АЛТЫНОРДА
Новости

Тоқаев: Украинадағы әскери қылмыстарды ЕҚЫҰ тексеру тиіс

Қазақстан парламентінің хабарлауынша, 3 қазан күні сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Парламенттік ассамблеясының отырысына қатысқан.

Тоқаев осы жиында Украина дағдарысына қатысты Қазақстан позициясын білдірген. Парламенттің ресми сайтының жазуынша, Тоқаев «Украинадағы оқиғалар украин халқының ғана қасыреті емес, қазір олар қырғиқабақ соғыс белгілері пайда болғандықтан, халықаралық қауіпсіздікке де қатер төндіріп тұр» деген.

Сенат төрағасы «Украинадағы соғыс қимылдарын тоқтатып, олардың орнына диалог жасалуы тиіс» екенін, «ол келіссөздер ЕҚЫҰ көмегімен Украина мен Ресей басшылары арасында жүруі керек» екенін айтқан. Тоқаев ЕҚЫҰ-ны «санкциялар қақтығысын» тоқтатуға ықпал етуге шақырған. Оның сөзіне қарағанда, санкциялардан Ресей экономикасы ғана емес, санкция салып отырған Батыс елдерінің де нарығы зиян шегеді.

Ол бұдан бөлек, «ЕҚЫҰ-ның Украинаның бейбіт тұрғындарына қарсы жасалған әскери қылмыстарды тексеруі керек» екенін айтқан. Тоқаев «адам азаптау, бейбіт тұрғындарды атқылау сияқты адамзатқа қарсы қылмысқа кінәлілер жауапқа тартылуы тиіс» деген. Сенат спикерінің пікірінше, «бұл — қазір ЕҚЫҰ алдында тұрған төтенше міндет».

2014 жылдың ақпан-наурыз айларында Украинаның шығысында және Қырымда ресейшіл сепаратистер бүлік шығарып, наурыз айында Ресей Украинаның Қырым түбегін өз аумағына қосып алған еді. Содан бері Украинаның Донецк және Луганск облыстарында үкімет әскері мен сепаратистер соғысып жатыр. Атысты тоқтату туралы бітім 5 қыркүйек күні жасалғанымен, бұл аймақтардағы қарулы қақтығыстар әлі тыншымай тұр. Батыс елдері сепаратистерге қолдау көрсетіп отыр деп Ресейді айыптайды.

http://www.azattyq.org/archive/news/20141004/330/330.html