АЛТЫНОРДА
Новости

«Сырғалым» телехикаясының жалғасы түсіріледі

©Ильзат Даутов фотоБір кездері біздің отандық телеарналарымыз қай ел қандай телесериал шығарса, бірден соны сатып алып, аударып көрсете беретін. Бразилия, Мексика, Венесуэла, Түркия, Корея елдерінің телесериалдарын үзбей тамашалағанымыз соншалық, сол сериалдардағы кейіпкерлер көршіміздей болып кетті. Жастар түрікше, кәрісше сөйлеп, солардың стилімен киіне бастады. Отандық телеарналарымыз көрермен үшін телехикаялардың маңызы қаншалықты жоғары екенін түсіне бастаса керек, енді-енді экранымыздан қазақша телехикаялар көрсетіле бастады. Таяуда ғана «Қазақстан» арнасында 4 ай бойы көрсетілген «Сырғалым» атты телехикая аяқталды. Бұл телехикая кейінгі жылдары түсірілген қазақша сериалдар ішіндегі іліп аларлығы деуге болады. Жақын күндері «Сырғалымды» түсіруші «Көркем фильм» кинокомпаниясы және «Қазақстан» арнасының басшылығы баспасөз конференциясын ұйымдастырып, журналистермен телетелехикая түсірілімі туралы әңгімелеп берді. Жиынға «Алаш айнасы» тілшілері де қатысып, телесериал режиссерімен, актерлерімен тілдесіп қайтқан еді.

Осыдан біраз жыл бұрын отандық телеарнадан мексикалық телесериалдардың бірі «Қарапайым Мария» көрсетіліп жатқанда ауылдағы бір апамыз: «өзімнің қайғым аз болғандай, енді әлгі Марияның қайғысы қосылды» деп кәдімгідей налығанын естігеніміз бар. Тағы бір төсек тартып жатқан кейуана «Санта Барбара» телесеариалының соңғы сериясын көретін күнге жете алмайтынын білді ме, телеарнаға хат жазыпты: «Өмірімнің санаулы ғана күні қалды, «Санта Барбара» сериалы немен аяқталады, соны маған жазып жіберіңіздерші» деп өтініш айтқан екен. Бүгінде телесериалдарды көруге тек үйде отырған апа-әжелер, қыз-келіншектер ғана емес, кәрі мен жастың, әйел мен ерлердің де қызығушылықтары зор. Яғни, қазіргі таңда біз қазақ көрерменіне шетелдік телесериалдардың орнын баса алатындай өнім ұсына алмасақ, онда қарапайым көрерменге өкпе арта алмаймыз.

 

baq.kz фото

Соңғы жылдары қазақ телехикаялары түсіріле бастады десек те, солардың бәрі көрерменнің көңілінен шықты дей алмаймыз. Бір сериясын көргеннен-ақ тартымсыз, актерлерінің ойыны сенімсіз, сценарийлері жұтаң, әйтеуір бір нәрсе жетпей тұратындай болып көрінеді. Айталық, «Әке серті», «Көк тарландары», «Болашақ», «Парыз», «Туған елдің түтіні» секілді телесериалдарды қазақша болғаны үшін көруге тырыссаң да, іштей ызаң келіп, актерлердің ойыны үшін ұялып отырып көресің. Неге? Бұл сұрақты «Сырғалым» телесериалының түсіру тобынан сұрап көрдік?

