АЛТЫНОРДА
Новости

Жеңіс Сәдуақасұлы. Қазаққа ұлттық жазу таңбасы керек

Жеңіс Сәдуақасұлы. Қазаққа ұлттық жазу таңбасы керек

Қай халықтың болмасын басқа халықтан өзіндік ерекшелігін танытатын белгілерінің ішіндегі ең бастысы оның тілі екендігі дәлелдеуді қажет етпейді. Сондықтан да халықтың өмір сүру, тұрмыс-тіршілік жолындағы күрестерінің ішіндегі ең қасиеттісі де осы тілді сақтау жолындағы күрес болып қала береді. Тілі сақталған халық қана өзінің халықтығын да, ұлт ретіндегі басқа белгілерін де сақтай алады. Ал, тілі жоғалған халықтың өзінен өзі құритыны жөнінде талай ғұламалар айтып кеткен.
Тіл үшін күрес қазақ халқының өміріне де үнемі серік болып келе жатқанына біздің ата-бабаларымыз, біздер және біздің ұрпақтарымыз куә. Күрес заман озып, қоғам өзгерген сайын жалғасын тауып, жаңа сипатқа ие болып отырады. Соған байланысты қазақ тілі үшін кешегі күрестен бүгінгі күрестің өзгешелігі бар екенін тануға әбден болады. Өткен ғасырдың өн бойында қазақ зиялылары тіліміздің жоғалып кетпеуі үшін жанталасса, бүгінгі күні солар сақтап қалған тілді жат құбылыстардан арылтып, қазақтық, ұлттық сипатқа бейімдеу, оның байлығын молайтып, қолданыс аясын кеңейту, сөйтіп осы тілде сөйлейтін халықты төрткіл дүниеге паш ету жолында күресу қажеттігі туып отыр. Бұл бағытта істелініп жатқан іс те аз емес, атқарылуға тиіс іс те жетерлік. Сол атқарылуға тиісті істердің бірі ретінде көтеріліп жүрген мәселе — қазақ жазуында қазіргі қолданылып келе жатқан орыс графикасын басқа қазақи таңбамен ауыстыру. Бұл мәселе тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен-ақ іле-шала сөз болып, талай пікірлер айтылған, талай ұсыныстар болған. Алайда, екі-үш жылдың көлемінде өз-өзінен сейіліп қалып еді.
Елдің елдігін, мемлекеттігін таныту қажеттігінен туындайтын рәміздері — халықтың қалауымен қабылданған таңбалары (Елтаңба, Ту, Әнұран) болса, ал халықтың өзімен бірге жасасып, оның айнымас белгісі боп қалыптасқан тілдің де халық қабылдаған таңбасы — әріп болып табылады. Нақтырақ айтқанда, әріп те рәмізбен бара-бар. Ол да тілмен айтылғанды кейінгі ұрпаққа жеткізу қажеттігінен туындаған. Қазақ халқы өз тарихында, түркілік дәуірді қоспағанда, үш түрлі әріп — араб, латын және орыс (кириллица) әріптерімен таңбаланатын жазуды бастан кешірді. Өткен ғасырдың 30-жылдарына дейін қазақ халқының басым көпшілігінің қолы жетпеген, бірақ азын аулақ болса да қазақтың алғашқы зиялы азаматтарының шығуына септігін тигізген араб әрпі қолданылды. Сол зиялы топ ортасынан шыққан ғұлама ғалым Ахмет Байтұрсынұлы бұл әріпті қазақ дыбыстарына лайықтап, ықшамдап қазақтың тұңғыш әліпбиін жасады. Бұл кеңес дәуірінің алғашқы жылдарында бүкіл қазақты сауаттандыруға қызмет етті. 1920 жылы Қазақ АССР-інің құрылуы қазақ зиялыларын бір қуантып тастады. Мұны шын бостандық деп түсінген олар Қазақ Республикасының өзіне тән әрпі болуы керек деген оймен, араб әрпін алу керек пе, әлде латын әрпі дұрыс па деген ыңғайда айтыс жүргізді. Араб әрпінің ыңғайлылығын түсіндіруге тырысқан Ахаңның сөзі өтпей, латын әрпіне көшу енгізілді. Мұнда сол тұстағы мелекет саясаты көп рөл атқарды. Көп ұзамай коммунистік жымысқы саясат орыс әрпіне көшіріп тынды. Өзінің жетпіс жылдық ғұмырында қазақ халқы үшін бұл әріптің пайдасы да болды, бірақ зияны одан да көп болғанына көзіміз кейін жетті. Сол зиянкестік жемісін әлі күнге теріп келеміз. Міне, тәуелсіздік таңы атқан екі онжылдық көлемінде бұл мәселеге талай рет айналып соғып отырған жағдайымыз бар. Тағы да сол талас-тартыс, алуан түрлі пікірлер, ойтолғамдар баспасөз бетінен көптеп орын алуда.
Бұдан он-он бес  жыл бұрынғы пікірталастарда әріптің орхон, араб, латын және кириллица түрлеріне негізделген көптеген нұсқалары ұсынылған. Бірақ, ол кезде  де көпшілік пікірінің басым жағы латын және орыс әрпі төңірегінде болса, қазіргі пікірлердің де басым көпшілігі осы екі әріптің біреуін қазақ дыбыстарына лайықтап, ықшамдап пайдалану жөнінде болып отыр, мұнда, әсіресе латын әрпі жөніндегі пікірлер басымырақ тәрізді. Елбасының өзі де осы әріпке көшуді ойластыру жөнінде атап айтқан болатын. (Әрине, қазіргі әріпті еш өзгеріссіз қалдыру туралы ойлар да бар екенін жасыруға болмайды.).
Тілші-маман ретінде біздің ойымызда да сол тұстағы (бұдан он шақты жыл бұрынғы) түрлі көзқарастарды салыстыру, оларға өз түсінігіміз тұрғысынан талдау, баға беру болған еді. Бірақ ол пікірлерімізді жария етуді артық көрдік, себебі  бұл мәселені  көтерудің уақыты пісіп жетелмегеніне көзіміз жеткендей болды. Міне, енді оның да кезегі келген тәрізді.
Қазақ жазу таңбасы ретінде орыс әрпін (кириллица) қалдыруды қалайтындар, ең алдымен, бұл әріптің халыққа 70-80 жыл қызмет ете отырып, тұтас қазақты сауаттандырып шыққанын, оның бірнеше ұрпағын ғылым-біліммен сусындатуға септігін тигізіп отырғанын тілге тиек етеді. Сондай-ақ, қазақ халқының бүкіл тарихы, соның ішінде әдеби, мәдени мұралар осы әріп арқылы хатқа түскен. Егер басқа әріпті қалар болсақ, яғни әріпті мүлдем жаңаласақ, онда сол қыруар байлықтан келер ұрпақ айырылып қалмай ма дегендей күмән білдіріледі. Өйткені, соншама мол мұраны шашпай-төкпей тез арада түгелдей жаңа әріпке аударып шығу мүмкін бола қояр ма екен. Оның үстіне, бұл жұмыс көп уақытты да, қаржыны да қажет ететін болар. Қаржы демекші, бұл көзқарастағылар, әріпті жаңарту мемлекет үшін көп қаржылық шығынға әкеліп соғатынын да еске салады. Ақыр соңында олардың біразы осы әріпті ықшамдап, қазақ дыбыстарына ыңғайлап қолдансақ қалай болады деген тоқтам айтады. Бұл уәждердің қайсысы да кез келген қазақты ойландыратыны ақиқат.
Ал, жазу таңбасына латын әрпін лайық көретіндер (олардың ішіне өзімді де қосамын) не дейді? Олардың ойынша, біріншіден, қазақ халқы орыстың коммунистік саясатының бодандығынан мүлдем азат болғаннан кейін, оның бодан болуына себеп болған кез келген белгіден де азат болуы керек, соның бірі — осы орыс әрпі, сондықтан оны басқа жазу таңбасымен ауыстыру орынды. Яғни, жазуды да азаттандыру керек. Екіншіден, бұл жазу таңбасы  қазақ тілінің ғасырлар бойғы қалыптасқан заңдылықтарын (әсіресе, айтылым заңдылығын) бойына еркін сиғыза алатын, дыбысқа әріптің саны сәйкес келіп, жазуға да ыңғайлы болатын таңба болуға тиіс. Үшіншіден, ең бастысы, қазіргі заманғы ғылым мен техниканың дамуына барынша сәйкес келетін, еліміздің халықаралық деңгейде көрінуіне септігін тигізетін таңба болуға тиіс. Міне осы үдеден шығатын әріп — латын әрпі.
