АЛТЫНОРДА
Новости

Ходорковскийді босату шешімін Керри құптады

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри Михаил Ходорковскийді рақымшылықпен түрмеден босатқан Ресей президенті Владимир Путиннің шешімін құптады.

Бұған қатысты Керридің мәлімдемесінде Ресей әділет жүйесіндегі олқылықтар, соның ішінде Ходорковский мен оның бизнестегі әріптесі Платон Лебедевке қарсы істегі процессуалдық құқық бұзушылықтарға қатысты АҚШ-тың бірнеше рет алаңдаушылық білдіргені туралы айтылған.

«Вашингтон Ресейді сот жүйесін реформалауға табанды түрде шақырады» делінген мәлімдемеде.

Кеше Карелия өлкесіндегі түрмеден босап шыққан Ходорковский Берлинге келген еді. Бостандыққа шыққан соң жасаған алғашқы мәлімдемесінде ол «отбасылық жағдайға байланысты» рақымшылық жасау туралы президент Владимир Путинге қарашаның 12-і күні өтініш бергенін, бірақ онда «айыбын мойындау туралы мәселе болмағанын» айтқан.

Қазір жасы 50-ге келген Ходорковский 2003 жылы тұтқындалғанға дейін Ресейдегі ең ірі ЮКОС мұнай компаниясын басқарған. 2005 жылы «салық төлеуден жалтарды» деген айыппен ұзақ мерзімге сотталған Ходорковскийге 2010 жылы «табысын жасырды» деген айыппен екінші мәрте жаза кесілген. Ол өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, саяси астары бар деп санап келген. Оның түрме жазасы 2014 жылдың тамызында аяқталуы тиіс еді.

 

http://www.azattyq.org/archive/news/20131221/330/330.html?id=25207882