Абай ОМАРОВ (коллаж)
Алғашқы қауымдық құрылысты жабайы, артта қалған қоғамға балаушы едік. Бүгінгі өркениетті тіршілігіміздің де оңып тұрғаны шамалы екен. Адамзат бір қадам алға басқан сайын, екі қадам кері кетіп барады. Өндірісті өркендеттік, есесіне, улы газ бен зиянды қалдыққа қарық болдық. Ғарышты игеріп ек, озон қабатын шұрқ тесік етіп, жұқартып тастадық. Мұхит-теңіздің түбін ұңғып алған мұнайымыз сыртқа ағып, ихтиофаунаны ластап бітірді.
Күні бүгін дүниежүзінде түрлі қажеттіліктер үшін табиғи қазба байлықтарының ондаған түрі мен 60-тан аса химиялық элементтер қолданылады. Жыл сайын жер қойнауынан алынған 44 млрд тонна байлықты жұтып жатырмыз. Жан басына шаққанда жылына 8 тонна шикізатты тұтынамыз. Соңғы бір ғасырда бұл көрсеткіш төрт есеге өскен. Табиғат қазынасына бұлайша қомағайлықпен қол салу күндердің күнінде адамзатқа кері әсерін тигізбей қоймайтыны белгілі. Адамның ашкөз іс-әрекетінің нәтижесінде жаңа, бұрын-соңды болмаған техногендік аурулар пайда бола бастады. Атап айтқанда, қорғасынмен уланудан сатуризм, кадмийден «ита-ита», сынап қосылыстарынан минамата секілді дерт түрлері басымызға бәле болып жабысты. Бұған дейін экология сөзін табиғатқа қатысты қолданатынбыз. Енді кезек өзімізге келіп, «адам экологиясы» деген ұғым пайда бола бастады. Өркендейміз деп жүргенде өзімізге өзіміз ор қазып жатқандаймыз.
«Техникалық прогрестің төресіндей көрінген теледидар, компьютер, қалтафондар аса қауіпті сәуле таратады, соқыр, саңырау қылады, мида қатерлі ісіктің пайда болуына ықпал етеді» дейді мамандар. Таңның атысы, күннің батысы «көк жәшіктің» алдында көсіліп жататын жас-кәрі Қазақстанда да аз емес. Оларда қимыл-қозғалыс аз. Сондықтан семіздік, жүрек-қан тамыр дерті, көру қабілетінің төмендеуі, ми қызметінің бұзылуы жиі кездеседі. Зерттеулерге сәйкес, үш пен алты жас аралығындағы баланың басым бөлігі тәулігіне 8-10 сағат бойы тапжылмай теледидар көреді екен. Оларды таза ауаға шығарып, спортпен шұғылдануға икемдейтін ата-аналар саны онша көп емес. Қайта өздерімен бірге сериал қаратып, «жыламаса, шу шығармаса болды, теледидардың алдында отыра берсін» дейтіндерін қайтерсің.
Өмірімізге дендеп енген ұялы байланыстың зияны тіпті ересен. Ғалымдар мынадай эксперимент жасаған. Екі қалтафонның дәл ортасына шикі жұмыртқаны қойып қоңырау шалады. Үздіксіз шалынған қоңыраудан тараған электромагниттік өріс ақыры шикі жұмыртқаны пісіріп жіберген. Әрине, қалтафоннан шығатын электромагниттік өріс адам ағзасына бірден дәл бұлай зиянын тигізбеуі мүмкін. «Бірақ біраз жылдың ішінде жиналып, кумулятивті әсер етеді» дейді мамандар. Олар, әсіресе «үш жастан алты жасқа дейінгі балаларға телефон беруге болмайды» деп дабыл қағуда. Өйткені электромагнитті өріс өсіп келе жатқан миға кері әсер етіп, кейін баланың есте сақтау қабілетін нашарлататын көрінеді. Өкінішке қарай, бүгінде электромагнитті өріссіз орта жоқ. Ол интернет, мектептердегі лингофондық кабинеттер, интерактивті тақталардан да шығады.
Техника дамыды, алайда оның залалы да еселеніп барады. Ұялы байланыстың адам ұрығына да кері әсері қазір дәлелденген жағдай. Бұл туралы биология ғылымының докторы Салтанат Байқошқарова былай деген екен:
– Осыдан он шақты жыл бұрын біз зерттеу жүргізе бастағанда, ерлердің ұрығының белсенділігі жоғары болатын. Бар болғаны 10 жыл ішінде ол белсенділік бірден 30 пайызға төмендеді. Мұның себебі өте көп. Экологияның бұзылуы, ғылыми-техникалық революцияның «жемісі», арақ пен темекі, тіпті адамзаттың барлық жеткен жетістіктерінің зиянды жағы әсер етіп жатыр деуге болады. Бірде шетелде өткен конференцияда «ұялы телефон ер адамның ұрығына арақ пен темекіге қарағанда, екі есе көбірек және үш есе жылдамырақ зиян келтіреді» деген тұжырымдар жасалды. Қазір шет мемлекеттердің кейбірінде 16 жасқа дейінгі балаларға ұялы телефонды ұстауға тыйым салынған. Және «әр адам ұялы телефонды өзінен кем дегенде 1 метр қашықтықта ұстауы керек» деген тәртіп енгізуде. Олар ұялы телефонды алыстан басқару тетіктері немесе құлаққап арқылы пайдалануға көшіп жатыр. Ал біздегілер телефонын басына жастап ұйықтап, таңертең соның шырылымен оянады. Бұл баста ісік тудыруға «көмектесетінін» ғалымдар әлдеқашан дәлелдеген. Енді ұялы телефонның ер адамдардың репродукциялық (бала туғызу) қызметіне айрықша зиян екені айтылуда. Біздің ер адамдарымыздың көбі телефонын беліне жақын жерге, белбеуіне қыстырып жүретіні жасырын емес. Мен «ерлердің белсізденуіне ұялы телефон айрықша әсерін тигізіп жатыр» деп қадап айтқым келеді», – дейді ғалым.
Автор: Тоқтар КЕНЖЕҒАЛИЕВ, Орал
http://alashainasy.kz