 

baq.kz фото

Рашид СҮЛЕЙМЕНОВ, «Көркем фильм» кинокомпаниясының режиссеры: 

– Өздеріңізге белгілі, біздің компания алғашында бейнеклиптер түсірумен айналысты, кейіннен қысқаметражды фильмдер, одан кейін телехикаялар түсіре бастадық. Жалпы қазақстандық кинокомпаниялар телехикая түсіруге енді-енді машықтанып келеді. Бірден шетелдік киностудиялар секілді сапалы телесериал түсіру мүмкін емес. Біз бүгінде өзге елдермен тәжірибе алмасып, көп нәрсе үйреніп жатырмыз. Бүгінде отандық телеарналардың тапсырыстары көбейіп келеді, қазақша телехикаяларды көбейтуге мемлекет тарпынан да қолдау көрсетілуде. Сондықтан сұраныс, тапсырыс көбейген сайын, меніңше, киноөндірушілердің кәсіби деңгейі жоғарылай түседі. «Сырғалым» телехикаясын біз «Қазақстан» телеарнасының тапсырысымен түсірдік. Меніңше, телехикая бұған дейінгі телехикаялардан әлдеқайда көп аудитория жинағанына, телеарнаның рейтингісінің өсуіне әсер еткеніне қарағанда жалпы шығармашылық ұжым жемісті жұмыс атқарды деуге болады. Әрине, «Сырғалымды» түсірер алдында, түсіру барысында біраз қиындықтар болды. Біздің елімізде кәсіби сценаристердің тапшы екені рас. Біз осы «Сырғалым» телехикаясы арқылы Қазақстан үшін сценарий жазудың жаңа әдісін енгіздік. Әлемдік стандартқа сәйкес телехикаяның сценарийі бірнеше этапқа бөлініп жазылады. Алдымен фильмнің жалпы концепсияы анықталады, екінші кезеңде толықтай сюжеті жасалады, одан кейін бірнеше сериялар белгілі бір блоктарға бөлініп, топтастырылады, одан кейінгі төртінші этапта ғана диалог жазылды. Яғни, телехикаяның құрылымын түзуші сценаристер бөлек, диалогын жазушы сценаристер бөлек жұмыс істеді. Міне, «Сырғалым» телехикаясында осындай тәжірибелер алғаш рет жүзеге асырылды. Жалпы телехикая түсіруде көзге көрінбейтін жұмыстар өте көп, Сондықтан продюсерден бастап техникалық мамандарға дейін кәсіби деңгейде қызмет атқарса, сонда ғана телехикая сәтті шығады. Сондай-ақ актердің рөлі шынайы шығуы үшінде сюжеттің қызықты, кейіпкерінің тартымды болғаны жақсы ғой. Мысалы, «Сырғалым» телехикаясындағы Динаның рөлі көрермен үшін өте қызық болды. Оның түрлі жағдайдан қалай сытылып шығатыны, әрбір әрекеттері көрерменді тартып отырды. Яғни, телехикаядағы ең маңыздысы – интрига.

Нұржан ЖАЛАУҚЫЗЫ, «Қазақстан» РТРК АҚ басқарма төрайымы: 

– Бүгінгі таңда отандық телехикая өндірісі бір сатыға болса да көтерілді. Осыдан біраз уақыт бұрын телеарна қорында қазақша телехикая жоқтың қасы болатын. Қазіргі таңда қоржынымызда жалпы 640 бөлімнен тұратын телехикаялар қоры бар. Биылғы жылы біздің арнамыз «Сырғалым» телехикаясымен толықты. «Қазақстан» телерадио корпарациясы 2013 жылы «Көркем фильм» кинокомпаниясына «Сырғалым» телехикаясын түсіруге тапсырыс берген еді. 48 бөлімнен тұратын телехикаяны шығарудағы ең басты мақсатымыз еліміздегі отбасылық құндылықтарды насихаттау, қазіргі ашық ақпараттық кеңістікте өмір сүріп жатқан жастарға тәрбиелік мәні бар дүние ұсыну болатын. Біз үлкен мен кішінің, бауыр мен ағаның әке мен баланың, аға мен қарындастың арасындағы сыйластық, достық, туысқандық, адалдық секілді құндылықтарды осы телехикая арқылы көрсеткіміз келді. Меніңше, телехикая өзіне артылған жауапкершілік үдесінен шыға білді. Бұл шығармашылық ізденістің, креативті ойлаудың нәтижесі ғой деп ойлаймын. «Сырғалым» телехикаясының 4 ай бойы 48 сериясы көрсетілді. Әр серияның орташа аудиториясы 406 мың мен 585 мың адамды құрады. «Сырғалым» телекөрермендердің көңілінен шыққанына көзіміз жетті, сондықтан жақын күндері осы телехикаяның 32 бөлімнен тұратын жалғасын түсіруге шешім қабылдадық. Қазіргі таңда «Көркем фильм» киностудиясы дайындықты бастап кетті.

«Сырғалым» телехикаясы қазіргі заманғы отбасының күнделікті өмірі жайлы. Отағасы өзінің жақын досының қызын басына қиындық туған соң үйінде тұрғызады. Ауылдан келген Сырғалым есімді қыз үлкен отбасының күнделікті өмірін өзгертіп жібереді. Отбасындағы үш ұлдың Сырғалымға деген көз қарастары әртүрлі болады, біреуі бауырына тартса, екіншісі ұнатып қалады, енді бірі жақтырмайды. Сырғалым келген күннен бастап-ақ, шаңырақтың құпиясы ашылады бастайды. «Көркем фильм» кинокомпаниясының продюсері Ильхам Жалиловтың айтуынша, «Сырғалым» телехикаясының жалғасы Сырғалымның қызметтік сатымен өсуі жайында болмақ.

Телекияда ойнаған Сырғалым рөліндегі Жұлдыз Маханова, Санжар рөліндегі Шер Әлі, сондай-ақ Омар Қиқымов, Қалампыр Айсанғалиева, Әлихан Ыдырышева, Жандарбек Садырбаев секілді актерлер өздірінің рөлдерін жақсы ойнап шықты. Телехикаяда көременді қызықтыра түскен актерлердің тартымдылығы, сюжеттің қызықтылығы деуге болады. Сондай-ақ актерлердің костюмі, декорация секілді бір қарағанда елене бермейтін детальдардың бәрі телехикаяның сапалы болуына әсер ететініне осы «Сырғалым» телехикаясы арқылы көз жеткізуге болады.

«Сырғалым» телехикаясы түсіруге қазақстандық мамандардан басқа Ресейдің, Грузияның, Украинаның мамандары қатысты. Сценарий авторлары Рашид Сүлейменов, Светлана Петрийчук, Альбина Ахметова, Контантин Козлов. Режиссерлер: Рашид Сүлейменов, Дмитрий Коробкин. Режиссер Рашид Сүлейменовтың айтуынша, қазақша телехикаяны түсіруге өзге тілде жұмыс істеген мамандардың атсалысқаны кері әсерін тигізбеген көрінеді. Дегенмен, өзімізде әсіресе сценарий мен режиссурада кәсіби маман жетіспегендіктен біз өзге елдің мамандарының көмегіне жүгінуге мәжбүрміз. Яғни, фильмдеріміз, телехикаяларымыздың сценарийі өзге тілде жазылып, өз тілімізге аударылады. Яғни, мұндайда сауатты аудармашы іздеп шарқ ұрамыз. Бірақ қалай десек те, аударманың аты аударма, төл туындыға жетпейді.

Бүгінде көптеген үйлерде ас бөлмесінде, қонақ бөлмесінде, тіпті жатын бөлмесінде бір-бір теледидардан қосып қойып, әркім өзінің қалағанын көруге мүмкіндігі бар. Бір отбасындағы атасы мен әжесі түрік сериалын, баласы мен келіні үндінің телесериалын, немерелері кәрістің сериалын көріп, әйтеуір отбасы мүшелерінің барлығы бос уақыттарын сериал қараумен өткізеді. Өйткені телехикая телекөрерменді экраннан алыс кетірмеудің жақсы бір амалы деуге болады. Десек те, әзірге біздің сериалдарымыз қазақ көрерменінің көңілінен шығу үшін әлі де үлкен еңбек керек…

Автор: Айнұр Сенбаева

 

http://alashainasy.kz/culture/50851/