АЛТЫНОРДА
Новости

Керри: Украиндықтар азаттықты аңсайды

Астана. 2 ақпан. Baq.kz – АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри сенбі күні Мюнхенде өткен қауіпсіздік мәселелеріне арналған конференция аясында украин оппозициясының жетекшілерімен кездесті.

Украина парламентінің депутаты Петр Порошенконың журналистерге айтуынша, кездесуде тараптар «Украинадағы дағдарыстан шығудың нақты қадамдары туралы келісімге келген».

Керримен кездесу барысында «күш қолдануды тоқтатып, кепілге алынған барлық адамдарды босатуды, адам ұрлау, азаптау және өлтіру оқиғаларын тергеу жүргізуді көздейтін нақты жоспар талқыланды» деп хабарлады «Батькивщина» оппозициялық фракциясының жетекшісі Арсений Яценюк.

«Біз Еуропа кеңесінің бас хатшысы Ягландтың ұсынысын қабылдап, құрамына оның өкілі, оппозиция және билік адамдары енетін тәуелсіз комиссия құру туралы келісімге келдік. Тағы бір талабымыз – парламенттік-президенттік басқару жүйесіне дереу оралуды көздейтін конституциялық реформа жасау» деп мәлімдеді Яценюк. Оның айтуынша, тек конституциялық реформаны жүзеге асырған соң ғана Украинаға халықаралық ұйымдар тарапынан экономикалық жәрдем берілмек.

Сенбі күні Мюнхенде қауіпсіздік мәселелеріне арналған конференцияда сөйлеген сөзінде АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри «украиндықтар азаттық пен демократия үшін күресіп жатыр» деп мәлімдеген еді. Ол АҚШ пен Еуропа одағы украин халқының мақсат-мұратына жетуіне қолдау білдіретінін айтқан.

Мюнхендегі жиында НАТО бас хатшысы Андерс Фог Расмуссен мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Украинадағы жағдайға қатысты екі түрлі пікір білдірген еді. Расмуссен «Украина өз болашағын еркін таңдауы керек» десе, Лавров «Украинадағы жағдайды шиеленістіріп отырғаны үшін» батыс саясаткерлерін айыптаған.

http://baq.kz/kk/news/42965