АЛТЫНОРДА
Новости

Көптілді болудан қауіп бар ма?

dfҚазіргі кезде «қостілділік», «көптілділік» деп атап жүрген ұғымдар бар. Ғылыми түсінік бойынша қостілділік – белгілі бір аймақ көлемінде қатар өмір сүретін этникалық топ өкілдерінің екі тілді алма-кезек қатар қолдануы екен. Алайда дүниеге келген сәби ешқашан да қостілді болып тумайды, өмір мен қоғам қажеттілігінен, мәжбүрліктен үйренеді. Қостілділік арнайы оқып үйренуден бастау алып, дами келе табиғи тілдік ортаның қалыптасуына дейін ұласады. Мәселен, бұл тарихи үдерісті өз басынан кешірген Қазақстандағы орыс-қазақ қостілділігінің тарихы сонау XVIII ғасырдан бастау алып, бүгінгі күнге дейін әртүрлі сапада дамығаны нақты мысал бола алады. Сол заманның идеологиясы мен қоғам қажеттілігінен туындап, белсенді коммуникативтік қызметке ие болған орыс-қазақ қостілділігі қандай нәтижеге алып келді? Біз бұл мәселе бойынша арнайы ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізген едік. Ғылыми-зерттеу жұмысы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің қаржыландыруы бойынша №359 бұйрығының (4-ақпан 2013 жыл) негізінде орындалғанын айта кеткен жөн. 

