Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Адам құқығы және заңдылықты сақтау бюросының өкілі, құқық қорғаушы Андрей Гришиннің айтуынша, митинг өтіп жатқан аумақта интернет өшірілген.

Бүгін Алматыда орталық алаң маңына Жанболат Мамай бастаған демократиялық партия құрғысы келетін бір топ адам жиналып, жұртты сайлауға бойкот жариялауға үндеді, деп хабарлады Азаттық радиосы.

«Сайлауға бойкот!», «Назарбаевтар әулеті биліктен кетсін!» деп ұрандап, Тәуелсіздік монументіне қарай жылжыған топты Назарбаев пен Сәтбаев көшелері қиылысында әкімдік өкілдері күтіп алып, оларға шерудің «заңсыз» екенін ескертті. Сәлден соң оларды арнайы жасақ қоршап алып, ілгері жылжытпады. Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы, «Нұр Отан» мүшесі Рахман Алшанов бастаған бірнеше адам келіп, «Демпартия» өкілдерін «елдің тыныштығын бұзғысы келіп жүр», «халықты арандатқысы келеді» деп кінәлады. Ал наразылар «бойкот» деп айқайлап, оларды «тарауға көндірмек болған» билік өкілдерімен сөйлеспей қойды.

Адам құқығы және заңдылықты сақтау бюросының өкілі, құқық қорғаушы Андрей Гришиннің айтуынша, митинг өтіп жатқан аумақта интернет өшірілген. Азаттық оқиғадан тікелей эфирде хабар тарата алмады.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, орталық алаңда қоршауда қалған 20 шақты адамға екі жақтан жақтастары қосылғысы келгенмен, қара маска таққан күштік құрылым өкілдері оларды жібермеген.

Бір сәт тараптар арасында жанжал да туындаған. «Демпартия» өкілдері алаңның ортасына қарай жылжу үшін арнайы жасақты қалың нөпір болып итеріп, шамамен 10 метр жерге жылжи алған. Бірақ күштік құрылымдар саны толықтырылғаннан кейін полиция оларды итеріп, бұрынғы орнына қайта апарған. Арнайы жасақ наразылардың бірін аяқ-қолынан ұстап, көтеріп әкетпек болып еді, партия өкілдері «жібер, жібер!» деп талап еткеннен кейін босатып жіберген.

Рубрика: