АЛТЫНОРДА
Новости

Жарқынбек Сейтінбетұлы. Намыссыз қазаққа дауа жоқ

d29bd0b0d0b7d0b0d29b-d182d196d0bbd196-d0b6d0b0d293d0b4d0b0d0b9d18b_4Халқына дана, еліне пана болған Абылай ханның туғанына 300 жыл толып отыр.
Абылай хан дәуірі – қазақтың қайта бір тұтасқан, ел аумағының қайта қалпына келген кезеңі, Қазақ хандығының қайта шарықтаған кезі. Осы тұрғыдан алғанда, Абылайдың қазақ үшін сіңірген еңбегі ұлан-ғайыр. Абылай хан туралы зерттеуде шөбересi, ғалым Шоқан Уәлихановтың жинастырған  материалдарының алатын орны ерекше. Шоқан: «Қазақтардың аңыз-әңгімелерінде Абылай айрықша қасиеті бар киелі, керемет құдірет иесі болып саналады. Абылай дәуірі, қазақтардың ерлігі мен серілігінің ғасыры. Оның жорықтары және батырларының көзсіз ерлігі мен қаһармандығы жыр-дастандардың арқауына айналған» деп атап көрсетті.

Алматыдағы Абылай хан ескерткіші

Алматыдағы Абылай хан ескерткіші

Қазан төңкерiсiне дейiнгi орыс та­рих­шыларының iшiнде А.Левшиннiң  «Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацских орд и степей» деген кiтабында: «Абылай тәжірибесі, ақыл-айласы жағынан болсын, қол астындағы халқының саны, күйі жағынан болсын, сондай-ақ өзінің Ресей патшалығымен, Қытайдың богдоханымен жүргізген тапқыр, шебер қатынастары жағынан болсын, өз тұсындағылардың бәрінен де басым еді. Ол ұстамды, досына мінәйім мінезді, жауына қатал, қаһарлы кісі еді. Сондықтан жұртты өзіне тарта, ерте білетін еді» деп суреттейді.
Ақиық ақын Мағжан Жұмабаев Абылайды «Алаштың арыстаны Абылай ер» деп бағалайды. Бұл ұлы ханның қазақ мемлекеттігінің ең ауыр кезеңдегі терістіктен Ресей империясы, шығыстан Цин империясының қысымына, осы екеуінің қаруландырып қолдауымен сол кездегі қуатты мемлекеттердің бірі Жоңғар хандығының жорықтарына төтеп берген айбатын көруі еді.

Ақын өз өлеңдерінде Абылайды былайша жырға қосты:

Күңіреніп ойлағанда алаш жайын,
Жанымды орай берсе ұлы уайым.
Кеудемде күннің нұры толғандай боп,
Жырлаймын алты алаштың Абылайын.
Арсыға асқандаймын, тауап қылсам,
Кебедей Абылайдың Бурабайын…
«Абылай әділдікпен хандық құрды,
Тірлікте Абылай аты ұран болды.
Абылай ел бірлігін берік ұстап,
Халқының дербестігін сақтап қалды».
Бұқар, Үмбетей жыраулардың және тағы да басқа ауыз әдебиетінің ірі өкілдерінің мәліметтеріне қарағанда, Әбілмансұрдың «Абылай» атануын қалмақтың атақты қонтәжісі Қалдан Сереннің туысы Шарыш батырмен жекпе-жекпен байланыстырады: «Жиырмаға жасың толғанда, Қалмақпен соғыс болғанда, Алғашқы бақты тапқанда, Шарыштың басын қаққанда…», Абылай жиырма жасында қан майданда ерлігімен танылған. Бұқардың Абылайға «Сен жиырма жасқа жеткен соң, Алтын тұғыр үстінде Ақ сұңқар құстай түледің» деуі осының дәлелі.
1749 жылы тамыз айында Неплюевпен кездесуінде Жәнібек тархан: «бұрын Орта жүзде Әбілмәмбет хан болған, бірақ ол біраздан бері Ташкентте тұрып жатыр, ел басқарудан қалған. Барақ сұлтан зұлымдық ісі үшін қашып жүр. Онда жалғыз Абылай сұлтан ғана билік жүргізіп отыр» деп көрсетті.

1991 жылы 2 тамызда Көкшетауда хан Абылайдың туғанына 280 жыл толуына арналған республикалық конференция өткізіліп, онда алғаш рет Абылайдың қоғамдық-саяси келбеті жан-жақты талданған болатын. 1991 жылы 23 қазанда Алматы қаласы әкімінің №15/398 шешімімен бұрынғы Коммунистік даңғылына қазақтың ұлы ханы, мемлекет қайраткері Абылай ханның есімі берілді. 1993 жылы Алматы шет тілдер институтына Абылай хан есімі беріліп, Абылай хан атындағы Қазақ мемлекеттік әлем тілдер университеті деп аталды. 1993 жылы 15 қарашада айналымға енгізілген төл теңгеміздің 100 теңгелік банкнотына Абылай бейнесі бедерленді. 1999 жылы Көкшетау қаласында Абылай ханға еңселі ескерткіш орнатылды. 2000 жылы Алматы-2 теміржол вокзалы алаңында мемлекеттік қайраткер Абылай ханға ескерткіш орнатылды. 2005 жылы Абылайдың өмір жолына арналған «Көшпенділер» фильмі түсірілді. 2008 жылдың 21 тамызында Петропавл қаласында «Абылай хан резиденциясы» Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен ашылып, алдына ескерткіші орнатылды.
Абылай туралы зерттеулер де осы тәуелсіздік жылдарында жарық көре бастады. 1992 жылы «Абылай» атты шағын жинақ,1993 жылы С. Дәуітұлының құрастыруымен «Абылай хан. Тарихи жырлар», «Абылай хан Кенесары» атты жинақтар жарыққа шықты. 1994 жылы Н.Мұқамет­ханұлының «ХVІІІ-ХХ ғасырлардағы қазақ-қытай байланыстары» атты монографиясы жарық көрді. Аталған еңбекте қазақ-қытай қатынастарындағы Абылайдың рөлі талданған. Осы жылы Абылай хан туралы «Тарихи жырлар» да жарыққа шықты. 1999 жылы атақты антропологтар О.Смагұлов және А.Оразаққызы «Абылай хан. Тарихи-антропологиялық зерттеу» атты монографиясын шығарды. Онда Түркістанда жерленген Абылайдың сүйегіне антропологиялық талдаулар жасалынды. 2002 жылы Қ.К. Әбеуов «Абылай ханның қазақ жерін біріктіруі және қазақ-орыс қатынастарын дамытудағы қызметі» атты диссертациясын қорғады. 2005 жылы З.С.Тайшыбайдың құрастыруымен Абылай хан өмірі мен қызметіне қатысты құжаттар мен материалдар жинағы көпшілік назарына ұсынылды. 2008 жылы Ұ.Доспанбетовтың «Абылайдың ақ туы» атты тарихи романы оқырмандар назарына ұсынылды. 2009 жылы А.Ш.Махаеваның «Қазақ – қырғыз саяси байланыстарының тарихы (ХVІІІ ғасырдың екінші жартысы – ХХ ғасырдың бас кезі)» атты монографиясында Абылайдың қырғызға жасаған жорықтары мен Жайыл қырғыны туралы терең талдаулар жасалынды. Міне, осылайша зерттеу еңбектерінің тізбегін көрсетуге болады. Бұл зерттеу еңбектері тәуелсіздік жемісі. Зерттеу ісі әлі де жалғасуда. 5-6 қазанда Абылайдың туғанына 300 жыл толуы Көкшетауда республикалық деңгейде тойланғалы отыр. Осы конференцияда Абылай бабамыздың қайраткерлік тұлғасы бұрын айналымға енбеген деректермен толыға түседі деген сенімдеміз.

«Алаштың арыстаны Абылай ер»

Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті

Абылай Ресей мен Қытай империяларының арасында орналасқан Қазақ елінің геосаяси жағдайына икемделген саясат жүргізді. Тікелей қазақ-қытай қарым-қатынастары Абылай заманында, XVIII ғасырдың екінші жартысында қалыптаса бастады. Бұған бірқатар факторлар, соның ішінде Жоңғария мемлекетіндегі ішкі-сыртқы жағдайлар тікелей себеп болған еді. Қытайдың Цин патшалығы (1644-1912) жоңғарлармен үздіксіз соғыстар жүргізе отырып, бастапқыда осы күресте қазақтарды өз тараптарына тартуға тырысқан болатын. XVIII ғасырдың ортасында Жоңғарияда орын алған жағдайлар маньчжур-қытайлық Цин империясының жаулап алушылық саясатының жүзеге асырылуына жақсы мүмкіндіктер сыйлайды. 1745 жылы жоңғардың мықты билеушісі болған Галдан Церен өлген соң, оның мұрагерлері арасында тақ үшін талас-тартыстар басталады. Тақтан үміткерлер қолдауды тек ішкі рулардан ғана емес, сырт мемлекеттерден де іздейді. Осы кезде қазақтың бірқатар билеушілері, әсіресе Абылай сұлтан Жоңғарияның ішкі істеріне белсене араласады. Олар көрші мемлекеттегі тұрақсыз жағдайларды пайдаланып жоңғарлар иелігінде болған шығыс өңірлерді өздеріне қаратуға тырысқан еді.
Орта жүздің белгілі сұлтаны болған Абылайдың ата қоныстары Орталық Қазақстан аумағында орналасқан болатын. Алайда өз билігін шығыс, оңтүстік-шығыс өңірлерге де таратуға талпынған ол көшіп-қону аймақтары Қазақстанның шығыс өңірімен шектесетін жоңғар ұлыстарының ішкі-сыртқы істеріне, ондағы оқиғаларға бел шеше кіріседі. Абылай бұл саясатында жоңғар тағынан үміткерлер – Даваци (Дауаши) мен оның одақтасы Әмірсананы қолдайды. Ішкі ойрат мәселелеріндегі өз ықпалын күшейту үшін Абылай сұлтан 1751 жылы Давациге және билік үшін таласта басқа үміткер Лама-Доржиден жеңіліс тауып Жоңғариядан қашқан Әмірсанаға өз ауыл-аймақтарынан пана береді. Ортақ қарсыластары Лама-Доржи өлтірілген соң Әмірсана кенеттен Давациге қарсы шығады, Абылай бұл жағдайда алдыңғысын қолдайды. Тек Абылай бастаған қазақ феодалдары ғана емес, бұл кезде Моңғолиядағы Цин империясының уәкілдері де Жоңғарияда болып жатқан оқиғаларды, олардың ортаазиялық елдермен байланыстарын мұқият бақылап отырған болатын.
1754 жылы Әмірсана Давациден жеңіліп Қытайға қашып барып, Цин үкіметінен көмек сұрайды. Әмірсананың келуі Қытай үкіметіне Жоңғарияға басып кіріп, оларды біржолата бағындыруға жақсы себеп болып табылады. 1754 жылдың жазында император Цяньлун: «Әмірсана өте қажетті адам. Егер ол бізге келсе, бұл келесі жылы жорыққа шығуға үлкен пайда әкеледі» деп жазған. Император Әмірсананың келуінің түпкі мақсатын бастапқыдан білетін. Оның мақсаты қытайлықтарға бағыну емес, билікке қол жеткізу үшін солардың қолдауын алу еді. 1754 жылы Цин империясы Жоңғарияға өз әскерін енгізіп, осы мақсатта Әмірсананы пайдалану туралы жоспар құрады.
Жоңғария жеріндегі саяси оқиғалар арқылы Қытай империясының Қазақ хандығымен, оның мықты билеушілерінің бірі Абылай сұлтанмен тікелей байланыстары жақындап келе жатты. Әмірсана мен оның жақтаушыларынан қытайлықтар оларға қазақ билеушілерінің де көмектесіп жатқанын естіген болатын. Бұдан бөлек олар Солтүстік Моңғолиядағы өз әкімдерінен қазақ жасақтарының Жоңғариядағы іс-қимылдары туралы да хабардар болып отырған. Орта жүз аумағында Әмірсананың жақтастары қазақ жасақтарын басқарып, оның қарсыластарының ұлыстарына шабуылдар жасауда болатын. Олардың арасында Әмірсананың жақын туысы – Батма-Церен де бар еді. Әмірсананың қазақтарға ерекше мән беруі, қазақ жүздерінің күш-қуаты туралы толық мәліметтердің болмауы Цин билеушілерін Жоңғарияға жорық даярлау барысында қазақтар тұрғысына айрықша назар аударуына алып келді. Цин үкіметі өздерімен көршілес иеліктерде ірі орталықтандырылған мемлекеттің болуын қалаған жоқ, соған сай бүкіл ойрат тағына Әмірсананың отыруына да қарсы болды, себебі оның жоспарлары қытайлықтардың мүдделеріне қарама-қайшы келетін. Цин империясының Жоңғарияға екі бағытпен аттандырылған 200 мың әскері Баркөл мен Улиастайдан аттанып, сәуір айында Бұратала алқабында қосылған еді. Деректерге қарағанда, Цин әскері Тянь-Шань өңіріндегі жоңғарларды «толығымен құртып, артында арамза тұқым қалдырмау» ниетімен шығарылған. Қытай үкіметі Жоңғарияға жорық жасардан бұрын, осы жорық барысында қазақтардың өздеріне қандай позиция ұстайтынына байланысты біраз ойланған. Оларды өздеріне пайдалану мәселесі де күн тәртібінде тұрған. Цин әскері 1755 жылы маусым айында Давациді Іле бойындағы Моңғолкүре деген жерде қолға түсіріп, Жоңғар хандығын біржолата жояды. Жоңғар ұлысының аман қалған тұрғындарын төрт тайшының басқаруына бөліп беріп, оларды жоғарыдан өздері басқаратын болды. Тайшыларды да Цин үкіметі өздері тағайындайтын басқару жүйесі енгізіледі. Бұл Әмірсананың тұтас жоңғар ханы болу мақсатының іске аспағанын көрсететін. Сол себепті ол Цин патшалығына қарсы жасырын түрде даярлық жасай бастайды. Ол астыртын қазақтарға жаушылар жіберіп байланыс жасаумен бірге, Іле бойында әскер жинайды. Өзінің бұл әрекетін ол қытайлықтарға қазақтардан қорғану үшін жасап жатқан шаралары ретінде түсіндіреді. Бірақ қазақтардың оларға шабуыл жасау ниеттерінің жоқ екендігін білетін Цин ордасы оның бұл сөзіне сенбеген. Сол себепті де 1755 жылы маусым айында Цин үкіметі қазақтармен тікелей өздері байланыс орнату үшін Абылай сұлтан ордасына жоғарыда аталған ресми елшілік жіберген еді.

