АЛТЫНОРДА
Региональные новости

ОҢТҮСТІК МӘСКЕУДЕ ЛОГИСТИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ САЛМАҚШЫ

ЕсШымкентте күнде өзгеріс, күнде жаңалық. Оңтүстік Қазақстан облысының делегациясы Ресейге жұмыс сапарымен барып қайтты. Орыс көршілеріміз Шымкенттен алып барған тауарларға тәнті болыпты. Өз көздеріне өздері сенбей тауарға бір, оларды алып барған қазақтарға  бір қарайды, дейді. Көріп көздері тойыпты. Сатып алып, арқаланып қайтыпты. Өзі арзан, әрі сапалы тауар ұсынғандарға отырып та тұрып та алғыстарын жаудырыпты.

Мәскеудегі  жәрмеңкеде дәмі тіл үйіретін көкөністерді, ет өнімдерін орекеңдер кезекке тұрып сатып алыпты. Қазақстаннан барған тауарлардың ұнағаны саншалықты, әліге дейін «тағы да қазақстандықтар келіп қалған жоқ па екен» деп,  жәрмеңке өткен жерге бір соғып кететін көрінеді. Қайтсін енді!

Мәскеуде облыстың кәсіпкерлері бағаны аспандатпапты. Шымкенттегі нарық. Оған тек қана жол, басқа да кейбір шығындарды ғана қосыпты.

Жәрмеңке деген тек қана көкөніс сату емес. Қазақтың, орыстың әндері үздіксіз шырқалып тұрыпты. Біздің әнші, күйші қыздарымызды, ұлдарымызды  көрген мәскеуліктер «Не деген көркем, сұру қыздар! Батырлар сияқты тұлғалы ұлдар!» деп, ауыздарының суы құрыпты. Тура қазақты енді көргендей естері кетіпті.

Ресейдің қайсы қаласына барса да Оңтүстік Қазақстанның делегациясын Ресей елінің жақсылары мен жайсаңдары құшақ жая қарсы алыпты.

Шымкенттен барғандардың бастары істейді. Олар түпкі мақсаттарына жетті. Мәскеуде Оңтүстік Қазақстан облысының  көпсалалы сауда логистикалық орталығы салынатын болды. Бұл ірі жетістік. Ең бастысы, орталықты салуға облыстық бюджеттен қаржы қарастырудың қажеті жоқ. Ол облыс кәсіпкерлерінің қаражаты есебінен тұрғызылмақшы.

Бұл өте орынды, әділ шешім. Себебі, сауда логистикалық орталық кәсіпкерлер өсірген, шығарған өнімдердің Ресей халқына сатылуына қызмет етеді. Тауардың жылжуына тікелей көмектеседі. Ендеше, өнім өндірген екенсің, оны сатуға да қаражат жұмсауың керек.

-Ресей нарығында ет, көкөніс, сүттен жасалған өнімдердің бағасы қымбат,- дейді Ресейге барып келгендер.-Сондықтан, есептеп шығу аса қиын емес. Сауда-логистикалық орталықты салуға жұмсаған шығындарын оңтүстікқазақстандық кәсіпкерлер көп ұзамай «қайтарып» алады. Түптеп келгенде Мәскеуде салынған логистикалық орталық бизнес өкілдеріне шаш-етектен пайда алып келеді.

-Кеден одағының пайдасын көруіміз керек. Кәсіпкерлерімізге өздері өндіріп жатқан өнімдерді сататын табысы мол «рынок» қажет. Оңтүстікқазақстандық делегацияның Ресейге барған сапарының  арғы жағында осы қажеттілік жатты. Нәтиже жақсы. Ресей кәсіпкерлері Қазақстан экономикасына инвестиция құюға құмбыл екен. Жасалған келісім – шарттарда есеп жоқ.    Өзіміз де қарап қалмаймыз. Мәскеу нарығынан көп ұзамай ойып тұрып орын аламыз,-дейді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мамандары.

 

Қуандық ОРАЗБЕКҰЛЫ,

Оңтүстік Қазақстан облысы.