АЛТЫНОРДА
Әлеумет

[:kz]Күндіз-түні қарауылдаймыз»: Алматыда тәртіпсіздіктер кезінде қаза тапқан азаматтың зиратын жақындары күзетуге мәжбүр[:]

[:kz]

Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде қаза тапқан Аңсар Исламның зиратын жақындары 2 сағаттан кезектесіп күзетуде. Өйткені Шымкент қаласының полиция департаменті сараптама жасау үшін марқұмның мәйітін қайта қазып аламыз деген хабарлама жіберген. Мұны естіген Аңсардың жақындарының Жас жігіттің оққа ұшқанын растайтын сот-медициналық сараптама қорытындысы бола тұра, полицейлердің сүйекті қайта қазамыз дегені күмәнді екенін айтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап. 

Аңсардың туыстары қабірді ашқан соң марқұмды террорист қатарына қосып, мүрдені кері бермей қояды ма деп күдіктенеді. Сондықтан полицейлерден қорғау үшін бейіт басына кезекшілік қойған. Марқұмның нағашы әжесі мен атасы да қара суыққа қарамастан күзетке шыққан. Қариялар жақында ғана арулап, жер қойнына тапсырған немересіне полицейлер тыныштық берсе дейді. 

Жақындарының сөзінше, Аңсар 5 қаңтарда Алматыдағы бүлік кезінде қаза тапқан. Ал 7 қаңтарда туыстары оның мүрдесін жер қойнына тапсырыпты. Қолдарында Аңсардың оққа ұшқанын дәлелдейтін сот-медициналық сараптаманың қорытындысы да бар. Соған қарамастан арада бір апта өткен соң полицейлер марқұмның мүрдесін қайта қазу туралы ескертпе жіберген. Осыдан кейін туған-туыс жиналып, зират басын торуылдауда. 

«Иә, күндіз-түні осында қарауылдаймыз. Кезекпен тұрып жатырмыз бала-шағамызбен», — дейді марқұмның нағашы атасы Жарылқасын Жандарбеков.

Бұл хабар бәрінен бұрын Аңсардың анасы Жазираға ауыр тиген. Сөзінше, Аңсар әскери қызметкер болуды армандаған. Тіпті жұмысқа тиісті құжаттарын да тапсырып қойған. Бірақ оған дейін такси жүргізушісі болып істей тұруды ұйғарыпты. Сол қаралы күні көшеге көлігінің майын ауыстыруға шыққан екен. Бірақ көшедегі адамдар легінен қозғала алмай, көлігін жақын маңдағы үйлердің ауласына кіргізген. Ал өзі жол жиегіне шыққан бойда оққа ұшқан. Сондықтан анасы өз жөнімен кетіп бара жатып қаза тапқан ұлының мүрдесін қорлатпайтынын айтады. 

«Мәйітханадан берген сараптама бар. Осы сараптамаға қарамастан, мүрдені қазып алуға қайтадан сараптама шығарамыз деген. Ал мен қарсымын. Мүрдені қаздырмаймын. Өліп кетсем де қаздырмаймын», — дейді Аңсардың анасы Жазира Жандарбекова.

Аңсар – үйінің ортаншысы. Осыдан екі ай бұрын шаңырақ құрған.

Шымкент қаласы Полиция департаменті марқұмның мүрдесін не себепті қаздыру керек деген шешім шығарғандары туралы ақпарат бермеген. Ал тергеушісінің қаулысында марқұмның денесін ағасы сараптама жүргізілместен алып кеткені көрсетіліпті. 

Құзырлы органда мәйітхана тек қайтыс болғаны жайлы анықтама бергендігін алға тартқан. Сондықтан мәйітті қазып алуға қаулы шығарған. Ресми орган марқұмның жақындарына мұның қылмыстық іс аясындағы тергеу амалы екенін, сондықтан туыстарының келісімі қажет емес деп түсіндіріпті.

[:]