АЛТЫНОРДА
Новости

ҰЯТ ҰМЫТЫЛА БАСТАДЫ

fd1a5dba790b7849139dc9cf72e08764Бір кездері дүкендерде ішкиімнің өзі көзден тасалау жерге қойылатын. Өзіне шақ киім іздеген қыз-келіншек айналасын бір шолып, жақын маңда еркек атаулы жоқтығына көз жеткізген соң ғана қалағанын алушы еді.

Айтпақшы, балаларға анасы алып бермесе, кейбір ересектер алған трусиінің ақшасын төлеуге келгенде, сатушыдан ұялатын. Ал кішкене кезімізде үйде анамыз жуған ішкиімдерді қайда жаятыны белгісіз еді. Әйтеуір көзге түсетін жерге ілмейтін. Міне, ұлы ұяттың салтанат құрған заманы осылай есте қалды.

Қазір ше? Ұят ұмытыла бастады. Жасына қарамай кісіні қорлайтын көріністер көбейді. Айталық, Алматының қара базарына бара қалсаңыз тыржалаңаш манекендерді көресіз. Баламен немесе туыстармен қатар жүруден қалдық. Дәл осындай жайсыздау жағдайлар ірі сауда орындарында да бой көрсете бастады. «Әй, мынаның үстіне бірдеңе ілсеңші?» дегің келеді аузың қышып. Мұндай сұрақ кейде мазмұны жоқ әңгіме секілді естіле ме, әлде сана солай өзгерді ме, «онда тұрған не бар, бұл жай манекен ғой» деген жауапты да естідік. Қазіргі жастарға  салсақ, бәрі үйреншікті құбылыс.  «Жай» деген сөзді жайбарақат отырып айта салады. Олар үшін ұяттың өзі ұят емес секілді.

Бәрінен қызығы, көшелер мен дүкендерді  дүрбелең еткен жағымсыз жарнамалар Алматыда арсыздықты насихаттауда алдына жан салмай келеді. Мәселен Гоголь мен Желтоқсан көшелерінің қиылысындағы тұрғын үйлердің астында ұятты жерін бір жапырақ матамен жапқан қыздың суреті тұр. Ары-бері өткен үлкен кісілер байқамағансиды-ақ, ал жастар жағы – жырқ-жырқ. Сол жарнаманың иесі кім екенін сұрап жатқан пенде жоқ. Тіпті оны қалада жарнама орналастырумен айналысатын мекемелер де білмеуі мүмкін.

«АДК» сауда орталығындағы азық-түлік бөлімінде де санын жалтыратып бір қыз отыр. Оның жанында арнайы суретке түсіп жатқан жастарды көріп, жағамызды ұстадық. Жарнама жақсы-ақ, бірақ қадірі кеткен қыздың қасындағы суретті ағайынға қалай көрсетесің?

Алматыда атақты көкбазар жанындағы  «Алма» сауда орталығының екінші қабатында  «SEKS-шоп» дүкенінің жарнамасы да жүрек айнытады. Жамбасын «жарнамалаған» жас қыздың үлкен суретінен көз сүрінеді. Әдемісі әдемі…бірақ ұят одан биік тұруы тиіс еді. Дәл осындай сурет Әуезов пен Ғабдуллин көшелерінің қиылысындағы орталық әмбебап дәріхана ішіне де орналастырылған. Ал «Мега-орталық» сауда орталығында бірегей бренд саналатын әйелдерге арналған киімдер ішінде қыздардың кеудешелері тұр. Кеуде тұсына жартылай жалаңаш екі қыздың суреті салынған. Осындай кеудеше киген қыздарды да көрдік.  Таяуда теледидардан бір жігіт қылмыстық оқиғаға байланысты түсініктеме беріп жатыр. Үстіне киген қара жейденің кеудесіне үлкен сары түсті әріптермен «Хороши секс – снимает стресс» деп жазып қойыпты. Сонда қалай, бір адам «мұның  не?» демесе, тәртіп сақшылары тоқтатпаса, қоғамның қадірсіздігін дәлелдемей ме? Олардың түсінігінде ұят өлген, адам бойындағы асыл қазына, тоқтау салатын сезімнің семіп,  қара жерге үлкендермен бірге  кете бастағанына жаның ауырады.

Газет-журнал дүңгіршектерінде самсап тұрған жабайы журналдарды оқушылардың сөмкесінен де табуға болатындығын бұрын да жазғанбыз. Кейбір музыкалық арналарда аймаласып қалатын айымдарды былай қойғанда,  төсектен тұрмай қоятындар шықты. Оны да айттық. Енді сауда орындарын сағалаған, мәдениет орындарын жағалаған жалаңаштар жаны қазақ жұрттың жүйкесін жұқарта бастады. Қарсы тұратын қазақтардың қатары азайып, қауқары таусылғандай.

Шаруадан шаршадық па, әлде бәріне қолды бір сілтедік пе, әйтеуір бір бойкүйездік бойымызды меңдеп алды. Айналаға аңтарыла қараймыз, бірақ төңіректегі болып жатқан жат нәрселерге тоқтау салуға септігімізді тигізе алмаймыз. Тым болмаса алшаң басқан арсыздыққа қарсы тұрайықта. Қазақ қазақтан ұялса, ұлттың ұлы қасиетін қадірлеуге атсалыспаса, арсыздыққа тосқауыл қоя алмаса, жаһандану деген жалмауыз бұдан да күшейген тұста ұрпақ алдында қадірсіз боламыз. Сондықтан мен де, сен де, бәріміз де үнсіз қалмайық. Ұяттан да ұят болмасын!

Дуанабай Жолдасбек

 

http://www.aikyn.kz/articles/view/31231