АЛТЫНОРДА
Новости

Тілі күрмелген тіл һәм ғалымдардың қауқарсыздығы мен опасыздығы хақында

Бейсен  АХМЕТҰЛЫ

Міне, бұл – өзекті мәселе.
Қазақстанда тіл туралы құзырлы мекемелер жетерлік. Олар не істеп жүр? Ғалымдар ше? Менің апамның сөзімен айтқанда олар: «Шошқа тағалап, ай қарап, жұлдыз санап жүр». Қазақстан Тәуелсіздік алғалы 22 жылға аяқ басты. Сол 22 жылда қазақ тілі грамматикасындағы бодандық тарапынан қордаланған қорлау үдерісі одан әрі дамытылуда. Ақсақал академик ағаларымыз шамасы жеткенді қойып, сақалдарын сатып, сапаларын түсіріп жүр. Абайдың қара сөзінде «Сақалын сатқан кәріден//Еңбегін сатқан бала артық» деген бар. Мына сұмдықты 22 жыл кеудемде жасырып келдім.

 

1. Тілгер-ғұламалар мен тіл институттарының сиқы

 

Енді, сол академиктердің де керегі шамалы екенін тарих дәлелдеді. Грамматикалық сорақылықтарды түзетуге қабілеттері жетпеді. Ұят пен намысты ысырып қойып, ұлтқа жасалған опасыздықтарға қауқарсыздық арқылы үлес қосуда.

Академик-математик Асқар Жұмаділдаев ағамыз айтпақшы: «Қазір академиктер екі түрлі болады, олар – есеп шығара алатындар және есеп шығара алмайтындар». Бұл – математиктерге қаратылып айтылғанмен барлық ғылым саласын жаулаған дерт. Атағы таудай, абыройдан жұрдай ғұламалар тобы, әсіресе, осы тіл саласында топырлап жүр. Атап айтқанда, Ахмет Байтұрсынов (академик емес, қарапайым тіл зерттеуші) атамыздың жасаған әліппесін сақтаудың орнына бұзып, тіл грамматикасын табиғатынан ажыратып, басқа тілдік жүйеге бұрғаны өз алдына, енді егемен болғанымызда соны түзетуге қырын қарап отыр.

2. Әліпбиге опасыздық

1. Тіл жанашырлары айтпақшы, қазіргі әліпбиде «Бұралқы әріптер толып жүр». 42 әріппен мақтанып болдық! Енді ес жиятын уақыт келді. Бұл тілді бұзу үшін жасалған саясат екенін әлі ешкім білмей ме? Атап айтқанда Ь, Ъ, Я, Ю, Ё, Э, Ц, Ч, Щ, И, Һ, Х қатарлы әріптердің тиістілерінің көзін жойып, жарамдысын ғана қалдыру керек. Мысалы: Ц – с/тс; Ч – ш/тш; Щ – шш; Я — йа,йә; Ю – ыйу,ійу; Ё- йө,йо; Э – е; Х – қ түрінде жазу мүмкіндігі бар, қалғанын шұбыртып қажет емес.

Басқасын былай қойғанда, Х әрпін алайық. Тіліміздің табиғатында жоқ дыбысты қолдан жасап, түркі тілін парсы, араб тілдеріне бағындыру емес пе? «Х» дыбысын қазақы «Қ» дыбысынан гөрі жұмсақ дыбысталады деп оқытып жүрміз. Ал, оны Ахмет Байтұрсынұлы атамыз шет тілден, атап айтқанда араб, парсы тілдерінен енген сөздерге «Бөгенай» (сыртқы тұрпатын сақтау) үшін пайдалану керек дегенін «академиктер» білмейтін сыңайлы. Бұл – есекті жылқы деп айтумен бірдей ұятсыздық.

