АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Тамақтандырып, қонатын жер тауып берді, жылы киімдерге дейін әкелді: Қырғыз бауырлар шетте қалған отандастарымызға қол ұшын созуда[:]

[:kz]

 

Елімізде орын алған жаппай тәртіпсіздіктер салдарынан әуе қатынасы тоқтаған болатын. Соның салдарынан жырақта жүрген қазақстандықтар отанына орала алмай, шетелдегі әуежайларда түнеуге мәжбүр болған. Осындай қиын-қыстау сәттерде бауырлас қырғыз елі барынша отандастарымызға қолдау көрсетті. Stan.kz тілшісі қырғызстандық еріктілермен тілдесіп, Қазақстан атынан алғысын айтты. 

Елдегі тәртіпсіздік салдарынан әуе рейстері тоқтатылып, желілер мен карта жүйелері бұғатталды. Осы тұста өзге мемлекеттерге шыққан көптеген отандастарымыз Қазақстанға қайта алмай біраз қиналды. Қырғызстан арқылы оралуды көздеген жолаушылар Бішкек қаласына келіп рейстерді күткен, кейбірі шекара арқылы қатынауға тырысқан. Алайда жағдай ушығып, бірнеше күн бойына шет мемлекетте қалып қойған. 

Осы орайда көршілес қырғыз бауырлар қолдау білдіріп, жан-жақтан жабыла жәрдемдесіпті. Солардың бірі –

Мәскеудегі қырғыз диаспорасының төрағасы Қуанычбек Оспанов. 

“Мәскеудегі қырғыз диаспорасының өзінің арнайы call-орталығы бар. Мұнда жұмыс істейтін қырғыз бауырларымыз хабарласып тұрады. Сол күні бір отандасымыз байланысып Домодедово атындағы әуежайда Air Astana рейстері кешігіп қазақстандық бауырлардың қалып қойғаны туралы айтты. Олардың саны 70-80 шақты болды. Мәскеуде таныс, туыстары барлар сонда кетіп, қалған бауырлар әуежайда қалғанын және карталарының бұғатталып, ақша ала алмай жатқандарын естідік. Баратын жерден бөлек, тамақ алу оларға қиынға түсіп жатқанын ұғып, басқа да диаспоралармен жиналып, палау, салат, тіскебасарларымызды алып бардық. 40 адамға есептеп апарған болатынбыз. Сол кезде әуежайда 30 шақты адам қалыпты. Келесі күні де қолдауға дайын болдық. Алайда рейс ашылып, бауырластарымыз отанына жіберілді. Осылайша қолдан келер көмекті аямадық”, – дейді Қуанычбек Оспанов.

Куанычбек Мәскеу қаласында жүріп, барлық диаспоралардың басын қосып, сол қалада қалып қойған қазақтарға қол ұшын созса, Қырғызстандықтар өз елдерінде жиналып Бішкек пен басқа да қалаларда тұрақтауға мәжбүр болған отандастарымызға жәрдемдескен.

Бүгінде Қырғызстанда түрлі ұйымдар мен волонтерлардан бөлек қарапайым халыққа дейін шетелден Бішкек қаласы арқылы оралмақ болған қазақстандықтарды күтіп алып, шекараға дейін шығарып салуда. Бішкектен Алматыға ұшатын рейстер тоқтаған кезде абдыраған қазақ жолаушыларын көптеген көршілес бауырлар телеграмм желісі арқылы жинап, тұрақтайтын үйге шақырып, қол ұшын созған.

“Менің есімім Олеся. Біз бұған дейін “Қайнар” атты үйсіз жануарларға фонд ашып түрлі қайырымдылық жасап жүрдік. Бұл жолы бауырларымызға демеу береміз деп шештік”, – дейді көршілесіміз.

“Біздің қорымыздың директоры Ружичка Илья Игоревич бүгін қазақстандық қызды қарсы алып, Қордайға шығарып салды. Енді таңғы 5:30-да Тбилиси қаласынан келетіндерді күтіп алмақшы”, –  деді Олеся.

Бішкектен Алматыға бағыт алған жолаушыларға қырғыз бауырлар әуежайға азық-түлік әкелген. Тіпті жылы киімдер, шұлық, кішкентай сәбилердің памперстеріне дейін жеткізген.

“Менің есімім Дана. Болған жағдайды ести сала 6 қаңтар күні телеграмнан “Бішкек арқылы үйге” арнасын құрдық. Достарымыз да қолдап, бәріміз біріктік. Бүгінде арнада 5 мыңнан аса жазылушы тіркелген. Қиналған қазақстандықтар біз туралы ақпаратты естіп хабарласып, көмек алуда. Біз де қолымыздан келгенді аянып қалмаймыз. Бұның бәрі – шын жүректен жасалынып жатқан жұмыстар. Қиын сәтте демеу біздің міндетіміз деп білемін. Сондықтан көмек көрсету жағынан аянып қалмаймыз”, – деді ерікті.

[:]