АЛТЫНОРДА
Новости Шымкента

Қуандық ОРАЗБЕКҰЛЫ. «ОҢТҮСТІКТЕР» ОҢ ЖАМБАСТАҒЫ … АЙМАҚТАР

Аким Фото 2Осыдан біршама уақыт бұрын Шымкент қаласына жақын маңайдан арнайы жер бөлініп, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы құрылған болатын. Ол әу басында облыста мақта кластерін дамыту үшін құрылған еді. Содан бері аймақта атқарылған жұмыстардың ауқымы айтарлықтай. Ол кезде республика бойынша ашылған экономикалық аймақтар саусақпен санарлықтай ғана еді. Былайша айтқанда, тәжірибе жоқтың қасында болатын. Экономикалық аймақтың құжаттарын әзірлеудің өзі біраз уақытқа созылды. Кейін инвестор табу оңай бола қоймады. «Кәсіпорын ашқым келеді» дегендердің арасынан тиімді, халыққа пайдалы жобаларды іріктеу керек болды.

Қазір «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында жалпы инвестиция көлемі 22.6 млрд. теңгені құрайтын 8 ірі компания жұмыс істеп жатыр. Мұнда 1 445 жаңа жұмыс орындары ашылған. Оңтүстік Қазақстан облысының  әкім Бейбіт Атамқұлов жақында осы кәсіпорындардың жұмысымен танысып қайтты. Жұмыс істеп тұрғандарының тынысына құлақ түрді. Салынып жатқандарының құрылысына зер салды.  Жұмыс сапары барысында кілем тоқитын, жіп иіретін, гофралық картон, қағаз өндіретін, мақта талшығы мен мақта целлюлозасын шығаратын кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Айта кетейік, бұл тауарлардың барлығы еліміздің экспорттық әлеуетін арттырып, шетелдік нарыққа шығарылуда.

Аким Фото 2   Бейбіт Атамқұлов «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында  соңғы жылдары  атқарылған жұмыстар өз нәтижесін бере бастағанын, бірқатар өндіріс орындары толық қуатында жұмыс істеп тұрғандарын атап өтті.

Мәселе мынада. Оңтүстік Қазақстан облысында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағынан өзге «Оңтүстік»  индустриалды аймағы да бар. Бұл бұрын кеңес одағы жылдарында ең ірі өндірістік бірлестіктердің бірі болған «Фосфор» зауытының орнынан ашылған аймақ. Ол зауыт еліміз тәуелсіздік алған соң көп ұзамай жабылып тынған болатын. Оның жабылғанына бүкіл Шымкент қаласының тұрғындары қуанды. Ол бүкіл облыс орталығын  улы газбен тұншықтырып келген кәсіпорын еді. Қуанғандықтан болар, темір-терсектерін кесіп, сол жылдары пысықай кәсіпкерлер эшелондармен  Қытайдың темір қорытатын зауыттарына өткізіп, түп-тұқиянымен сатып жіберген. Ал зауытқа тартылған коммуникация сол күйі қалған еді. Сол бұрын тартылған коммуникациялық желілерді Шымкент қаласының, Оңтүстік Қазақстан облысының басшылары пайдалануды керек деп тапты.

Не керек,  бұрынғы «Фосфор» зауыты аумағынан ашылған индустриалдық аймақ қазір өз жұмысын жандандырып тұр.  

         «Оңтүстік» индустриалдың аймағында жалпы құны 66 млрд. теңгені құрайтын 128 жоба іске асырылуда. Оның ішінде 18,5 млрд. теңгені құрайтын 36 жоба қазірдің өзінде іске қосылды. Бұл кәсіпорындарда 2 782 жаңа жұмыс орны ашылды. Мұнда келешекте қазір жұмыс істеп тұрғандарынан бөлек, жалпы құны 81.67 млрд. теңгені құрайтын инвестициялық жобалар іске асырылмақшы. Оларда 6 мың жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Осы индустриалды аймақ ашылғалы бері мұнда 53 млрд. теңгенің өнімі шығарылды. Бюджетке 3,5 млрд. теңге салық түсті.

 -«Индустриалды аймақтар үлкен әлеуетке ие. Енді осы қарқынды арттыра түсуіміз қажет», — деді облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов.

Шымкенттегі екі «Оңтүстік» те оң жамбасқа іліккен ірі жобалар болды. Олар жұмыссыздықты азайтып, халықтың табысын молайтуға, облыстың экономикалық әлеуетін арттыруға қызмет ете бермекші. 

 

                                                            Қуандық ОРАЗБЕКҰЛЫ,

                                          Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері.