АЛТЫНОРДА
Новости

Латвиядан қазақ батырының сүйегі табылды

Астана. 25 сәуір. Baq.kz – Латвияның Ритэли хуторы маңында жол салу кезінде қазақ жауынгерінің сүйегі табылды деп хабарлайды 24.kz.

Сүйекпен бірге топырақтың астынан алюминий тарақ шыққан, онда «11.06.1944, Нұрсейітов Қасым» деп жазылыпты. Соңғы анықталған деректер бойынша бұл — Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданына қарасты Қарақия ауылынан майданға аттанып, кескілескен ұрыстардың бірінде ерлікпен қаза тапқан кіші лейтенант Қасымбек Нұрсейітов екені белгілі болып отыр.
Отан үшін, ел үшін, атамекен жер үшін деп ұран тасталғанда қасиетті Қазығұрт тауының етегіндегі шағын ғана Қарақия елдімекенінің 60-қа жуық ер азаматы түгелдей майданға аттанды. Сұрапыл соғыстан солардың тең жартысы сол күйі оралмады.1941 жылы дүниеге келген Жамбыл Нұрсейітов бір кездері өздері тұрған ескі үйдің орнын көрсетіп жүр. Ағасы Қасымбек соғысқа кеткенде ол еңбектеген бала екен.
Жамбыл Нұрсейітов, зейнеткер:
— Мен 1 жасқа толғанда майданға кетіп қалды. Одан кейін не болғанын білмеймін ғой. Кейін қайтыс болды деген хабар келді. Апамның айтуынша, 11 жан болған екенбіз, оның 2-еуі ағам екеуіміз–ер бала, басқаның бәрі – қыздар.
Жаужүрек Қасымбек 17 жаста болса да, анталаған жаудан елді қорғау үшін майданға өзі сұраныпты. Аягөз қаласында 6 ай әскери дайындықтан өткен жауынгер 8-гвардиялық атқыштар дивизиясында танкі взводының командирі ретінде көптеген шайқастарда ерлікпен көзге түседі. Ресми деректерде 1944 жылы 24 қарашада Латвияның Ауценск уезінде ұрыс кезінде қаза тапты делінген. Алайда сүйегі қайда жатқаны туралы 70 жыл бойы хабар болмады. Қаза табарынан 5 ай бұрын Қасымбек Нұрсейітов еліне хат жазып, суретін салыпты.
Төребек Айтбаев, Төле би ауданының тұрғыны:
— Сүйегінің жанында алюминий тарақ болған. Тараққа өзі қайтыс болардан тура 5 ай 15 күн бұрын «11.06.1944. Нұрсейітов Қасым» жазып қойған екен. Егер туысқандары табылмаса, Риганың шығыс жағындағы Ропажи деген қала бар екен. Сол жерде әскерилер қаза тапқан жер, сол зиратқа жерлейміз деп отыр.
Әуелхан Тұрғымбеков, Төле би ауданының әкімі:
— Демеушілердің есебінен өзіміздің қарастыратын көмектің есебінен 500 мың теңгеден жоғары қаржылай көмек береміз деп отырмыз. Соның арқасында 2 туысқаны барып, атамыздың сүйегін әкеліп, туып-өскен жеріне жер қойнауына беріп, тиісті рәсімдерін жасауға ұйғарым жасап отыр. Халыққа, әсіресе жастарға бұның үлкен тәрбиелік мәні бар екеніне ешқандай күман жоқ.
Қорғаныс істері жөніндегі облыстық басқарма да батырдың сүйегін туған жерінде салтанатпен жерлеу рәсімдерін өткізуге барлық жағдайды жасайтындықтарын айтқан. Ерлік ешқашан ұмытылмақ емес!

 

http://baq.kz/kk/news/46344