АЛТЫНОРДА
Новости

Өз елінде, өз тілінде сөйлеген журналист Жарылқап Қалыбайдың жазығы не?

KalibaiЕліміз заңдарында адам құқын, кәсіпкер құқын, тұтынушы құқын, тіпті өсімдіктер мен жануарларды қорғау туралы баптар бар екені белгілі. Бұл баптарда түрлі шаралар, әкімшілік, қылмысты жауапкершілікке тартылуы да қарастырылған. Мәселен, заңсыз аң аулау, балық аулау, орман-тоғайларды кесіп зиян келтір­гені үшін де айып салынып, тіпті қылмысты жауапқа тартылып жатады. Ал Конс­титуциялық мәртебе берілген мемлекеттік тіл неге осылай қорғауға алынбайды? 

Конституцияның 7-бабында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылатыны көрсетілген. «Тілдер туралы» Заңда да осылай жазылған. Ал орыс тілі қазақ тілімен тең қолданылмай, артық қолданылса, тіпті мемлекеттік тілдің орнына қолданылса қандай шара белгіленген? Ешқандай! «Тілдер туралы» Заңның 24-бабында тіл туралы заңды бұзған жағдайда лауазым иесі жауапты болады деп жазылған. Заңдардағы осы секілді тілге қатысты баптарға зер салсаңыз, сөйлемдердің соңы «Жауапты» болады, «Міндетті», «Талап етуге құқысы бар» дегендей сөздермен аяқталып отыратынын байқайсыз. Сірә, содан болса керек, мемлекеттік тілді қолдану ескеріле бермейтіні. Бұған кез келген саланың қызметінен мысалдар келтіруге болады. Қызмет орындарында отырғандарға талап айтсаңыз, «қазақша білмеймін, білгім де келмейді» дегендей жауапқа жұрттың құлағы үйреніп кеткен секілді болып ұғылады. Тіпті көптеген жерлерде қазақша қызмет көрсетуді талап еткендерге қарсы, тіпті шоқпар ала жүгіретіндер, «ұлтшыл», «террорист», «лаңкес», «бұзақылық жасады», «тәр­тіп бұзды» дегендей жала жабатындар да жиі ұшырасатын болды. Соның бір мысалы халқымызға есімі кеңінен танылған журналист, «Жұлдыздар отбасы» және «Аңыз адам» журналдарының бас редакторы әрі осы екі бірдей басылымды ұйымдастырып, шығарушы болып, қалың оқырмандарының, әсіресе өнер адамдарының сүйіспеншілігі мен құрметіне бөленіп жүрген Жарылқап Қалыбайдың ұшақта мемлекеттік тілде қызмет етуді талап еткені үшін ғана жала жабылып, абақтыға қамалғанын айтуға болады. Бұл оқиға жөнінде өткен аптада БАҚ-тардың бәрі дерлік хабардар етіп, жарыса жазды. Ал әдеттегідей қазақша білмейтін, білгісі келмейтіндер Жарылқаптан ілік іздегені де байқал­ды. Бұл оқиғаны қысқаша айтсақ, Жа­рылқап зайыбы Алтынай екеуі 26 тамыз күні Анталия-Астана бағытындағы ұшақпен елге оралып келе жатқанда 1 жасар ұлы ауырып мазасызданған соң оны Жарылқап көтеріп алып, борт ішінде уатып жүргенде, өтіп бара жатқан жолсерік Жарылқаптың үстіне сусын төгіп алады. Бұған «Байқап жүрмейсіз бе? Мұныңыз қалай?» деген Жарылқапқа жолсерік жігіт «Говори на русском» деп бұйыра өктем сөйлеп жауап қатады. Қазақстанда ұшақ қызметкерлері мемлекеттік тілде қызмет көрсетуге міндетті екенін айтып, талап қойған Жарылқапқа қарсы ұшақ қызметкерлері сол сәтте жолаушылардан «бұзақылық жасады» деген мәнде шағымдарына қол қой­дырады да, ұшақтан түскен сәтте оның қолына кісен салдырған. Өзге салаларда да қазақ тілінде қызмет көрсетпейтіні жайында баспасөзде жиі қозғалып келеді. Ал басшылар болса мұндай талапты құлағына қыстырмай қазақша білмейтіндерді қызметке алудан және оны қорғаудан жаңылар емес. Неге? Оның себебі тілге қатысты заңдарда айып салу, қызметтен шеттету, қылмысты жа­уап­кершілікке тартуға дейін жазалау қарас­тырылмаған. Басқаша айтқанда, мемлекеттік тіл қорғауға алынбаған десек жаңсақ айтқандық болмас.

Қуанбек БОҚАЕВ

 

http://anatili.kz/?p=15822