АЛТЫНОРДА
Новости

 «Оффлайндағы» кездесу

Өмірімізге ғаламтор дендеп енгелі бері, қазақстандық интернет-нарық күннен-күнге қанатын кеңге жаюда. Оған дәлел – үйде отырып-ақ сауда жасауға мүмкіндік беретін сайт санының артып жатқандығы. Әркез онлайнда отыратын интернет компанияларды оффлайнға шығарып, интернет пайдаланушылармен, әріптестерімен көзбе-көз жүздестіру мақсатында кешелі-бері Алматы қаласында «Шекарасыз ғаламтор» деген тақырыппен Internet Avenue халықаралық көрмесі өтіп жатыр. 


Тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған көрме ғаламтор «ойыншыларын» өздерін көрсетіп, өзгені көру, IT жеткізушілері мен тұтынушылары арасындағы өнімді диалогты ұйымдастыру, бизнестің IT-құраушысының болашақтағы дамуын көрсету, елдер арасындағы интернет-нарықтың өзара тиімді дамуы үшін оңтайлы шешімдер табу, компаниялардың АКТ мәселелеріндегі тәжірибелерін біріктіруді мақсат тұтады.

– Сонымен қатар бұл қатысушылар үшін өздеріне тиімді серіктес табу, танысу, қызықты дәріс тыңдау мүмкіндігі. Стендтерді аралап жүріп байқағаным, келушілердің көрмеге деген қызығушылығы жоғары. Әр стендке келіп, қандай интернет-дүкен, қандай қызмет ұсынатыны туралы сұрап жатқандар өте көп. Жаңа ғана интернет-дүкендердің ритейлі өтті. Онда да түрлі сұрақтар қойылды. Яғни тұтынушы­лардың интернет коммерцияға деген қызығушылығы үлкен деген сөз, – дейді көрмені ұйымдастырушылардың бірі Андрей Ященко.  Аталмыш басқосуға интернет нарыққа қызығушылық танытатын интернет-дүкендердің жеткізушілерді, логистикалық компаниялармен қатар, веб-әзірлеушілер, жарнама агенттіктері, ұялы бағдарламалар, онлайн сервистер,электронды төлем жүйелерін ұсынушылар қатысты. Сондай-ақ табыс табуды басты мақсат етіп қоймайтын, ғаламтор туралы білімді дамыту бағытында жұмыс істейтін орталықтар да бой көрсетті. Ұйымдастырушылар бұл көрме тек ІТ нарықтың келелі мәселелерін талқылап қана қоймай, саланың дамуына серпін беретін инвесторларды тартуға ықпал жасайды деген сенімде. Көрмеге 50-ден аса компаниялардың стенді қойылған. Алдағы уақытта жыл сайын ұйымдастыруды жоспарлап отырған бұл көрмеге келер жылдары қатысушылардың қатары мол болмақ. Өйткені Андрей Ященконың айтуынша, қызығушылық танытқан алғашқы көрменің қалай өтетінін байқағысы келген компаниялар өте көп көрінеді. –Бұл халықаралық көрмеге Ресей, Украина, Түркиядан келген интернет-компаниялар өз өнімдерін ұсынып отыр. Көптеген ірі шетелдік компанияларға ортаазиялық нарық қызық. Соның ішінде отандық интернет кеңістік те бар. Нарыққа шетелдік компания кірген кезде, бәсекелестік нығайып, жергілікті компаниялардың қызмет көрсету сапасы жақсарады, – дейді А.Ященко. Сарапшылардың пікірінше, интернет нарықтың игерілмеген тұстары жетерлік. Мәселен, Қазақстанның Интернет қауымдастығының төрағасы Шавкат Сабиров ел тұрғындары тек тұтынушы ғана болып қалмай, заңды түрде қаржы табу мүмкіндіктерін қарастыруға шақырды.

Үмітжан БАКЕЛЕКОВА

http://www.aikyn.kz