АЛТЫНОРДА
Новости

Сібір қазақтары және Ермак

Астана. 15 наурыз. Baq.kz- Алтын Орда ыдырағаннан кейін түркі жұртшылығының басынан бақ тая бастады. Ауызбіршілігі бар кезде жер-әлемге билігін жүргізген түркілердің өздері біреулердің қоластына қараған замандар туды. Баяғы құлдар енді бұрынғы қожайындарына қарсы аяусыз соғыс ашты.


1581 жыл екі аяқты айуан Жармақ (Ермак) түн жамылып келіп бұрынғы Алтын Орда астанасы Сарайшықтың халқын қырып салды. Бұл кезде қалада бар-жоғы 2 мыңға тарта қазақ пен ноғай бар болатын. Олардың ешқайсы қанды қасаптан аман қалмады. Астананы қорғаған еркеккіндік қолына найза-қылышын ұстап өлді, ал әйелдердің тағдыры одан аянышты еді. Басқыншылар қыз-келіншекті үш күн бойы қорлап-зорлап, үшінші күні ақыры бірін қалдырмай өлтіріп тастады. Тұран жұрты мұндай жауыздықты ешқашан басынан кешірмеген еді. Көшпелілер кектескен жауларының өздерінің әйел-балаларына тимейтін. Ал қанышер казак әскері далалықтардың осы заңын сақтамады.
Жармақтың ашкөз казактары тіріні түгел өлтіріп болған соң, енді аруақтардың молаларын талқандауға кірісті. Алтын Орда мен Қазақ хандарының молаларын ашып, ішіндегі алтын-күмістерді тонады. Моладағы сүйектерді сыртқа шығарып бір жерге үйіп өртеді. Көшпелі халық ата-баба аруағын қорлаудың мұнан өткен қасіретін естіп-білмеген еді. Сөйтіп, Жармақ тірілердің алдында да, өлілердің алдында да үлкен қылмыс жасады.
Жармақ Сібірге кірген кезде қазақтар мен жоңғарлардың арасында кескілескен соғыстар жүріп жатқан. 1582 жылы 26 қазанда Жармақ Көшім ханды Сібірдің астанасы Іскерден қуып шығып, қаланы иеленді. Бірақ, қарғыс арқалаған қандышелек басқыншының өмірі ұзаққа созылмады. 1585 жылы қазақтар Жармақтың казактарын қоршап алып, қырып тастаған. Сонда Уақтың батыры Сәтбек екі аяқты айуанның күнәһар басын қылышпен қағып түсіріпті. Енді бір аңызда Көшім ханның батыры Құтықай Жармақтың тамағын орып жіберген дейді.
Қалай болғанда да, қазақ пен ноғайдың нақақтан-нақақ төгілген қанының өтеуі қайтарылды. Қанды кек қайтты. Ал орыстардың Жармақ Ертістен жүзіп бара жатып, ауыр сауытты көтере алмай суға батып кеткен деген ресми тарихы олардың ойдан шығарған кезекті көп ертегілерінің бірі. Әйтпесе, Ертіске кеткен таудай «ұшаны» ортағасырлық сүңгуірлер сауыт-сайманымен бірге саудыратып көтеріп шықпаған шығар? Әлде олар су астында тыныс алатын құрылғыны киіп барып, Жармақтың үстіндегі сауытты шешіп әкелді ме екен?
Дәулетқали Асауов

 

http://baq.kz/material/197