АЛТЫНОРДА
Новости

«Желтоқсан оқиғасын» шет қазақтары қалай ұқты?

Мәскеудің саясатына наразылық білдіріп Алматыдағы Брежнев атындағы алаңға шыққан қазақ жастары. Желтоқсан, 1986 жыл.Қазір Алматы қаласында тұратын Базарәлі Әріп есімді Қытайдан көшіп келген оралман 1986 жылы университет бітіріп, Пекин қаласында қызмет істеп жүрген. Ол «Желтоқсан оқиғасы» туралы Қытай БАҚ-тарында ақпарат болмағанын айтады.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы туралы жазған совет газеттерінен коллаж.1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы туралы жазған совет газеттерінен коллаж.

«Біз Алматыдағы оқиға туралы Қытайдың емес, сол кезде Қазақстаннан жететін «Қазақ әдебиеті» мен «Жұлдыз» сияқты газет-журналдардан оқып білдік. Енді олардың қалай жазғаны белгілі ғой. Сондықтан болған оқиғаға біріншіден аса қуана қойған жоқпыз. Екіншіден қазақ жастарының шынымен де есірткі шегіп, көшеге шыққанына көңіліміз сене қойған жоқ» дейді Базарәлі Әріп.

ТҮРІК ГАЗЕТІНДЕГІ МАҚАЛА

1986 жылғы «Желтоқсан оқиғасы» кезінде мыңдаған студент Алматының орталық алаңына жиналып, сол кезде қызметтен алынған республика басшысы Дінмұхаммед Қонаевқа қатысты Мәскеудің шешіміне наразылық танытқан еді. Совет БАҚ-тары демонстранттарды «ұлтшыл», «бұзақы» және «нашақор» деп сипаттаған. «Желтоқсаншыларды» арнайы әскер жаппай ұрып-соғып, қамауға алған. Бірнеше ай ішінде жүздеген адам жоғары оқу мен қызметтен шығарылып, он шақты адам ұзақ мерзімге сотталған. 1991 жылдан бері бұл оқиғаға қатысқаны үшін зардап шеккендердің көпшілігі ақталған.

Қазақстанға 1990 жылдардың ортасында Түркиядан көшіп келген тағы бір шетелдік қазақ Мұртаза Бұлұтай «Желтоқсан оқиғасы» туралы хабарды алғаш рет Азаттық радиосынан естігенін айтты. Ол 1986 жылы «Желтоқсан оқиғасы» болғанда Анкарада техникумның соңғы курсында оқып жатқан студент екен.

1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы кезіндегі әскер.1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы кезіндегі әскер.

​«Ол кезде әлі Қазақстанға келіп көрмеген едім, дегенмен Алматыдағы «Отан» қоғамымен хат алмасып, қазақша кітаптар алып тұрушы едім. Совет Одағының ішінде не болып жатқаны біздерге құпия еді, ешбір мәлімет жоқ, ол кезде барыс-келіс те жоқтың қасы, ілуде біреу болмаса еркін араласу мүмкіндігі жоқ болатұғын. «Алматыда осындай жастар көтерілген екен, көп адам қырылған екен» дегенді естіп, әрі-сәрі күй кешкенім есімде. «Желтоқсан оқиғасы» туралы бірнеше күн мәлімет жинап, сол кезде дүркіреп тұрған Türkiye газетінің Анкарадағы кеңсесіне бардым. Кеңсе басшысы белгілі журналист Салих Гүней деген ағай еді, бұл газет түрікшілдік идеясына жақын еді. Салих ағайға болған жағдайды айттым, жинаған деректерімді бердім, осыны газеттеріңізде мақала етіп шығарайық деп ұсыныс айттым. Ол кісі бірден қолдады, екеуміз отырып газеттің толық бір бетін алатын үлкен мақала етіп ертеңіне шығардық» дейді Мұртаза Бұлұтай.

