АЛТЫНОРДА
Новости

Қыз қашар

Кейде «естімеген елде көп» деп өзге жұрттың салты мен дәстүріне таң қалып жататынымыз бар. Шынымен де әр елдің салты басқа емес пе?! Дегенмен жұрттың көбі түгілі, өз қазағымыз біле бермейтін ондай салттар бізде де бар. Оның бірі «Қыз қашар» деп аталады.

Қалыңмалы түгел төленгеннен кейін қалыңдықтың әкесі құдаларына күйеу жігіттің қыз ұзату тойына қашан келуіне болатындығын айтып хабаршы жіберген. Бұл сапарда күйеу жігіт құдалықта келіскен соңғы сый-сияпаттарына жататын той малы, жыртысын, отаудың түндік-туырлықтары мен тойға тартылатын кәделерін ала келетін болған. Ол ұрын барған кезіндегідей бұл жолы да далада тоқтап, ауылдың қыз-келіншектері оған қайтадан жолым үй немесе шатыр тігіп, бар жағдайын жасаған. Бірақ бұл жолы бұрынғы кәделерді қайта сұрамаған. Сол күні қалыңдығы жеңгелері атқа мінгізіп басқа ауылға, бір ағайынның үйіне алып кететін болған. Бұны қыз қашар деп атаған. Күйеу жігіттің жолдастары оларды іздеп тауып, сол жерде қалыңдыққа тартыс басталған. Тартысқа екі жақ та шындап кіріскен. Адамдардың киімі жыртылып, аузы-мұрны қанап, сүйектері шығып немесе сынып кететін жағдайлар да аз болмаған. Кейде тартыс үш күнге дейін созылған. Ақыры, күйеу жігіт жағы сыйлық беріп ерегескен жақтың адамдарын біртіндеп өздеріне қаратып, қалыңдықты қайтарған.

 

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: 1tv.kz

http://massaget.kz/