Ал енді бұл әріптің қандай артықшылықтары бар дегенге келер болсақ, оны жақтаушылардың ойынша, біріншіден, бұл әріп бүкіл әлемдегі елдердің басым көпшілігі өздерінің ұлттық таңбалары ретінде пайдаланатын халықаралық жазу таңбасы болып отыр. Екіншіден, осы елдердің ішінде бірсыпыра түркі туыстас халықтар да (түрік, әзірбайжан, өзбек) бар. Үшіншіден, бұл таңба қазақ үшін де жат емес. Қазір Қазақстанда ағылшын тілін (осы әріпті өз таңбасы ретінде пайдаланып отырған бірден-бір тіл) оқытпайтын бір де бір мектеп жоқ. Төртіншіден, бұл әріп дүниедегі дамыған, дамуға ұмтылған елдердің ешқайсысы тыс қала алмайтын электронды техниканың жазу таңбасы болып отыр.
Сонымен, не керек, екі жақтың да өз дәлелдері, өз уәждері бар. Алайда, біздің ойымызша, ұлттың, елдің келешегін ойлаған, көзі ашық, көкірегі ояу азамат соңғы бағытты қаласа керек деп ойлаймыз. Бұл жерде үйрену қиындығы, қаражат қиындығы, тағысын-тағылар екінші кезекке қалдырылу қажет те бірінші кезекте елдің, тілдің тәуелсіздігі мен содан туындайтын қажеттілік және тәуекел тұруы керек. Әрине, қай уақытта да өтпелі кезеңнің қиындығы болмай тұрмайды. Оның талайын халқымыз қара нардай қайыспай көтеріп алған, бастан өткізген, әлі де өткізіп келеді. Алайда, осыдан он жыл бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жақсымыз, шүкіршілік жасауға болады. Әріп өзгертудің алғашқы кезеңінде де түрлі қиындықтар  болуы әбден заңды. Бұл жөнінде Ахмет Байтұрсынұлы да «Араб әліпбиін жақтаған баяндамасында» (Қызылорда, 1927 ж.) былай деген болатын: «…Латын әрпін бірден алып, бірден соған түсіп кетуге, көп қаржы мен қайрат керек. Бірден мұғалімдердің бәрін латынша үйретіп, баспаханалардағы әріптерді латынға айналдырып, адамдарын латынша үйретіп, оқу кітаптарын латынша бастырып, арабша сауаттыларды латынша сауаттандырып жіберу адамның керек қылуын былай қоя тұрғанда да, оншақты күнде, оншақты миллион қаржымен біте қоятын жұмыс емес. Солай болған соң әріп алмастыру деген жеңіл мәселе болып шықпайды. Бұл — ел жағынан да, елдің шаруасы жағынан да ауырлығы зор мәселе екендігін еске ала отырып шешетін мәселе. Үстін қарап, ат үстінен айтқандай, сөзбен, жеңіл шеше қоятын мәселе емес. Салақ қарауға болмайтын салмақты мәселе.» Әрине, осы сөздің айтылған уақыты мен сол тұстағы елдің әлеуметтік-экономикалық даму жағдайын қазіргімен  салыстыруға мүлдем келмейді. Шүкір, ғұлама айтқан көптеген қиыншылықтарды болдырмау, болып жатса, тез арада жеңу мүмкіншіліктері бізде әлдеқайда мол. Тек, Ахаңның соңғы сөздерін қаперімізге ала отырып жұмыс істеуіміз қажет тәрізді.
