деп ойладым. Бірақ төрешілер олай ойламай, жеңісті қарсыласқа бұрмалап жіберді. Көз жасқа ерік бердім. Еліме алтын сыйлай алмадым, қазақтың әнұранын ойната алмадым деген көз жас қой. Өзінің жеке шәкірттерінің арасында Олимпиада чемпионы болмаған соң, бапкерімді де қуантамын деген ой болды. Сол мақсаттарыма әттең-ай жете алмай қалдым ғой деп көз жас шықты«, – деп ағынан жарылды Сәкен.

13 жасынан бастап бокспен шұғылданған Сәкен спорттың бұл түрінде әділетсіздік көп кездеспейді деп кесіп айтты. 

«Олимпиада ойындарында ширек, жартылай финалда кішкене бұрмалаушылықтар болды. Басқа жағдайда көбіне әділетті өтеді», – деді ол.

Сәкеннің бокспен шұғылдануына анасы о баста қарсы болыпты. Баласының таяқ жеп, соққы алғанын көруге жүрегі шыдамаса керек, анасы Сәкеннің жекпе-жектерін мүлдем көрмейді екен.

«Анам басында: «Бокста не істейсің? Таяқ жеп, жарақат аласың, басың ауырады, барма» деп  қарсылық танытты. Бірақ боксқа қатты қызығып тұрғанымды көрген соң «жоқ» дей алмады. Үйден қашып, қайта-қайта боксқа барып жүргенімді көрген соң, разылығын берді. Анам осы уақытқа дейін шаршы алаңға шыққанымды теледидардан көрмеген. Біткен соң ағаларымнан нәтижені сұрайды», – дейді Бибосынов.

Сондай-ақ Сәкен қола жүлде үшін мемлекеттен берілетін сыйақыны қайда жұмсайтынын айтты.

«Үйде үш ағайындымыз, бірге тұрамыз. Жақсы нәтиже көрсетсем, бізді марапаттап, қаржылай сыйлық берсе, екі ағама үй алып беремін деп анама уәде бердім. Үш бала бір үйге сыймаймыз. Ағаларыма үй алып беріп жатсам, анам марқайып қалады деп ойлаймын», – дейді Сәкен.

Көптің көзіне түскен сері жігіт жеке өміріне қатысты да құпияның шетін ашты. Ол жүрегін жаулаған арудың бар екенін жасырмай айтты.

«Екі айдан соң әлем біріншілігі болады. Қатысып, жақсы нәтижемен келген соң, жеке бапкерімнің рұқсатымен, отау құрсам деген ниетім бар.
Ол кісі рұқсат бермесе, үйленбей тұрамыз. Қаншама сіңірген еңбегі бар, үлкенді сыйлаймыз», – деді Сәкен.

[:]