2. Қазақта бұралқы әріптерді қоспағанда – 26 әріп, 28 дыбыс бар. Мұнда «й, у» бірде дауысты бірде дауыссыз дыбыстың рөлін атқарады. Ендеше орысша айтқанда, «Й»-дің керегі жоқ. Тіпті, ал керек болса онда «У»-ға да бір «әріптес» жасап беру керек.

3. Һ,  Х,  Ф, В, Ч әріптерін Ахмет Байтұрсынұлы атамыз шет тілден енген сөздерге қолданылады деп көрсеткен. Бұл әріптер қазақ тіліне кірген сөздер үшін бөгенай ролін атқарады. Ал, оны дыбыс ретінде санауға бола ма? Болса, қалай қолданылады? Міне, бұл қазақ грамматикасында бекітілмеген.

4. Бізде әліпби алмастыру маңызды емес, алдымен әліпбиді тазалау маңызды.

Бұл айтылған пікір тілгер-ғалымның емес, жай ғана тілді тұтынушының сөзі деп қабылдаңыз, бірақ қатесі мен жалғаны болса, ғалымдар жоққа шығарсын, қарсы пікірін айтсын! Олар қашанғы басын тыққан түйеқұс болып тілдің мәселесінен бас тартып отырады? Бұл мәселелерге неге Тіл комитеті, Тіл білімі институты назар аудармайды, шешімді қолға неге алмайды? Латынға көшерміз-ау, қазіргі әліпбиді түзетіп неге тазалап бермейді? Соған да Президенттің Жарлығы керек пе? Ғылыми ұстаным мен принцип деген қайда? Елдегі жүздеген докторлар мен мыңдаған фиология ғылымдарының кандидаттары не қарап отыр? Ғылымға бөлініп жатқан миллиондаған қаржыны пайдалана алмайтын, жоба жасай алмайтын сорлылар қалған ба филологияда?

3. Тілдік сананың сатқындығы

1). Аударма. Орысша ойлап, қазақша аударып жазу. Қазақ тілінің сөз тіркестері мен сөз орамдары орыс тілінің заңдылығына бағынып бітті! Енді әйеліне қарай айтатын сөзді қазақ «сен екеуміз» демей, «сен және мен» деп тәлтіректететін болды. Мұның барлығы дүбәрә тілмаштар мен аудармашылардан тілге енген жаңа «норма»! Мұның бәріне «қой» дейтін қожа жоқ! Аударма саласы бетімен кетті. Онсыз да аудармашылар жетімнің күйін кешіп жүр. Ал, аударма саласы қазақ тілін құрту саласына айналуда. Тіл мен сөз мәдениетінің жоқтығы мен үстінен қарайтын құзырлы орындарда соны түсінетін немесе білетін адамдардың жоқтығы тіл ауруын шегіне жеткізді. Аудармашыларға көмек құралдары мен электрондық саймандар, сөздіктер қыруар қаржы бөлінсе де әлі жоқ. Салмағы бес батпан сөздіктер кітап болып шығып, кімнің қолына тиіп жатқаны белгісіз, оның ішіндегі кеңестік ескірген архаизмнен ат үркеді!

Қазақ тілі орыс тілі арқылы шет тілдеріне шығып, ауқымы тарылып отыр. Мысалы, бурыл, құла, шалқұйрық сынды жылқы түстерін орысшаға аудара алмайсыз. Тарғыл сиыр деуге болады, ал тарғыл ат десеңіз менің апам күлкіден талып қалар!..

