АЛТЫНОРДА
Новости

Жан торығуы және біз

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, 2015 жылға қарай депрессия, яғни, жан торығуы жүрек-қан тамыры бұзылыстары мен қатерлі ісіктерді басып озып, бүкіл сырқаттардың ішінде бірінші орынға шықпақ.

Күйзелген адамның рухани дүниесінен туындайтын күрделі құбылыс — депрессия. Ежелгі философтар мен сан мыңдаған ұлы ойшылдар да жан торығуын, адамның ішкі дүниесін толық зерттеп болған емес. Ал қазіргі таңда жан күйзелісі тән сырқатына айналып келеді…

«Депрессия — жай ғана көңіл күйдің нашарлауы, дәрі-дәрмектерді үздіксіз пайдалану ғана емес, өмірден ләззат алу сезімінің жоғалуы. Медициналық тұрғыда депрессия мида нейрохимиялық бұзылыс факторларына байланысты. Бұл паркинсон сырқаты, инсульт, созылмалы неврологиялық және соматикалық аурулардан да туындайды. Жалпы депрессия синдромы бірнеше түрге бөлінеді: адинамикалық, ипохондриялық, астениялық, сандырақты депрессия, тағысын тағы. Облысымыз бойынша жан торығуына шалдыққандар қатарының басым көпшілігін мектеп оқушылары құрайды», дейді психотерапевт-дәрігерлер.

Рухы биік, арманы асқақ қазақ баласын олқылыққа барады деу санамызға бір сүңгіп шығатын ой емес. Қазақ тарихында орын алмай, жаңа технология заманымен қоса келген жан торығуын өткінші сезім дегеніміз қателескендігіміз. Қалай десек те, адам жаны мен тәнінің өзара байланыста екені көз жеткізілген шындық. Тән қажеттілігі қозғалыста болу, ішіп-жеу, қарқынды өмір сүру болса, жан қажеттілігі бұдан гөрі кең әрі терең. «Тәні саудың, жаны сау» демекші, тән саулығы бәріне бастау болғандай-ақ. Тәнімізге ем іздейміз деп, жанымызға нұқсан келтіріп жүргендеріміз қаншама?! Жалпы тән ұғымы адамның сұлбасы болса, жан оның келбеті.

Қандайда бір құбылыстың себебі болады. Адам жаны құпияларының әлі күнге дейін ашылмай келуінің себебі, бәлкім, осында болар. Өткен жылдың дерек көздері мектеп оқушылары арасында орын алған суицид, яғни, өз-өзіне қол жұмсауының көбейгендігін көрсетеді. 2009-2010 жылдар арасындағы тоқсандық көрсеткіштің өзі бұрынғыдан әлдеқайда жоғары. Өлім-жітімнің көбеюі тек жастар арасында ғана емес, нарықтан тарыққан шаңырақ иелерінде де бар. Айта кететін жәйт, оның ішінде ерлер саны басымдық етуде. Бұл дегеніміз, қазақ ұрпағының жалғасуына нұқсан келтіруші фактор, яғни, бұл жағдай демографияға да өз зиянын тигізуде. Бір ғана депрессия сөзінің астарында еңселі еліміздің болашағы жатқандығын біріміз білсек, енді біріміз біле тұра мән бермейміз.

Жан торығуына шалдыққан жасөспірімдерді мамандар отбасылық жағдайынан туындайды десе, баласын тасада қалдырып, нан талап етіп, үй көрмей теңге іздеп табанын тоздырған ата-ана сыныптағы бала санын түгендеп, оның сапалы білім алуына себепкер болып жүрген мектеп мұғалімдерін айыптауда. Таяқтың бір ұшы мектепке тисе, екінші ұшы ата-анаға тиіп отыр. Не де болса, олқылықтардың басым көпшілігі мектеп жасындағы жасөспірімдерден шығатындығын аңғарамыз. Алайда, мамандар бұл құбылысты акселерация дейді. Яғни, ерте ер жету не жедел жетілу деген ұғым. Өтпелі кезеңде жүрген жасөспірім үшін қоршаған ортасының селсоқтық көзқарас танытуы басты себеп. Мысалға: жас жеткіншектердің жауапсыз сезімдері, жоғары сынып оқушыларының үстемдік етуі, отбасының бала тәрбиесіне көңіл бөлмейтін ата-ана, тағысын тағы бар. Жан торығуына тек қана мектеп жасындағы жандар емес, сонымен қатар жұмысбасты азаматтар да шалдығып жүр. Олардың құрамында қарапайым халықпен қызмет жасайтын мемлекеттік мекемелер және емханалар, шағын дүкендер мен орталықтар, қоғамдық көліктерде қызмет жасаушылар сынды түрлі мамандық иелері де бар. Яғни, кез келген ауру түрі секілді депрессия да жас ерекшелігін таңдамайды.