Сонымен, қазақ үшін әріп ауыстыру болмай қоймайтын құбылыс және оған латын әрпі ғана лайықты деп есептеймін. Бұл ойымды түсіндіріп, дәлелдеп сәуегейлік көрсетуді артық деп санаймын. Тек айтарым — бұл жұмысты ұйымдастыруды, жүзеге асыруды үкімет өз қолына алуы қажет және орындалуы Елбасының немесе үкімет басшысының бақылауында болуға тиіс. Меніңше, бұл мәселені ендігі жерде көп талқыға сала берудің қажеті жоқ. Тек әріп ауыстыруды бүгін-ертең бірден шешіп тастамағанымызбен, уақыт ұттырмай, ұйымдастыру ісіне кіріскеніміз абзал.
Біздің ойымызша, ең алдымен, үкімет тарапынан екі бағытта жұмыс істейтін арнаулы маман ғалымдардан жасақталған мемлекеттік комиссия құрылуы тиіс. Комиссия төрағасы Білім және ғылым министрінің өзі немесе вице-министрлердің бірі болғаны абзал.  Алғашқы кезекте құрамында филологиия ғылымдарының докторы, профессор Ә.Жүнісбек тәрізді қазақ тілі фонетикасымен, латын әрпінің қазақша нұсқасын ұсынумен, сөздердің айтылым, жазылым заңдылықтарымен тікелей айналысып жүрген мамандар бар бірінші топ құрылғаннан бастап алғашқы 3 ай мерзімде әріп таңбасын нақтылап, қазақ дыбыстарына сәйкестендіріп, айтылу және жазылу нормаларын белгілейді және оны парламенттің қабылдауына ұсынады. Екінші кезекте осы топқа оқу-әдістемелік құралдар, оқулықтар, нұсқаулықтар т.б. даярлаудан тәжірибесі мол педагог мамандар қосылып, қалған тоғыз ай көлемінде барлық қажетті құралдардың үлгілерін даярлап бітеді және бекітіп баспаға ұсынады.
Екінші топ алғашқы топпен қатар жұмыс істеп, әріп ауыстыруға байланысты кететін барлық шығынды есептейді, қаражатты қайдан алу жолдарын қарастырады. Бірінші топпен жұмысты бірге аяқтап, екі топ та бір жылда істелген жұмыстарының қорытындысы бойынша комиссия төрағасына есеп береді. Ал комиссия төрағасы Парламент алдында немесе Президент алдында есеп береді. Берілген есеп бойынша шығарылған шешімде жаңа әріпке жаппай көшу мерзімі анықталады немесе қажетіне қарай дайындық жұмыстарының мерзімі ұзартылады.
Осы тұста тағы бір ескеретін нәрсе мынау — осы бір жыл мерзім ішінде дайындық жұмыстары бітті дегеннің өзінде жаңа әріпке түпкілікті көшуді тағы бір жылдан соң бастаған дұрыс деп ойлаймыз. Себебі, осы екінші жыл ішінде республика халқын түгелдей осы өзгеріске даярлау қажет. Бұл ең алдымен кадр даярлаудан басталады. Әуелі Астана және Алматы қалаларынан, ондағы жоғары оқу орындары жанынан қысқа мерзімді курстар ашылып, онда обылыс орталықтарындағы оқу орындарынан келген қазақ тілі мамандарын оқытып, сертификат беру қажет. Олар келіп обылыстағы оқу орындарында ашылған курстарда аудандардан келген мамандарды оқытады. Мамандарды барынша тезірек, әрі көптеп шығару арқылы мұндай курстарды әрбір мекемеде ашуға болады. Сонымен бірге мектептерде, орта арнаулы және жоғары оқу орындарында «Латын жазуы» атты курстар, пәндер енгізу орынды болады. Осындай пәнді оқу арқылы оқушылар мен студенттер отбасындағы ересек азаматтарға да көмектесе алады. Сөйтіп осындай жүйелі жұмыс арқасында халықты жаңа әріпке тез-ақ үйретіп алуға әбден болады.
