АЛТЫНОРДА
Новости

ҚОСТАНАЙДЫ ҚҰРҒАҚШЫЛЫҚ ҚЫСЫП ТҰР

2b0d42db1f7937df4a159389d0bac6a8«Қостанай облысының 4 ауданында астық өнімділігіне орай жағымсыз жағдай қалыптасып отыр», — деп хабарлады ҚазТАГ тілшісі. 

 

«Бүгінгі таңда өңірдің солтүстік және шығыс аудандарындағы егістіктің жағдайы жақсы. Бұл аудандарда жаңбыр жауды. Бірақ аймақтың батысындағы және оңтүстік-батысындағы Таран, Жітіқара, Денисов, Қамысты аудандарында жағдай күрделі болып отыр. Бұл аудандарда жауын-шашын аз түскен», — дейді облысының әкімі Нұралы Сәдуақасов батыс және оңтүстік-батыс аудандарда егістіктерді аралау барысында.
Таран ауданындағы «Әділет-Т» кәсіпорнының директоры Әлия Жүсіпованың айтуынша, былтыр құрғақшылық болғанда астық өнімділігі 3 ц/га деңгейінде болды. «Биыл ең көп дегенде гектарынан 5-7 центнерден аламыз деп отырмыз. Өткен жылы несие мерзімін ұзартқан болатынбыз. Енді барлық займдарды ескере келе, 200 млн теңгеге жуық қайтаруымыз керек», — деді ол.
Үстіміздегі жылы Жітіқара ауданы құрғақшылықтан ең көп зардап шекті. Аудан әкімі Мейрам Өтешовтың айтуынша, жергілікті егістік алаңының 70% жуығы қанағаттанарлықсыз жағдайда, сондай-ақ, орташа өнімділік 4 — 4,6 ц/га деңгейінде болады деп күтіледі.
Қостанай облысының диқаншылары екі жыл бұрынғы несиелердің 50%-ның мерзімін ұзартуды сұрап отыр. «Мен ауыл шаруашылығы министрімен сөйлесіп, құрғақшылық аймағында орналасқан екі жыл бұрынғы — былтырғы және биылғы несиелердің 50%-ның мерзімін ұзартуды сұрадым. Министр бұл мәселені өз бақылауына алды. Мұндай шараның қолданылатынына 100% кепіл жоқ, бірақ ол қолға алынса, диқаншыларға айтарлықтай көмектесетін еді», — деді Н. Сәдуақасов.

 

Айқын-ақпарат