2). Атау сөздер (Термин). Термин мәселесі ушығып бітті. Тілді тексіз терминдер жайлады. Мысалы, әскери бұйрықтарға қараңыз: «Смирно!», қазақы баламасы «Қалши!». Бір қарағанда дөрекі естілгенімен, бұл қазақтың бейнелі сөзі онсыз да тікесінен түрегеліп тұрған адамға «Тік тұр!» деген топас тіркес қолданылып жүр. «Тік тұр!», «Еркін тұр!» деген бұйрық сөздерінің сипаты мен салауатына сай келмейтінін білмей ме? Жоқ әлі де тілді қорлағаны ма? Осы сөзді естіп, менің 70-тегі апам көзінен жасы аққанша күлген. Мен жерге кіріп кете жаздадым. Масқара! Сонда анау Алаш Орданың «Ди-хат!», «Ра-хат!» деген бұйрықтарын білмеуі мүмкін емес ғой. «Дихат» деген сөз көне сөз, «дихат етіңіздер, абайлаңыздар» деген бар емес пе?! Бұл елдегі тілдің қолданымы тілбілім ғылымы тарапынан тыс беталды кеткенін көрсетеді.

3). Қазақтардың тілі келмейтін сөздер немесе тіл табиғатынан тыс сөздерді термин немесе балама сөз ретінде қабылдау кенже қалған. Мысалы, «Функцияның» қазақшасы – «иқуат», «Конституция» – ата заң, «емблема» – құтбелгі т.т. Арам шөптей қаптаған, менің апам мен атамның тілі келмейтін сөздерді іріктеп, қазақ сөзімен алмастыру немесе тілдің дыбыстық заңдылықтарына үйлестіретін уақыт болды.

4). Екпін мәселесі. Қазақта тіл үндестік заңы бойынша талданады. Ал, екпін мәселесі орыс тілі грамматикасының екпін заңы бо­йынша талқыланып жүр. Бұл есекке жылқының терісін кигізгендей мәселе. Қазақ тілінде екпін мәселесі басы артық жұмыс. Негізі екпін жоқ деуге болады, ол орыс тіліндегідей маңызды емес, қазақ сөзінде екпін біркелкі түседі. Ал, қазіргі ережедегідей әр сөздің соңына екпін түсіріп айтсаңыз, дем жетпей, жансақтау бөлімінен бір шығуыңыз кәдік.

5). Тілшілік (Журналистика) тілі қара­байыр, жұтаң екені өз алдына – сауатсыз. Тіл­шілердің тіл туралы табиғаты таяздап барады, сонда оларға тіл сабағы жүрмей ме? Мысалы, «Болады ма? Болмайды ма?» – дейді. Бұл –  қазақшаны жаңадан үйреніп жүрген орыстар мен қытайлардың сөзі ғой. Шын мәнінде «бола ма, болмай ма?» деп тіл табиғаты мен заңына сай айту керек емес пе? Ондай тілі дұрыс шықпағандарды тілші ету – тілге қиянат!

6). Орысша род жасау мода ма? Қазақы тіл табиғатына қайшы ерсі нәрсе. Мысалы, «азамат, азаматша» деген сөздерді талдап көріңіз. -ша, -шын, -шық деген сөз түрлендіруші жұр­нақтар бар. Азаматша – кәмелетке толмаған, толық азамат жасына жетпеген деген мағына береді, «тайынша» – екі жасар жас сиыр, сол секілді: буыр+шын, бұқа+шық сөздері де еркек түйе мен еркек сиырдың жас екендігін білдіреді. Ендеше «азаматша» деген әйелге қатысты сөз емес, кәмелетке толмаған, азамат деуге келмейтін адамды меңзейді емес пе? Бұл жұрнақтар алдындағы түбір сөзге анықтама бере түрлендіреді. Ал, оны орысша родқа айналдыруды қай білгіш тіл грамматикасына енгізген?

7). Грамматикалық басқын. Орыс ті­лі грамматикасының қазақ тіліндегі грам­ма­тикаға басқыншылығы. Мысалы,Қазақстан­да бүкіл шет елдік ел аттары мен адам аттары Орыс тілінің грамматикасы бойынша алынған. Мау Зыдұң (орысша – Мао Цузедунь), Ши Жинпиң (Си Цинпинь). Сонда біздің тілдік дыбысымыз басқа шет ел мен адам аттарын атауға толық қабілетті болса да, анау түпнұсқадан әлдеқайда мүкіс айтылатын орысшасына неге жабысып жүрміз? Әлде тіліміз әлі тәуелді ме!?