Осы бір жыл ішінде республикадағы барлық баспаханаларды ең қажетті деген оқу-әдістемелік құралдарды, оқулықтарды, нұсқаулықтарды, әсіресе қалта әліппесін шығаруға жұмылдыру қажет. Осы жылда ұйымдастыру шараларын тағы да сүзгіден өткізіп, байқалған кемшіліктер болса, түзетіп те алуға болар еді.  Сөйтіп, бар-жоғы екі, ары кеткенде үш жылдан кейін жаңа әріпке көшіп алу мүмкіндігі пайда болады. Бірақ мұның өзінде де мектеп оқушыларына жетерліктей оқу-әдістемелік құралдар мен оқулықтар дайындалмайынша, әріп ауыстыруға көшу қиын болады. Осы жағын ескермеу қателікке ұрындыруы әбден мүмкін. Жаңа әріпке көшкеннен кейін  бірден барлық баспаларды бұрынғы орыс әрпімен басылған жәдігерлерді латын әрпіне көшіруге жұмылдыру қажет. Бұл айтылғандардың бәрі, әрине, өзіміздің субъективтік көзқарасымыздан туған ұсыныс іспетті пікірлеріміз ғана. Ой-пікірлеріміздің осы бір ұлы іске кішкене де септігі тиер болса, мақсатымыздың орындалғаны деп түсінеміз.

Жеңіс Сәдуақасұлы,
Қорқыт Ата атындағы ҚМУ профессоры,
филология ғылымдарының докторы

Латын әліпбиіне байланысты арнайы жұмыс тобы құрылды

Қазіргі таңда елімізде  латын графикасына негізделген қазақ жазуын жасау  күн тәртібіндегі өткір мәселелердің бірі. Болашақ ұрпақтың ақпарат алмасу, білім алу, шығармашылықпен айналысу факторы ретінде бұл мәселеге барынша жауапкершілікпен қарау заман талабы. Әлем елдерінің 70 пайызға жуығы латын әріптерін қолданады. Қалай болғанда да латын қарпіне көшу түркі халықтарына ортақ жазу қалыптастыруға, шетелдегі қандас бауырларымыздың  шығармаларымен  емін-еркін танысуға оң ықпалын тигізетіні анық.
Ұлт алдындағы осындай ұлы мақсаттарды  түсінген
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті ректоратының бастамасымен «Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика» кафедрасы  жанынан арнайы жұмыс  тобы  құрылды. Жетекшісі филология ғылымдарының докторы, профессор, тілші-ғалым Жеңіс Сәдуақасұлы.  Арнайы құрылған топтың ғалымдары жаңа  әліпбидің дыбысталу таңбаларының  жеткілікті, жазуға жеңіл, баспаға, компьютерге қолайлы,  көркемдігі көзге жайлы болу мақсатында ой-пікірлерін білдіріп, ғылыми тұжырымдарын мемлекеттік комиссияға ұсынатын болады.
«Қазір жаңа қаріп жүйесінің бірнеше нұсқалары ұсынылып жатыр. Солардың ішінде қазақ тілімізге тән дыбыстарды әліпбиде екі таңбадан немесе төбесіне белгі қою арқылы жасағанымыз абзал. Мысалы, ағылшындарда немесе француздарда бір дыбыс 3-4 таңбадан құралады. Бұл дұрыс емес. Жалпы, латын әліпбиін үйрену жеке адамдар үшін қиындық тудырмайды. Мысалы, адамдар біршама уақыт аралығында үйреніп алуына болады. Бүгінгі күні әліпбиді ауыстырғанда үкіметке көп қаражат керек болуы мүмкін. Себебі, мектеп оқулықтарының барлығын латын қаріпіне аудару керек. Сонымен қатар, жаңа әліпбиді үйретуге арналған оқулықтарды, кітапшаларды жасап шығару жұмыстары бар. Біршама уақыт бойы екі әліпби қатар жүруі мүмкін. Ал, осы уақытқа дейін кирил қаріпінде жазылған туындыларды жаңа технология мүмкіндіктерін пайдалана отырып, компьютерлік бағдарламалар арқылы аударылуы қажет.  Латын әліпбиіне көшкенде біз төл жазуымызды реттеп аламыз» — дейді университеттің тіл мамандары.
Латын қарпі — өркениеттің жазу, оқу құралы. Болашақта қолға алмақ болып отырған латын қарпі қазақ елін әлем мемлекеттерімен жақындастырып, жарқын болашаққа апарады деген сенімдеміз.
Abai.kz