«Алаштың арыстаны Абылай ер»

Алматыдағы Абылай хан даңғылы

Қытай тарапы елшілікке: «сендер қазақ шекарасына барғанда талас-тартыс шығаруларыңа болмайды. Бірақ өздерің сақ болыңдар. Ол жақтың әскерлері сендерге шабуыл жасаған жағдайда да сендер оларға жөн айтып кері қайтарыңдар. Егер олар сөзге көнбесе ғана оларды тұтқындап жойсаңдар болады» деген тәртіп белгілеген. Іс жүзінде қазақтарға Шуньдэна бастап барған елшілік жол үстінде ешқандай қарсылық шабуылға тап болмаған. Олар аман-есен Абылай сұлтанның қабылдауында болып қайтады. Бұл елшілік қазақтарға Жоңғар хандығының Қытай империясының құрамына енгені туралы хабарлауы тиіс болатын. Осыған орай қазақтардан ойраттардың істеріне араласуды тоқтату талап етіледі. Абылай Цин патшалығының жіберген елшісін жылы қарсы алады. Ол шығыста Әмірсанадан гөрі Цин патшалығымен байланыс жасаудың пайдалы екенін түсінген. Сонымен қатар Абылай өзінің Бөлебай бастаған елшілерін Цин елшілерімен бірге Іле бойындағы олардың әскери шебімен байланыс жасап, барлап қайтуға жібереді. Бұл қазақтар мен Цин үкіметі арасындағы ресми қарым-қатынастардың басталуы болатын.
1779 жылы қазанның 4-інде Орынбор әкімшілігіне жолданған патша жарлығында: «Ордадағы Абылай ықпалын әлсірету мақсатында, онымен тайталасқа түсе алатын адам табу» шаралары да қарастырылды.
Ресей үкіметі Қытай тарапының Жоңғария мен оған шектес қазақ жеріндегі әскери іс-қимылдарына үлкен алаңдаушылық білдірген еді. 1758 жылы 19 мамырда генерал-майор Тевкелев пен коллегиялық кеңесші П.Рычков Ресей Сыртқы Істер коллегиясына Қытай империясының қазақтарға қатысты іс-әрекет­теріне байланысты мәлімдеме жасайды. Онда олар Сібірден қытай әскерінің ресейлік шекараларға да шабуылдар жасау ниетінде екендігі, олай болған жағдайда бұл іске қазақтар мен бірнеше мың мещерліктерді, башқұрттарды оларға қарсы сібірлік шептерге қарай аттандыру мүмкіндігін қарастырған.
XVIII ғасырдың ортасында қазақтардың, әсіресе Абылай сұлтанның тікелей қатысуымен Орталық Азиядағы ірі геосаяси іс-әрекеттер орын алды. Абылайдың жүргізген саясаты мен ұйымдастырған жорықтары алып көрші мемлекеттердің ықпалына түсе бастаған қазақ елі үшін маңызы зор болды. Абылай сұлтанның жорықтарының нәтижесінде ғасырлар бойы қазақтар үшін мазасыз әрі қауіпті көрші болып табылған Жоңғария мемлекеті өмір сүруін тоқтатты. Оның әскери іс-қимылдары қазақ жерін шығыста кеңейтіп қана қоймай, Қытай елімен дипломатиялық байланыстардың негізін қалады.
Азаттық күрестің жалынды басшысы Абылай ханның асқақ тұлғасы, ақыл-парасаты Бұқар, Үмбетей, Шәді төре Жәңгірұлы жырларында, ақындар К.Жамантайұлы, М.Айтбаевтың дас­тандарында, І.Есенберлиннің, Ә.Кекілбаевтың Қ.Жұмаділовтің және тағы да басқа ақын-жазушылардың туындыларында сомдалды. Оның ұлағаты өмірі мен ішкі, сыртқы саясаты отандық және шетел ғалымдарының назарын аударып келеді.
Абылай ханды ұлықтау мәселесі еліміз егемендік алумен қатар жүргізіліп келеді. Ол бір күннің еншісі емес. Абылайды ұлттық тұрғыда зерттеу мен оның есімін жоғары оқу орындарына беру және еңселі ескерткіштерін орнату рет-ретімен жүргізілуде.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Батырларымен тізе қосып, қаһармандықтың тамаша үлгілерін көр­сеткен, сөйтіп халықтың ұйтқысы болған. Абылай ханның ерліктері сонау қатал заманда қазақ рухын қайта түлетудің бір алтын діңгегіне айналды» деп атап көрсеткен болатын.

Рашид ОРАЗОВ,
Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және 
этнология институтының ғылыми қызметкері

http://abai.kz/content/zharkynbek-seitinbetyly-namyssyz-kazakka-daua-zhok