4. Тілдің тағдырын ойыншық етіп отырғандар – опасыздар!

Тілдік тәуелділікті ғұламаларымыздың түсінбегені, әлі де бодандық тұлғасына табынып жүргендігін айғақтайды.

22 жыл тілімізді тазалау мен отарлықтан құтылып, өз табиғатына бет алуына кесе көлденең болу – тіл институттары мен кафедралардың жұмысының нәтижесі мен сиқы. Әйтпегенде, сол сорақылықтарды көрмеулері мүмкін емес.

Тіл ғалымдары, шын мәнінде, бұл жағдайды түзеуге қабілетсіз, әрі жылы орындарын босатқысы келмейтін қызғаншақ, көрсеқызар.

Ұлттық намыс пен ұждан кемшін. Ұлтқа, болашаққа деген жауапкершілік жоқ. Тек атақ пен ақша үшін отырғандар!

5. Қазақ тілінде ше­тел ғалымдарының не әкелері­нің құны бар?

Қазақстанда қазақ тілінің мәселесімен айналысып, шешетін құзырлы мекемелерде толымды мамандардың жоқтығынан болар, Германиядағы түрколог-ғалымдар осы мәселе бойынша арнаулы жобаны жүзеге асырып жатқандығы белгілі болып отыр. Атап айтқанда, Гиссен Университеті түрколог-ға­лым, профессор Кирчнер Марк (Kirchner Mark) мырза мен осы университеттің та­ғы бір түркологы, профессор Райхангүл Мұха­ме­дова (ұлты – ұйғыр) ханым біраз жылдан бері қазақ тілін зерттеуге арналған жобаны жүзеге асырып жатқан көрінеді. Бізге жеткен ақ­парат бойынша, «VW-Projekt: Kasachisch. Struktur und Funktion der Staatssprache des postsowjetischen Kasachstans» деп аталатын жобада Райхангүл есімді ұйғыр мен Марк есімді неміс жігіт Германия мен Қазақстан екі жақтап қаржыландырудағы арнайы жобамен қазақтың ауызекі тілін бір бөлек, грамматикалық қателіктерін бір бөлек құлағынан тізіп, қазақ ғалымдарын есекке теріс отырғызатындай іспен ­шұғылдануда. Әзірше бұл жоба нәтижелері жарияланған жоқ. Ал, сол мәселелерді бес саусағындай білетін қазақтарымыздың көзге ілінбей, намыстарының тапталуы мен құзырлы мекемелердің 22 жыл қазақ халқын алдап келуі қадірімізді қашыруда.

Аталмыш жайтқа мына сілтемелерден қанығуға болады:

http://www.uni-giessen.de/cms/fbz/fb04/institute/turkologie/personen/mukhamedova.raikhangul

және http://www.uni-giessen.de/cms/fbz/fb04/institute/turkologie/personen/kirchner.mark#bio

Міне, масқара! Қазақтан қазақ тілін зерттейтін адам таппай, қытайдың боданындағы ұйғырдан шыққан бикеш пен неміске күніміз түскені – Тіл комитеті мен Тіл білімі институтының шынымен «шошқа тағалап жүргендерінің» дәлелі емей немене?! Әйтпесе, жылда миллиондап бөлінетін қаржының нәтижесі мен салдары қайда?

Қанымызды қыздырып, намысымызды қоздырған осы мәселелер мен жайттарды үстіртін жазғанымыз үшін қалың оқырманнан кешірім сұраймыз, алайда мына ахуалмен тіл мәселесін шешетінімізге үлкен күмәнмен қарауға болады.

Алла бәрімізді таза да, тәтті, құнарлы да бай, асыл да текті Ана тіліміздің нәрімен сусындауды нәсіп етсін!

 http://www.ulttimes.kz