АЛТЫНОРДА
Новости

ТІКЕЛЕЙ БАЙЛАНЫС ОРНАДЫ

20150711173815Экономика салаларындағы тәртіп пен заңдылықтың қандай деңгейде сақталатынын
бақылау мақсатында Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кіріс комитеті биылғы жылдың 11 шілдесінен бастап ұялы телефондағы «WhatsApp» қосымшасында ресми аккаунтын іске қосты. Бұл аккаунт арқылы Қазақстан азаматтарынан экономика саласындағы заң бұзушылықтар туралы ақпараттар, фотосуреттер мен бейнежазбаларды жинау жолға қойылды. Қоғаммен тікелей байланыс құралын қолдану комитет қызметінің тиімділігін арттыруға және экономикалық салада құқық бұзушылықтардың санын азайтуға мүмкіндік берді.

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті жақында Алматы облысының аумағында орналасқан бес табиғат қорғау ұйымдарының 11 бақылау-өткізу пункттеріне қатысты тексеру жүргізді. Мемкірістер комитетінің Дамыту және жаңғырту департаментінің басқарма басшысы Жамбыл Сұрағановтың мәлімдеуінше, бақылау нәтижесінде облыстағы барлық ұлттық парктерде айрықша қорғалатын табиғи аумақты пайдаланғаны үшін алынатын ақының ай сайын артып отырғаны анықталды. Пайдаланушылардан алынған ақының жалпы сомасы шамамен 4 миллион теңге. Ал, осы ұлттық парктер орталыққа беретін есептерінде бұл соманы екі еседен артыққа кемітіп көрсетіпті. Мысалы, «Іле-Алатау ұлттық  табиғи паркіне» қарасты 7 бақылау-өткізу бекетінің төртеуінде екі есепшотпен жұмыс істейтін «бұлыңғыр бухгалтерия» жұмыс істеген. Бұлар бақылау-кассалық машиналарды ішінара ғана қолданады екен, сұраған ақысын беріп, ішке өтетін келушілерге чек бермейді. Қаржы министрлігінің Мемкірістер комитеті осы заң бұзушылық үшін 27 шілдеде әкімшілік іс қозғап, ескерту жасады.

– Бүгінде «WhatsApp»-тағы 87001020202 нөміріне Қазақстанның әртүрлі қалаларынан 730-дан аса хабарламалар келіп түсті. Ең белсенділері Астана мен Алматы қалаларының тұрғындары болып отыр. Соның ішінде хабарламаның 16 пайызы немесе 117-сі шара қолдануға негіз болды. Оның басым көпшілігі (105-і) салық салу саласына қатысты. Әйткенмен, хабарламалардың көбісі, яғни 84 пайызы Мемкірістер комитетінің құзыретіне кірмейтін, жақсы ниетпен жазылған және түрлі басқа тақырыптардағы шағымдар болып келеді. Қоғамдық байланыстың осы құралын қолдану алғашқы шынайы нәтижелерін әкелуде, — деп Мемкірістер комитетінің басқарма басшысы Жамбыл Сұрағанов комитет пен жұртшылықтың ынтымақтастығы нәтижелерімен таныстырды.

WhatsApp арқылы кейбір тұрғындар комитеттің қызметіне қатысы жоқ мәселелерді, мысалы жол сапасының нашарлығына, өз компаниясының жалақыны уақытылы бермей жатқанына, басшыларының бей-берекетсіз істеріне шағымданыпты. Осыған байланысты комитет WhatsApp пайдаланушыларына аталған нөмірге тек экономикалық сипаттағы заң бұзушылықтар мен тәртіпсіздіктер туралы хабарлауды өтінеді. Бұлардың қатарына жалған кәсіпкерлік, заңсыз казино және ойын автоматтары залы, «самопал»  арақтар шығаратын астыртын алкоголь цехтары, сауда жасаушыға чек бермеу, жалақыны конвертпен тарату және басқалар жатады. 

Азаматтардың шағымдары бойынша Мемкірістер комитеті Астанада фискалды чек бермейтін сауда орындарын белгілеп шығыпты. Мысалға, елордадағы пиццериялардың біріне қатысты «чек бермейтіні» туралы бірнеше рет хабарлама түскен. Комитет соның негізінде сол салық төлеуші тапсырған салықтық есеп формаларына талдау жүргізіпті. Жеке кәсіпкер Кемелхановтың астанада жұртшылыққа танымал екі пиццерия ұстайды екен. 2014 жылы кәсіпкер құзырлы органға солардан жалпы сомасы 18 миллион 917 мың теңгедей кіріс түскенін мәлімдепті. Ай сайынғы табыс 1,5 миллионға теңесетін көрінеді. Яғни, күн сайын қоғамдық тамақтанудың қос объектісі табатын табыс небары 51 мың 827 теңгені құрайды.

– Кәсіпкердің айтуынша, бір пиццерия күніне небары 25 914 теңге кіріс әкеледі. Ал олар сататын бір пиццаның құны орташа есеппен 2 мың теңгеден асады. Кәсіпкер олардың күніне 12 пиццадан артық сата алмайтынын мәлімдейді, – дейді Ж.Сұрағанов.

Оның қайран қалуына негіз бар – миллионға жуық тұрғыны бар Астана қаласында бір сауда орнынан 12 пицца ғана сатылады дегенге кім сенеді. Мемкірістер комитеті бизнесмендерге чек бермей, табысты жасыру, салық төлеуден жалтару заңмен қудаланатынын ескертеді. WhatsApp арқылы түскен азаматтардың шағымдары нәтижесіндеа Қаржы министрлігінің құзырлы комитеті 3 заңсыз букмекерлік кеңсенің, жасырын казиноның және  бір ойын залының жұмысын тоқтатты. Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті экономикалық заң бұзушылықтарды әшкерелейтін барлық хабарламалар бойынша тиісті шаралар қабылданатынына кепілдік береді.

 

Темірлан ҚАЙЫРЖАН