АЛТЫНОРДА
Новости

Н.Назарбаев Түркияға ЕАЭО-ға қосылуды ұсынды

АСТАНА. 6 маусым. BAQ.KZ – «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев түркітілдес мемлекеттердің Ынтымақтастық саммиті қортындысы бойынша өткен брифингте болашақта Түркия Еуразиялық экономикалық одақтың қауымдасқан мүшесі болуы мүмкін деп мәлімдеді», — деп хабарлайды Tengrinews.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Негізгі тақырыбы туризм саласын дамыту мәселесі болған саммитке Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев, Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев, Түркия Республикасының Президенті Абдуллаһ Гүл және Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов қатысты.

Қазақстан Президенті өз сөзінде Түркі кеңесі халықаралық ұйым ретінде нақты нәтижелерге қол жеткізгенін және барлық мүше-мемлекеттердің игілігі үшін оның жұмысын одан әрі күшейту қажеттігін айтты.

Сонымен қоса Назарбаев Түріктік кеңес пен ЕАЭО-ның арасында ешқандай қарама-қайшылық жоқ екенін атап өтті. «Басқа да мемлекеттердің қосылуы үшін ЕАЭО ашық. Мысалы, Түркия және өзге де елдер болашақта аталмыш бірлестіктің қауымдасқан мүшесі бола алады. Сонымен бірге бұл сауал Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер үшін айрықша құзірет болып табылады» — деді Елбасы. Естеріңізге салсақ, 29 мамыр күні Астанада Қазақстан, Беларусь және Ресей мемлекеттерінің басшылары ЕАЭО құру туралы келісімшартқа қол қойған болатын.

Сондай-ақ, Елбасы одаққа қосылуға Армения мен Қырғызстанның және өзге де елдердің ниет білдіргенін атап өтті. Сонымен қоса бұл мәселе бойынша жұмыстарды жандандыру керек екенін айтты.

Қазақстан Президенті түркітілдес мемлекеттер Ынтымақтастық кеңесіне мүше елдер мен Қазақстан арасындағы ынтмақтастықтың экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардың дамуына серпін беретінін атап өтті. Сондай-ақ ол Әзірбайжан, Түркия, Түркіменстан президенттерімен кездесу барысында екіжақты қарым-қатынастардың бүгіні мен болашағы жайын талқылағанын мәлімдеді.

Отырыс барысында Назарбаев әртүрлі сауалдардың талқыланғанын, оның ішінде туризм саласын дамытуға аса көңіл бөлінгенін айтты. «Түркияда туризм саласы жақсы дамыған, біз олардың тәжірибесін алуға келістік, қажет мамандарды Түркия университеттерінде дайындайтын боламыз» — деді ол.

Сондай-ақ, Назарбаев келесі жылдан бастап бірыңғай ақпараттық кеңістікті дамыту мәселелері талқыланатынын жеткізді. «Мен бүкіл әлемге түркітілдес елдер туралы, біздің мәдениетіміз бен тарихымыз жайлы хабар тарататын арнайы спутниктік телеарна құруды ұсындым. Одан өзге, соның көмегімен біз өз елімізге әлемнің назарын аударамыз, оның ішінде Қазақстанның индустриялық бағдарламасы туралы айтатын боламыз» — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Түркі әлеміне жаңа жобалар ұсынатын көлік мүмкіндіктерін пайдаланудың маңыздылығына да тоқталды. Ол ел экономикасы үшін автомобиль және темір жолдардың аса маңызды екенін атап өтті. Назарбаев аймақтағы транспорттық және логистикалық желіні дамыту үшін Қазақстан-Түркіменстан-Иран теміржолын биылғы жылы аяқтау жоспарланып отырғанын жеткізді.

http://baq.kz/kk/news/48300