АЛТЫНОРДА
Новости

Танымал әншiлер мен жұлдыздар қазақ халқын Ұлыстың Ұлы күнімен ерекше құттықтады

inform.kzТанымал әншiлер мен актерлер Instagram әлеуметтiк желiсi арқылы Қазақ халқын Ұлы күн — Наурыз мерекесiмен құттықтады.

Қазақтың примадоннасы атанған Роза Рымбаева instagram арқылы оқырмандарына ыстық құттықтау жолдады. «Наурыз мейрамыңыз құтты болсын, құрметтi қазақстандықтар!» деп жазады танымал әншi.

Инстаграммда жолдаған суретiнде қазақтың бiр табақ етiн ұстаған атақты айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева: «Ұлыс оң болсын! Мерекелі, берекелі жыл болсын, ағайын!» деген жылы лебiзiн де қоса жолдап жiберген. Жезтаңдай Досымжан Таңатаров пен әншi Ақылбек Жеменей де: «Ұлыс оң, ақ мол болсын! Ұлыстың Ұлы күнiмен, ағайын!» деген тiлектерiн жолдап, өз оқырмандарын құттықтауды ұмытпады.

Ал Қарақат Әбiлдина мен Қыдырәлi Болманов болса, әлеуметтiк желi арқылы қазақстандықтарға үлкен құттықтау жазып жiберген. «Баршаңызды халқымыздың ең ұлы мейрамы, адам баласы мен табиғат ана қайта жаңғырып, түлейтін Әз Наурызбен шын жүрегiмiзден құттықтаймыз!

Күллі шығыс жұртына ортақ мереке — Наурыздың тарихы тым тереңде жатыр. Күн мен түн теңелетін, ырысы мол мереке біздің жан дүниемізді шуаққа бөлейді, ой-ниетімізді таза арнаға бұрады. Бұл — кешірім мен мейірімнің, үміт пен сенімнің, ізгілік пен түсіністіктің мерекесі. Бұл күні біз өткен жылы жасаған жұмысымызға есеп беріп, келешекке жоспар құрамыз, тәуелсіз еліміздің өркендеп, өсуі жолында жаңа бастамаларға негіз қалаймыз. Наурызда айтылған барлық тілек қабыл болады деген де наным бар.

Қазіргі уақытта Наурыз жаңа сипатқа ие болды, ұлтына, діни сеніміне қарамастан, Қазақстанды мекендейтін барлық ұлттар мен ұлыстардың ортақ мерекесіне айналды. Халықтар арасындағы достықты бекітуге, бауырластық қарым-қатынастардың нығаюына, әр ұлттың салт-дәстүрінің қайта жаңғыруына осы мейрам үлкен үлесін қосып отыр.

Наурыз мейрамы туған жер топырағына құт-береке әкелсін. Баршаңызға амандық, саулық, дастархандарыңызға молшылық тілейміз!» — делiнген қос әншiнiң құттықтауында.

Шоумен, тележүргiзушi Нұрлан Қоянбаев, керiсiнше, сөзбен емес, оқырмандарына құттықтау лебiзi жазылған сурет салуды ұйғарыпты.

Бұл құттықтаулардан «Асыл» тобы да шет қалған жоқ. «Құрметті достар! Сіздерді 22 наурыз Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекемізбен баршаңызды құттықтаймыз! Жаңа жыл отбасымызға жақсылық, дастарханымызға құт-береке алып келсін! Жанұяңызга тыныштык және бақыт тілейміз жұмыстарыңызга жеміс тілейміз!» деп жазады топ мүшелерi. Оның iзi ала «Алашұлы» тобы да: «Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамы құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!» деген тiлектерiн жеткiздi.

Актер Азамат Сатыбалды Наурыз мерекесiн туған жерiнде қарсы алуды жөн деп тауыпты. «Ұлыстың ұлы күні құтты болсын, ағайын… Көгімізден көгершін кетпесін… Ал мен туған жеріме жолға шықтым», — дейдi ол.

«All davay» тобы өздерiнiң құттықтауларымен бiрге Наурыз мерекесiне орай қашалған күмiс шақаның суретiн салған.

«Жұлдызды бала» атанған Қайрат Нұртастың анасы, продюсер Гүлзира Айдарбекова әлеуметтiк желiде бұрыннан бар. Ол 65 мыңға жуық оқырманына құттықтау жолдауды ұмыт қалдырмаған. «Наурыз мерекесi баршаңызға құтты болсын! Елбасымыз аман болып, елiмiзде тыныштық болсын! Жыл берекелi болсын!» деп жазады продюсер.

Қайрат Баекенов болса, бұл күнi Павлодар қаласында ән салды. «Наурыз мейрамын тойлаудамыз! Павлодар халқы өте жылы қабылдады! Көпшіліктің алдында өнер көрсету бір ғанибет!» дедi Қайрат.

Құттықтауларды ақын Қалқаман Сариннiң бiр шумақ өлеңi түйiндейдi:

«Естiлiп Әз Наурыздың үнi, шiркiн,

Билейдi қырдың сан мың гүлi сылқым.

Ырыс-құт, берекенiң басы болған,

Ұлы күн құтты болсын, ұлыс халқым!».

Автор: Жасұлан Жолдыбаев

www.inform.kz
Толығырақ: http://alashainasy.kz/culture/tanyimal-anshiler-men-juldyizdar-kazak-halkyin-ulyistyin-ulyi-kunmen-erekshe-65865/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі