АЛТЫНОРДА
Новости

Вена соты Рахат Әлиевті тергеу мерзімін ұзартты

Рахат Әлиев.  Бұл туралы КазТАГ агенттігі хабарлады. Қазақстандағы жергілікті агенттіктердің ақпаратына қарағанда, Рахат Әлиевтің қамау мерзімін Вена соты 21 маусым күні бір айға ұзартқан.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеубаласы Рахат Әлиев Австрия астанасы Вена қаласында 5 маусым күні кешке ұсталған еді. Австрия соты оның 21 маусымға дейін қамалғанын хабарлаған. Енді тергеу мерзімі ұзартылып отыр.

Тергеу мерзімінің ұзартылғанын австриялық Heute.at агенттігі де хабарлады.

Әлиев тұтқындалған күні Вена прокуратурасына сілтеме жасаған Қазақстан бас прокуратурасы «Әлиевті ұстауға «Нұрбанк» топ-менеджерлері Ж.Темірәлиев пен А.Хасеновті ұрлау және өлтіру фактісі бойынша тергеу материалдары негіз болғанын» хабарлаған еді.

Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваның бұрынғы күйеуі Рахат Әлиев 2007 жылдан бері шетелде жасырынып жүр.

Бұған дейін Қазақстан соты Рахат Әлиев пен Ұлттық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы төрағасы, «Әлиевтің сыбайласы» деп сипатталатын Әлнұр Мұсаевты «Нұрбанк» топ-менеджерлері Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновты ұрлаған және тағы бірнеше қылмыс жасаған деп айыптап, екеуін ұзақ мерзімге соттау туралы сырттай үкім (жиыны 40 жылға соттады — ред.) шығарған.

Қазақстан билігі Рахат Әлиевке «адам өлтіру және кісі ұрлаудан» бөлек, «қылмыстық топ құрып басқарды, мемлекеттік төңкеріс жасауға тырысты, мемлекетке сатқындық жасады» деген де айыптар таққан.

Австрия бұл істер бойынша Рахат Әлиевті Қазақстанға беруден «сот әділетті болмауы мүмкін» деген күдікпен екі рет бас тартқан еді. 2007 жылы жоғалып кеткен Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтің мәйіті 2011 жылы табылып, осы жылы Австрия Әлиевке қатысты жеке тергеуін бастады. Бұл шақта «Рахат Әлиев Мальтаға кетіп қалды» деген хабар тарады.

2013 жылы 20 желтоқсан күні Қазақстанның бас прокуратурасы «оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырысты Рахат Әлиев берген» деп мәлімдеді. 2014 жылы қаңтарда Қазақстан прокуратурасы Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаевтың үстінен олардың оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбаев пен оның екі серігінің өліміне қатысы бар-жоғын анықтау мақсатында қылмыстық ісқозғауға өтініш түсірді. Бұдан соң Рахат Әлиев Алтынбек Сәрсенбайұлы өліміне қатысты істе күдікті деп танылды.

​Рахат Әлиев 2007 жылы «Азаттық» радиосына берген арнайы сұхбатында Алтынбек Сарсенбайұлының өлімінің артында Қазақстан президенті тұр деп айыптаған еді.

http://www.azattyq.org/content/news/25430751.html