АЛТЫНОРДА
Новости

Қоғам «Жас тұлпардың» саяси маңызын әлі түсіне алмай жатыр

434_9d59a71986686238bcff47854aa1b5dcАстана. 19 тамыз. Baq.kz- Алашордашылардың атылғаны – атылып, одан аман қалғандары қудалауға ұшыраған 1937-38-ші жылдардың үркіншілігінен кейін, ел ішінде қызыл жендеттердің құйтырқы саясатына қарсы бас көтерер азаматтың қатары сиреп қалған. «Бауырлас» халықтар ұлтшылдық мінезін ұмытып, мойнын отарлықтың қамытына біржолата ұмсына берген. Сонда, 1963 жылы қызыл империяның қақ жүрегі – астанасы Мәскеуде жүрген қазақтың бір топ мөлдіреген жастарының аузынан «тәуелсіздік», «еркіндік», «азаттық» деген ұрандар-сөздер алғаш шыққанда бүкіл қоғам елең ете қалды. Кешегі көзі құрыды деген алашордашылар қайтып тіріліп келгендей Кеңестер Одағын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырған Орталық Комитеттің Бюро мүшелері бір-бір шоршып түсті.

Мәскеудегі студент жастардың басын құрап, «Жас тұлпар» ұйымын құрған қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтың ұлы, бүгінде қоғамға танымал қайраткер Мұрат Әуезов болатын. (Алашордашылардың соңғы тұяғы, ұлы Мұхаңның өзінің өлімі де әлі күнге дейін жұмбақ). Міне, енді заманның ағысын баққан, саясаттан хабары бар, көзі ашық, көкірегі ояу «жастұлпарлықтар» баяғы Алаш арыстарының ізімен алдарына елдің азаттығы үшін күресуді мақсат етіп қойған екен. Тоталитарлық жүйе оларды қатаң бақылауға алып, түрлі қуғын-қудалауға салды, ашық та, астыртын қысым мен зорлықтарды үдетті. Бірақ «жастұлпарлықтар» сынбады. Күні кешегі 86-ның желтоқсанында жастарды көшеге алып шыққан да осы «жастұлпарлардан» жалғасқан рух болса керек.
ҚР Президентінің алғашқы баспасөз хатшысы, «Мир» ТРК негізін қалаушы Ғаділбек Шалахметов жетпісінші-сексенінші жылдары «Жас тұлпардың» белді бір мүшесі болған. Бір күні ол кісіні Қазақ ССР Компартиясы ОК хатшысы Зәкаш Камалиденов шақырып алып: «Әй, сендер не істеп жүрсіңдер? Ана ұлтшылдардың қатарына неге қосылдың? Тәуелсіздік, азаттық деген не сөз? Біз – отанымыз бір ортақ кеңестер халқымыз! Біз ұлтшылдардың көзін құртамыз!» деп зік-зік етіпті.
Ғ.Шалахметов ол кезде телевидениеде істейді екен. Қазақтың жоғын тауып беру мақсатымен телевидениеде алғаш рет «Айтыс», «Тамаша» сияқты бағдарламаларды шығара бастаған. Мұның бәрі ұлттың рухын көтеруге, мәдениетін жарнамалауға, өз құндылықтарымызды насихаттауға арналған екені белгілі. Бірақ «Тамаша» «ұлтшылдықты» тудыратын бағдарлама ретінде Мәскеудің кәріне ілігіп, оны ұйымдастырған мамандар бірталай қудалауға ұшырапты. «Бүгінгі ел тәуелсіздігінің бастау-басында «жастұлпарлардың» осы ұлы идеясы жатыр. Қоғам «Жас тұлпардың» саяси маңызын әлі түсінген жоқ. Сондықтан, мұның бәрін жас ұрпақтың санасына сіңіру үшін алдағы күндері «Жас тұлпар» туралы танымдық фильм шығарылса жақсы болар еді»,– деді ғ.Шалахметов.

Дәулетқали АСАУОВ

http://www.baq.kz/kk/news/34200