АЛТЫНОРДА
Новости

Лавров ЕҚЫҰ-дан журналистерді босатуға септесуді сұрады

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымынан Украинаның Краматорск қаласында ұсталған LifeNews телеарнасының журналистерін босатудың бар мүмкіндіктерін қолдануды сұрады. ЕҚЫҰ төрағасы, Швейцария президенті Дидье Буркхалтер бұл мәселемен дереу айналысатынына Ресей билігін сендірді.

LifeNews журналистері Олег Сидякин мен Марат Сайченконы 18 мамыр күні Краматорскіде украин әскерилері ұстаған еді.

Украина қорғаныс министрлігі бұған дейін «өздерін Ресей азаматы және журналистер деп таныстырған белгісіз адамдардың тұтқындалып, құқық қорғау орындарына тексеруге жіберілгенін» хабарлаған. Министрлік ұсталғандар «сепаратистер қатарында болғанын» және олардың «әрекетін тікелей трансляция жасағанын» айтқан.

Кейін LifeNews телеарнасы қарайтын News Media холдингінің басшылығы журналистерді босатуға көмектесуін сұрап Сергей Лавровқа өтініш айтқан.

Бүгін, 19 мамыр күні «Россия-24» телеарнасының журналисі Ксения Кибкало Украинаның құқық қорғау орындары өзіне бір тәулікте Украинадан кетпесе, «қылмыстық іс қозғалатынын ескерткенін» хабарлады. Журналист «Украинадағы жағдайды тұрақсыздандырып, ұлттық араздықты қоздырды, сепаратизмге септесті» деген күдікке ілініп отыр.

http://www.azattyq.org/archive/news/20140519/330/330.html?id=25389859