«АЗ ҰЛТТЫҢ ДА МҮЙІЗІ БАР»

Ал бұрынғы совет республикалары мен Мәскеудің одақтасы болған елдерде тұрған қазақтар балама ақпарат көздеріне қолдары жетпегендіктен көп жағдайда «Желтоқсан оқиғасы» туралы ресми хабарларға иланған.

Желтоқсан оқиғасы кезінде әскер жас қызды әкетіп барады. Алматы, 1986 жыл.Желтоқсан оқиғасы кезінде әскер жас қызды әкетіп барады. Алматы, 1986 жыл.

Бірнеше жыл бұрын Түркіменстаннан Маңғыстауға қоныс аударған ақтаулық Есен Аманов 1986 жылы 12 жастағы бала ретінде «үлкен кісілердің қатты қобалжығанын» есінде сақтап қалыпты.

«Бұл жайында айтқанда тіпті үйде дыбыстарын қатты шығармай өзара күбірлесіп сөйлесетін» дейді ол.

Ресейдің Саратов қаласының Қадырбек есімді этникалық қазағы 1986 жылы Алматыда «бұзылған жастардың алаңға шыққанына сендік» дейді.

«Ол кез коммунистік партияның ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс еді ғой. Барлық басылымдар мен телеарналар Алматыда бір топ жас арақ ішіп, анаша шегіп алып алаңға шығыпты» деп хабар таратты. Бір расымен солай болған екен дедік. Кейін ғой істің ақ-қарасына көзіміздің жеткені» деп еске алады ол.

1986 жылы моңғолиялық басылымдардың бірінде тілші болған Бағдал Ақынұлы есімді қазақ «Желтоқсан оқиғасы» кезінде анық ақпарат жетпесе де, бірқатар моңғолиялық қазақтардың Алматыдағы жастар толқуына іштей жақтасып, қатты қызынғанын айтады.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты сотқа тартылған төрт адам (солдан оңға): Ертай Көпесбаев, Түгелбай Тәшенов, Қайрат Рысқұлбеков, Қайыргелді Күзембаев сотта тұр. Алматы, 16 маусым 1987 жыл. (Юрий Беккер түсірген сурет)1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты сотқа тартылған төрт адам (солдан оңға): Ертай Көпесбаев, Түгелбай Тәшенов, Қайрат Рысқұлбеков, Қайыргелді Күзембаев сотта тұр. Алматы, 16 маусым 1987 жыл. (Юрий Беккер түсірген сурет)

«Сол кезде «Сүхбаатарын туг» атты аймақтық моңғол газетінде тілші едім. Мұндай саяси оқиғаларды ақпарат құралдарында жариялауға жол берілмейтін. Монғолия қазақтары менің білуімше сол кезде күн сайын екі сағат монғол тілінде берілетін Мәскеу радиосының халықаралық бағдарламасынан мән-жайдан хабардар болып отырды. Моңғолиялық қазақ жастарының бұл оқиғаға соншалықты қызбаланып, «әттең» десіп, жігерлері қайнап, жандарын қоярға жер таппай толқығандарына куә болдым» дейді ол.

Ал Марат Уатқан есімді Моңғолиядан көшіп келген оралман Алматыдағы «желтоқсаншыларды» сол кездегі кейбір «моңғол зиялылары іштей қатты қолдағанын айтады».

«Жеке әңгімелерінде моңғол зиялылары «империяға аз санды ұлттарда да мүйіз болатынын ескертіп қойғанның артықтығы жоқ» деген пікірлерін айтатын. Бәлкім, елдігіміздің болашағына деген сенім сол кезде тұтанған болар» деп еске алады ол.

1986 жылғы «Желтоқсан оқиғасы» СССР жетекшілігіне Михаил Горбачев тағайындалып, Мәскеу «қайта құру» мен «жариялылық» саясатын ұстана бастаған кезеңдегі одақ көлемінде болған алғашқы саяси демонстрациялардың бірі ретінде тарихта қалды.


Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

http://www.azattyq.org/content/kazakhstan_zheltoksan/26744595.html