АЛТЫНОРДА
Новости

Түркістандық ғалым тудың сырын ашты

АСТАНА. 31 наурыз. BAQ.KZ – Таяуда редакциямызға тарих ғылымдарының докторы, профессор, Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың Археология ғылыми-зерттеу орталығының директоры Сәйден Жолдасбаевтан хат келді. Онда тарихи мұрамызға қатысы бар бір сурет туралы баяндалған.

Сіздерге бұл суретті жі­бе­рудегі мақсатымыз, ондағы бейне­ленген көріністі ту басына қадалған қоладан жасалған рәміз деп ойлаймыз. Сондықтан осы рәмізді халқымыздың бір белгісі деп танимыз. Алайда бұл рәміздегі жазулардың мән-мағынасы осы күнге дейін белгісіз болып келген. Аталған рәміз Отырар қаласында қазба жұмыстары жүргізілгенде табылып, «Соңғы ортағасырлық Отырар (ХVII-ХVIII ғғ.)» кітабына кірген (169 бет). Бірақ та археологтар бұл тудың басына терең мән бермегенге ұқсайды. Бұл суретке алғаш рет Өзбекәлі Жәнібеков назар аударып, «Ежелгі Отырар» атты кітабына енгізген. Біз халқымыздың ұлттық рәміздері туралы материалдарды жинастыру барысында осынау суреттің маңызын жоғары бағалай отыра, ондағы бедерленген сөздерді университетіміздің түркология ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Орынбай Бекжанға оқытып алуды жөн көрдік. Тарихи жазудың мағынасын оқып, түсіндіріп берген Орынбай Бекжан: «Отырардан табылған ту сабының ұшына қондыруға арнайы жасалған металл қалбырдың ортасындағы ойыққа ерітіліп, құйылып жазылған жазу араб әліпбиімен жазыл­ған. Мағынасы Аллаһ тағаладан басталған есімдер екені анықталды. Жазбада «Аллаһу акбару, Мухаммад расулу Аллаһ, Арслан баб, Ахмат Йассауи» деген сөздер анық бейнеленген. Бұл сөздер ұран ретінде жазылған» деп қорытынды жасады. Біздің айтпағымыз, бұл көне жәдігерге араб тілінің мамандары не дер екен? Егер ол шын мәнінде халықтық мәні бар терең дүние болса, онда біз бұл суретті жарыққа шығуы әзірленіп жатқан 10 томдық тарихи еңбегімізге «ХVII-ХVIII ғасыр аралығындағы халқымыздың туындағы ұраны» деп енгізсек деген ойымыз бар.

 

Сәйден ЖОЛДАСБАЕВ

http://baq.kz/kk