Депрессияны қалай анықтауға болады? Өмірге деген қызығушылықтың жоғалуы, қорқыныш, үрей, ішкі мазасыздық, шаршау сезімі, күш-қуаттың болмауы, дәрменсіздік, фантастикалық ойлар мен бақилық өмірге құлшыныстың арта түсуі.

«Жаманнан жиреніп, жақсыдан үйрен» демекші, «еліктеуіш ел» атанып, шетелдік автокөліктер мен еуропалық сәнді киім үлгілерін, естіген құлаққа ерсі болатын әуендерін бойына сіңіре өскен қазақ баласы, әрбір шетелдік отбасыларының жеке психолог мамандарының бар екендігін және оған күнделікті жүгінетіндігін біле ме? Бұл жәйт алпауыт елдердің тек экономика саласында ғана емес, сонымен қатар рухани бай екендігінің дәлелі. Алайда, жан күйзелісіне шалдығып, уайым-қайғының торына шырмалған қазақ баласы психологқа жүгінуді ерсі санайды. Мамандардан көмек есебінде сенім телефондары да қызмет жасауда. Бірақ, жыл қорытындысына хабарласқан бір тірі жан жоқ дейді, мекеме қызметшілері. Депрессияға шалдыққан жандардың сауығып кетуіне қазіргі күннің мың сандаған дәрі-дәрмек пен таптырмас препараттар да жетерлік. Десе де, торыққан жанымызды емдеу үшін «психбольницаға» бас сұғамыз. Бұған наразы тек қарапайым халық емес, сонымен қатар медицина саласы мен мемлекеттік мекемелерде қызмет жасайтындар да осы қатарды толықтыруда. Әрине, күлкінің басты нысанына айналған «жынды» сөзінің қолданыс аясы еріккендер үшін мұқату мен келемеждеу ғана болып отыр. Өз өмірінен шер тарқатып, ой бөліспей, жаны торығып ем іздегендер спирттік ішімдіктер немесе уақытша жеңілдік әкелетін психобелсенді заттарды пайдалану барысында құштарлықты арттырып алу қаупін білсе де мән бере бермейді. Ол аздық еткендей енді депрессиядан шығу жолын жөн санағандар суицидке, яғни, өз-өзіне қол салуы әбден мүмкін.

Бүгінгі нарық заманы кімде-кімнің болмасын басты мәселесіне айналып отырғандығы хақ. Жұмыссыздық, материалдық қиындықтар, дағдарыс кезіндегі қысқартулар, отбасындағы түсініспеушіліктер секілді сан сұрақтың түп төркінін иемденген депрессия ертеңгі бола­шағымыздың бұлыңғыр бейнесіне айналмасына кім кепіл?!

Күйбең тіршілігіміздің сарсаңына түсіп, тағдырымыздың тосын тосқауылдарынан сүрініп те жатамыз. Адам өмірінде жеңіс пен жеңіліс, қуаныш пен қайғы, сәттілік пен келеңсіздіктердің кезектесе жүретіндігі — заңдылық. Өмірдің өзі күрестен тұратындығы және де өмір шыдамдыны ұнататындығын санамыздан шығармаған жөн.
Пендешілігімізге бой алдырып, «тәуекелге» бел буып жан саулығынан арылып қалмайық, ағайын…

Айгерім МЕҢДІБАЕВА

http://www.syrboyi.kz