АЛТЫНОРДА
Новости

«Құнанбай» фильмі осы көктемде көрерменге жол тартады

Қазақфильм» киностудиясының қоржыны тағы бір жаңа туындымен толықты.

Бұл күндері ұлтымыздың ұлы кемеңгері Абайдың әкесі Құнанбай туралы толық метражды фильм түсіріліп болып, дыбысталып жатыр.

«Құнанбай» фильмінің режиссеры әрі басты кейіпкер Құнанбайды ойнаған Қазақстан республикасының халық артисі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Досхан Жолжақсынов. Бұл оның екінші режиссерлық жұмысы. Бұған дейін «Біржан сал» фильмін түсіріп, онда да басты рөлді ойнаған болатын. Фильм сценариін Досхан Жолжақсынов Таласбек Әсемқұловпен бірлесе отырып жазған. Ұлы Абайдың әкесі Құнанбай өз заманының нар тұлғасы.

Мінезі қатал, кейде тіпті қатыгез болып танылған ол ұлтының қамын жеп, Қарқаралыға медресе, Меккеге үй салдырған.

Досхан Жолжақсынов, ҚР Халық артисі

Жалпы Құнекеңнің тағдыры қарама-қайшы, сол заманның өзінде соқырішектей бұртиып шығып тұратын тұлға турасында. Дүниеге әкелген бір перзенті Абай арқылы Құнекеңнің өзінің де ойлау үрдісі, іскерлігі, жалпы білімі, сол замаманнан озық тұлға екендігін қадап көрсететін қасиеттерінің бірі.

Фильм Құнанбайдың туған жерінде, Шығыс Қазақстан облысында түсірілді. Сол заманның тыныс-тіршілігін көрсету үшін қаншама деректі материалдар жинақталып, тарихи құндылықтар қайта жаңғырды. Табиғат аясына 150 киіз үй тігіліп, фильмде үш жүздің жүйрігі жарысқан бәйге, балуандар күресі, әнші-жыршы, күйшілердің сайысы да көрініс тапқан. Қазір фильмнің дыбысталу жұмысы қызу жүріп жатыр.

Досхан Жолжақсынов, ҚР Халық артисі

-Бүгінде біз осы киноға тіл бітіру мерзімінің жартысына таяп қалғандаймыз. Көріп отырсыздар, техникалық үлкен жаңалық, біздің студияда бұрындары тұрып алып, таза қылып жазу үшін оның әр нүктесіне, үтіріне дейін қайталау керек еді. Бүгін ырғағын дұрыстасаң, мына жерде кәдімгі барлығын сәйкес қылып, бір-біріне жақсы жалғап береді. Бұл да біздің киностудиямыздағы үлкен жетістік.

Жаңа туынды осы көктемде үлкен экранға шығады деп жоспарланып отыр. Ал алғашқы көрсетілім Құнанбай мен Абайдың туған топырағы Шығыс Қазақстанның Абай ауданында өтпек.

Авторлары: Алуа Маханбет, Болат Нүсіпбеков

khabar.kz

Толығырақ: http://alashainasy.kz/culture/kunanbay-film-osyi-koktemde-korermenge-jol-tartadyi-65240/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі