АЛТЫНОРДА
Новости

Келiмбетов “келiстiрдi” Екi сөйлеген ол халықты есiнен тандырды «Жас Алаштың» коллажы

3 ақпан күнi ғана “девальвацияға түрткi болатын себеп жоқ” деп сендiрген Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келiмбетов 11 ақпан күнi теңгенi бiрден 19 пайызға құнсыздандырып жiбердi. Осымен ұлттық валюта соңғы он бес жылдың iшiнде үшiншi мәрте девальвацияланды.

БАС БАНКИРДIҢ БЕС СЕБЕБI
Сейсенбi күнi таңертең ақ­парат құралдарының поштасына Ұлттық банктiң теңге бағамын бұрынғы деңгейде ұстаудан бас тарту жөнiндегi мәлiм­демесi түсе салысымен, нағыз аласапыран басталды. Тiлшi­лер Ұлттық банктiң баспасөз қызметiне дамыл бермей хабарласып жатты, ақпарат құралдарының басым бөлiгi бiрден бас банкке тартты.
Ұлттық банкке барар жолда бiз жол-жөнекей айырбастау пунктерiне кiрiп шықтық. Бiрi жұмыс iстемеймiз деп тақтасындағы валюталардың бағамдарын алып тастаса, ендi бiрi сол мезетте-ақ айырбастаудың жаңа бағамдарын iлiп, қызу саудаға кiрiсiп кеттi. Қала ортасында жұмыс iстеп тұрған айырбастау пунктерiнiң бiрi бiр демде доллардың құнын 190 теңгеге шарықтатып жiберге­нiнiң куәсi болдық.
Ұлттық банкте жоспарлан­ған брифингiге алғашқылардың бiрi болып жеттiк. Бiр сағат уа­қыттан кейiн баспасөз қызметi дәлiзде қарақұрым жиналып қалған тiлшiлердi iшке кiргiзе бастады. Iшке лап қойған журналистерден ине шаншыр орын болмады. Келiмбе­тов өзiн тағы жиырма минуттай күттiрдi.
Тiлшiлер бөлмесiне мәз-мейрам болып күлiмсiреп кiр­ген Қайрат Нематұлы әуелi девальвация болғаны жөнiндегi бәрiне белгiлi ақпарды жеткi­зiп, оған түрткi болған бес себептi тiздi.
“Бiрiншiден, барлық дамушы елдер, оның iшiнде БРИКС мемлекеттерiнiң валюталары долларға шаққанда әлсiредi.
Екiншiден, рубльдiң айырбастау бағамына қатысты бел­гiсiздiк. 2013 жылы рубль жетi пайызға әлсiредi.
Үшiншiден, Қазақстанның төлем балансының ахуалы. Ағымдағы операциялардың оң мәндi болғанына қарамастан, импорттың өсiмi байқалуда.
Төртiншiден, экономикадағы девальвациялық күту процесi жоғарылады. Алыпсатарлық операциялар көбейгендiктен, Ұлттық банк оған үнемi араласып, нарықты реттеп отыруға мәжбүр болды.
Бесiншiден, инфляцияны 3-4 пайыз деңгейде ұстап тұру үшiн Ұлттық банк инфляциялық шектеуге өтудi жоспарлап отыр. Бұл айырбастау бағамын қатаң қадағалаудан бас тарту деген сөз”.
“Осылайша талдау жұмыстарынан кейiн бiз теңгенiң тепе-теңдiк бағамы бiр доллар үшiн 185 плюс – минус 3 теңге аралығында болуы тиiс деп шештiк. Бiз осы бағамды қор­ғайтын боламыз”, – деп қорытты ол.
“ХАЛЫҚТЫҢ ҚАМЫН ОЙЛАДЫҚ”
Тiлшiлердiң Келiмбетовке қояр сұрағы көп болды. Әбден қызбаланып кеткен БАҚ өкiл­дерiн Ұлттық банк төрағасы сабырға шақырды. Қайрат Не­мат­ұлы “девальвация бәрiмiзге жақсылық әкеледi, оның нәти­же­сiнде бәсекеге қабiлеттiлiк артады, экспорт және импорттық саладағы өндiрушiлер үшiн де бұл тиiмдi”, – деп шегеледi.
Сондай-ақ, ол теңге құнсызданса да, инфляция 6-8 пайыздан аспайды деп тәттi сөздермен арбады.
Ал алыпсатарлықпен айналысқандар жазаланатынын, бұдан былай долларды сату мен сатып алу арасындағы бағамды 2 теңгеден, осы тақылеттес еуроның маржасын 3 теңгеден асырып сататын      айырбастау пунктерiне қатаң шара қолданылатынын ес­керттi.
“Ұлттық банк халық қолда­уынан айырылып қалады деп қорықпайсыз ба? 2009 жылы да соңына дейiн теңге құнсызданбайды деп мәлiмделгенi­мен, валюта бiр түннiң iшiнде девальвацияға ұшырады.
