АЛТЫНОРДА
Новости

Семей, Өскемен, Павлодар атауын өзгерту керек пе?

cemeiСемейге – Абай, Өскеменге – Қонаев, Павлодарға – Сәтбаев атауларын беруді ұсынады Журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаев. Ол бұл туралы «31» телеарнаға берген сұхбатында мәлімдеген. Ал бұл жөнінде осы өңірден шыққан белгілі ғалымдар не дейді?

Тұрсын Жұртбай, филология ғылымдарының докторы, профессор:


– Кісінің атын қалаға, елді мекенге беруге қарсымын. Қанша данышпан болса да, адамның атын өзінің туған жеріне берілгені жөн емес. Сонда Абай Абай ауданында туған, Абай қаласында тұрған деп айтуымыз керек пе? Әлде, Райымбек Райымбек ауданынан шыққан дегеніміз дұрыс па? Ал Өскемен қаласына Қонаев не істеді? Егер әр адамның әкім болған қаласына соның атын бере берсек, не болады? Әр қалаға өзінің тарихи жер атаулары ғана жарасады.

– Журналистер одағының жетекшісі қазақ тілінде Семей, Өскемен деген тарихи атаулар жоқ деп отыр ғой…

– Семейдің аты – Семей. Қаладан алпыс шақырым жерде Семейтау деген жер бар. Өскеменнің аты – Көктас. Сондай жер атауы бар.

– Матаев «Кереку деген атау да тарихи емес, орыс көпесі Коряковтың атынан шық-қан» дегенді айтады…

– «Дұрыс емес» дейтін оның қолында қандай дерегі бар? Кереку деген – кереге. «Керегеден тігілген үй» деген сөз. Оған дәлел табылған. Ескі қоныс болған. Ал үйде шай ішіп отырып, көлгірситін заман өткен. Білмейтін нәрсеге кіріспегені жөн.

– Сонда сіз осы қалаларға қандай атау бергенді дұрыс санайсыз?

– Өскемен, Павлодар, Петропавловск деген атаулар патшаның жарлығы арқылы қойылған. Бұл жарлықтар қазір бізге жүрмейді! Оларды басқа жарлықтармен жоюға болады. Бұл қалалардың өз тарихи атаулары бар емес пе?! Өскемен – Көктас, Павлодар – Кереку, Петропавловск – Қызылжар…

Ғарифолла Есім, сенатор, философия ғылымдарының докторы, профессор:


– Сейтқазы бауырымның айтқанын қала атауларына қатысты бір ұсыныс деп қарау керек. Әркімнің өз пікірі бар. Семей деген сөз – қазақтың тарихына, мәдениетіне, дәстүріне сіңісті болған ұғым. Оны қозғаудың еш қа­жеттілігі жоқ деп ойлаймын. Бұл – орынды атау. Павлодар туралы айтсақ, оның өзгергені жөн. Павел – орыс тарихында ерекше еңбектерімен аты шықпаған патша. Сондықтан бұл қаланың бұрынғы атауы – Кереку болуы керек.

Кереку деген сөздің Коряков дегенге еш қатысы жоқ. Бұл – Махмұт Қашқаридің «Түрік сөздігіндегі» бар ұғым. Менің атам Есім (тірі болғанда 140-қа келер еді): «Керекуді бала күнімізде солай атайтын» дейтін. Өскемен қаласы атауы туралы да ойланған жөн. Өскемен – «Усть-Каменогорск» сөзінің қазақша атауы болса керек. Сонымен бірге Алматы туралы әңгімені аяқтаған дұрыс. Алматы деген атау – әбден орныққан ұғым. Сондықтан оны кезінде қате аталған «Алма-Ата» дегенге қайта-қайта бұрып, оған айнала берудің еш қажеті жоқ.
Жазып алған 
Айжан Көшкенова

 

http://ult.kz/kz/article/view?id=1290