АЛТЫНОРДА
Новости

Ресей мен Иранның әскери күші бірігуі мүмкін

434_e61a50d2329fbad122889fa2fa12b008Астана. 3 шілде. Baq.kz – Әлемнің назары қазір Ресей мен Иранға ауып отыр. Себебі, Путин Иран мемлекеті аумағында жаңа атом электр стансасын (АЭС) салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы 1 шілдеде Ресейдің «Московский Комсомолец» басылымы хабарлады.

Ал, бұл өз кезегінде көптен бері келе жатқан Ресей – АҚШ жанжалының қайта тұтануына себепкер болуы бек мүмкін дейді сарапшылар. Алайда, Иран көшбасшысы Махмұд Ахмадинежад ресейлік әріптесі Владимир Путинмен Кремльде өткен кездесуде бұл мәселеге байланысты ашық мәлімдеме жасады.
Онда «Қазір Ресей Иран аумағында жаңа АЭС салуға қызу дайындық үстінде. Аталмыш мәселеге қатысты басқосуда екі ел басшылары бір мәмілеге келген» делінген. Тек Путиннің ресми мәлімдемесін жариялауы ғана қалды. Тіпті, Иран үкіметі жаңа АЭС салуға қолайлы орын іздеп жатқаны да белгілі болды.
«Мәселенің тереңдігі сонша – алдағы уақыттарда МАГАТЭ аумағында орналасатын жаңа АЭС-тің географиялық аумағы анықталу үстінде», -деді журналистерге берген арнайы сұхбатында Иранның Атом энергия ұйымының төрағасы Ферейдун Аббаси-Давани. Жаңа АЭС құрылысы мен қоса, «БУШЕР» АЭС-інің де аумағын кеңейту көзделіп отыр. Көлемі 1 мың МВт болатын 3 блокты ашу жоспарланған. Иран барлығы 20 мың МВт қуат күшіне ие алып АЭС орнатуды көздеп отырған көрінеді.
Ал бұл АҚШ-тың үрейін ұшыратыны анық. АҚШ пен Ресей арасындағы атом энергиялық жанжал 2010 жылғы Ресейдің Иран аумағында «Бушер» АЭС-інің құрылысын бастағанда тұтанған болатын. Тіпті, 2011 жылдың қаңтарында АҚШ пен Израиль барлаушы күштерінің жасырын тыңшылары «Бушер» АЭС-інің басқару жүйесіне «Stuxnet» вирусын таратқаны туралы қауесет те тараған. Мақсат – «Бушер» жұмысына кедергі келтіру, соның арқасында «Чернобыль» қасіретін қайталау болған. Алайда, бұл қауесет кейіннен теріске шығарылды. Соның салдарынан Вашингтонның Ресей – Иран қарым-қатынасына сыни көзқарастары азайған еді.
Онсыз да қыл үстінде тұрған Ресей-Иран арасындағы АЭС салу туралы ынтымақтастыққа енді АҚШ тарапынан қарсылық арта түспек. Тіпті, АҚШ Путинді Иран аумағында жаңа АЭС жұмысына байланысты айыптап отыр. Егер жаңа АЭС салынатын болса, Ресей мен Иранның әскери күші бірігеді. Осылайша АҚШ-ты сыртқа ығыстыруға да мүмкіндіктер ашылады. Бұл Вашингтонға қауіпті, әрине. Сондықтан, егер Ресей президенті Путин АЭС жұмысына байланысты мәлімдемесін жариялайтын болса, АҚШ-тың да қарап жатпасы анық. Ал бұл бағдарламаның Иран мен Ресей мемлекеттері үшін ішкі саяси бағыттарды бекемдеуге зор ықпал ететіні анық. Бұл бағдарлама жүзеге асып жатса, Иранның алпауыт мемлекеттер қатарына қосылуына мүмкіндік туады.
АҚШ-тың «Ресей Иранға ядролық қару сатты» деген айып тағып отырғаны тағы бар. Бұл жаңа АЭС жұмысы іске қосылатын болса, мұнымен қоса, Иран өзінің өктем әрекеттерімен көршілес мемлекеттерге қоқан-лоққы көрсетіп жататын болса, тырнақ астынан кір таппай отырған АҚШ пен Израиль өзара бірлесіп, соғыс күшін көрсетпесіне кім кепіл?! Әлем енді осы үштіктің (Иран, Ресей және АҚШ) аңдысын аңдап бағары анық…

kazakhstanzaman.kz