Ел тәуелсіздігі тұсында қазақ тілі «мемлекеттік тіл» мәртебесін алғанымен, тілдің қоғамдағы қызметінің кең өріс алуы біршама қиындық тудырды. Қазақ тілінің ғылым салаларындағы аударма тілі қызметін ғана атқаруы, өзге ұлт өкілдерінің көбінесе орыс тілін меңгеруі немесе өзінің ұлт тілін білуі, түрлі ресми іс-шаралар мен жиналыстарда, басқосуларда орыс тілінің белсенді қолданылуы, жазбаша нысандағы ісқағаздар мен түрлі қаржылық, экономикалық есеп-қисаптар, келісім-шарттар және т.б. негізінен орыс тілінде әзірленуі қазақ тілінің ойдағыдай дамып кетуіне айтарлықтай кері әсер етті және солай болып келеді. Бірақ елімізде жүргізіліп отырған тіл саясатының бүгінгі ахуалына көз жүгіртсек, осынау «көптілділік» мәселесінің, яғни оның коммуникативтік сипатының белсенділікке ие болып келе жатқанын байқауға болады.
Елбасы 2008 жылғы «Жаңа әлемдегі Жаңа Қазақстан» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Қазақстан халқы бүкіл әлемде үш тілді пайдаланатын жоғары білімді ел ретінде танылуы тиіс. Бұлар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі» деген болатын. Осыған орай ғылыми тұрғыдағы «көптілділік» ұғымы қоғамдық белсенділікке ие бола бастаған «Үш тұғырлы тіл» идеясымен түсіндіріліп келеді. Алайда социолингвистикалық еңбектерде «үш тұғырлы тіл» термині кездеспейді, ал «көптілділік» терминіне «нақты коммуникативтік жағдайдың әсер етуімен белгілі бір әлеуметтік ортада немесе мемлекетте бірден үш немесе одан да көп тілдердің қарым-қатынас құралы ретінде қызмет етуі» деген анықтама беріледі.
Жалпы Қазақстанда өмір сүретін этни­калық қауымдастықтардың социо­лингвистикалық негіздемесі тұрғысынан алғанда славян тектес халықтардың дені – бір тілді, қазақ ұлты – қостілді, ал ұйғыр, неміс, қырғыз, күрт, өзбек, татар, башқұрт, дүнген, кәріс, шешен және т.б. ұлт өкілдері көптілді болуы тиіс еді. Бірақ көптілділікке қатысты «Тіл туралы» Заңымызда «Қазақстанда тұратын басқа да ұлт өкілдері тiлдерінің қолданылуына және оларды үйренуге жағдай жасалады» деп көрсетілген. Ал ел аумағындағы тіл саясаты қоғамдық-саяси, экономикалық, өркениеттік, электронды-ақпараттық, жаһандық сұраныстар мен қажеттіліктерге сәйкес «қазақ-орыс-ағылшын» көптілділігін қалыптастыруды көздеп отыр. Бұл қалай жүзеге аспақ? Енді осы мәселенің байыбына үңіліп көрсек.
Қазақ тілі – Қазақстан Республи­ка­сының Конституциялық мәртебесі бойын­ша Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тіл. Ал біз, яғни қазақтар үшін ата-баба тарихымен бірге жасап, өзінің ішкі болмыс-бітімімен, тілдік заңдылықтарымен ерекшеленіп, бірнеше ғасырлар бойы (жас, жыныс, сенім, кәсіп, әлеуметтік жағдай айыр­масына қарамай) қолданып келе жатқан ана тіліміз.
Мемлекеттік тіл, сондай-ақ белгілі бір мем­лекет аумағында кең таралған, ел тұр­ғындарының ұлттық құрамына қара­мас­тан, мекемелер мен ұйымдарда, сот ісінде, қарулы күштер мен құқық қорғау органдарында, денсаулық сақтау мен білім беру жүйесінде, бұқаралық ақпарат құрал­дарында, өнер мен мәдениет саласында, ісқағаздар жүргізуде қоғам өмірінде айрықша саяси-құқықтық мәртебесі бар тіл.
Орыс тіліне келетін болсақ, ол Ата Заңымыз бойынша елімізде ресми тіл болып есептеледі. Орыс тілі еліміздегі диаспоралардың өзара қарым-қатынас тілі ретінде білім беру мен денсаулық сақтау саласында, банк пен түрлі компаниялар қызметінде, сонымен қатар жаратылыстану ғылымдарында, теледидар мен радиода, газет-журналдарда, ғаламтор мен электронды баспасөз құралдарында мемлекеттік тілмен қатар қолданылады. Екі тілдің социолингвистикалық жағдайы, бір сөзбен айтқанда, осындай бағытта өріс алып қолданыс тауып келеді.
Еліміздегі қазақ және орыс тілдерінің қатарына ендігі таңда ағылшын тілі де дендеп ене бастады. Бүгінгі Қазақстандағы тіл саясатында ағылшын тілі өркениет сұраныстарына жауап беретін жаңа ақпарат таратушы инженерлік-компьютерлік технологиялар тілі, бизнес пен экономика тілі, халықаралық қатынастар мен іскерлер тілі, белгілі бір әлеуметтік топтар үшін (жас­тар) жоғары еңбекақы мен тұрақты жұмыс орнын сақтап тұруға мүмкіндігі бар тіл болып тұр. Алайда социолингвистикалық зерттеулерге сүйенсек, кез келген қоғамдық қауымдастықта үш тілдің бірдей бағытта, тең дәрежеде өркендеп дамуы мүмкін емес нәрсе. Мәселен, әлемдік тәжірибені бағдарлайтын болсақ, Швейцарияда ресми мәртебеге ие төрт тіл болса (неміс, француз, итальян, ретороман), Бельгияда үш тіл (фин және швед, ағылшын) пайдаланылады екен. Ал ағылшын тілі әлемнің 114 елінде, Испан тілі 27 елде, француз тілі 24 елде, португал тілі 12 елде негізгі тіл немесе ұлтаралық қарым-қатынас тілі ретінде қызмет атқарғандықтан көптеген жергілікті кіші этникалық топ тілдерінің мәңгілікке жойылып кетуіне соқтырған.
Бұл тұрғыдан алғанда қазақ тілін жа­һанның жарты әлемі сөйлейтін ағылшын тілімен, жер бетінде 300 миллионға жуық сөйлеушісі бар орыс тілімен бір қатарға қойып бәсекелестіру қисынға келмейді. Сондықтан Қазақстандағы тіл саясатын жоспарлауда қазақ тілінің өміршеңдігін арттыратын тетіктерге баса көңіл бөлінуі тиіс.
Әлеуметтік тіл білімінде «тілдің өмір­шеңдігі» (витальность языка) терми­нінің мәні – ол қандай да бір тілдің қоғам мұқтаждығын атқара алатын қызметі, бәсекелестікке түскендегі өмір сүруге қабілеттілігі, тұрақтылығы, қажеттілігі дегенді білдіреді. Көп жағдайда тілдің өміршеңдігі сол елдегі жүргізіліп отырған тіл саясатының қызметінен туындайды. Әрине, ел өміріндегі қоғамдық-саяси, экономикалық, өркениеттік, жаһандық өзгерістерге басты мән беріліп, ел ішіндегі тілдік ахуал мен тілдік жағдаятқа ғылыми сараптама жүргізілмейтін болса, көптілділік аясында тілдік теңсіздік пайда болуы мүмкін. Демек, жоғарыда аталған қостілділік салдарынан пайда болған кемшіліктердің етене еніп келе жатқан көптілділік жағдайында да қайталанбасына кім кепіл?
Сондықтан дамыған елдердегі әлемдік тәжірибені үлгі ете отырып, көптілділіктің даму бағыттары мен қоғамдық қызметін, тілдердің бір-біріне тигізетін оң және кері әсерінің шынайы бейнесін саралап, нақты жүргізілген статистикалық мәліметтер мен зерттеулер негізінде қадағалап отыратын социологиялық және әлеуметтік-лингвистикалық зерттеу орталықтарын құрып, оларға ресми мәртебе берілуі тиіс.
Екіншіден, белгілі бір кезеңдік мерзімге сәйкес ел ішіндегі тілдік жағдаят пен тілдік ахуалдың шынайы диагнозы сараланып, сол зерттеулердің негізінде тиімді заңнамалық өзгерістер енгізілгені жөн.

Кенжетай Күркебаев,
филология ғылымдарының 
кандидаты, доцент

 

http://anatili.kz/?p=14114