Қазiр де осы жағдай қайталанып отыр” деген сұраққа Келiмбетов: “2009 жылы макроэкономикалық ахуал дағдарыс жағдайында болатын. Девальвацияның арқасында ел экономикасы осыған төтеп бере алатын төзiмдiлiк қорын қалыптастырды. Экспорт өстi, импортта бәсекеге қабiлеттi болдық. Бiрақ одан берi бiраз уақыт өттi. Ендi 2014 жылдың ахуалына қарап отырмыз. Бiз бүкiл әлемнен тысқары өмiр сүре алмаймыз, айырбастау бағамы ғаламдық бағамдарға бағынатынын бұрыннан берi айтып жүрдiк”, – дедi.
“Сонда ахуал бiр аптаның iшiнде өзгерiп пе? Өткен аптада ғана теңге құнсызданбайды деп едiңiз ғой” деп тiлшiлер қауымы Келiмбетовтiң екi сөйлегенiн есiне салды. “Жоқ, бiр аптаның iшiнде өзгерген жоқ. Бiз төлем балансы мен талдауларға қарадық. Бiз екi факторды ғана назарға алған жоқпыз, айырбастау бағамына әсер ететiн мыңдаған себеп бар. Соның бәрiн ескердiк”, – деп жақауратты.
“Сiз қазiр төлем балансына сiлтеп отырсыз. Ол кеше, я бүгiн пайда болған нәрсе емес. Олай болса, неге девальвацияны бiрте-бiрте емес, бiр мезетте жасадыңыздар? Бұл ретте халықтың қамын ойламаған сияқтысыздар” деген “Жас Алаштың” сұрағына Қайрат Нематұлы: “Бiз ең алдымен халықтың қамын ойладық” деп жауап бердi. “Өйткенi халыққа экономиканың өсуi және бюджеттiң өсуi қажет. Бiз әр минут сайын ахуалды бақылап, ақпаратты сүзiп отырамыз. Әрине, ең алдымен төлем балансын назарға алдық. Сыртқы бәсекеге қабiлеттiлiк төмендей бердi, бiз бiр жағынан халықты ойладық. Бiз экономикалық өсiм үшiн жағдай жасадық. Биылғы жылы ол 6 пайыз шамасында болуы тиiс. Девальвация бюджеттi қамтамасыз етедi, ал бюджет әлеуметтiк саясатты қамтамасыз етедi”, – дедi.
“Девальвация болатынын қашан естiп бiлдiңiз?” деген сұраққа Ке­лiмбетов “кеше түнде естiдiм” деп жауап бердi. Айтуынша, бұл ақпараттың жайылып кетуi мүмкiн емес. “Себебi бiз барлық шешiмдi кеше биржа жабылған соң қабылдадық. Ал бүгiн биржа ашылғанда ғана ақпаратты тараттық. Сондықтан ақпараттың мерзiмiнен бұрын жайылуы мүмкiн емес”, – дедi.
Бұған БАҚ өкiлдерi миықтарынан мырс-мырс етiп күлдi. Тiлшiлердiң қалған сұрақтарына жауап берместен Ұлттық банктiң төрағасы тез қоштасып шығып кеттi.
КIМГЕ ТИIМДI?
Сонымен, Келiмбетов әуелi девальвация болмайды деп, арада бiр апта өтер-өтпестен ұлттық валютаны құн­сыздандырып халықты бiр алдаса, осы брифингiде тағы да жалған сөйледi.
Мәселен, “девальвация болатынын түнде ғана естiп бiлдiм” деген сөзiне кiм сенедi? Мұндай саяси шешiмнiң Ақордамен келiсiп жасалатынын есепке алсақ, өзгерiстiң бiр түнде жасалмайтыны түсiнiктi. Бұл ретте әлеумет­тiк желi қолданушыларының басым бөлiгi “президенттiң “Қазақстан емес, Қазақ елi” атанайық” деген ұсынысы халықты тонардың алдында елдiң көңiлiн басқа жаққа бұрып жiберу үшiн жасалған айла болды деген пiкiрде.
Екiншiден, Келiмбетовтiң “девальвация бүкiл халыққа тиiмдi” деген сөзi үйiредi. “Девальвация – Қазақстандағы жеңiл өнеркәсiп, ауылшаруашылығы өнiмдерiн қайта өңдеу, өңдеушi өнеркәсiп салаларының бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру үшiн жасалды. Бұл салаларда бiздiң адамдар жұмыс iстейдi. Бұл салада бiздiң бәсекелес­тердiң тауарлары басымдыққа ие. Отандық тауар өндiрушiлердiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру үшiн теңге бағамына өзгерiс ендiрдiк”, – дейдi бас банкир. Сыртқа тауар тасымалдау түгiл, iшкi нарықты азық-түлiкпен қамтамасыз ете алмай отырғанда, қайдағы бәсекеге қабiлеттiлiк туралы сөз қозғалады? Күнделiктi тұтынатын та­уарлар сырттан тасымалданатындықтан, сөрелердегi тауарлар құны сейсенбiден бастап-ақ көтерiлiп кеттi. Девальвация болған күнi техника сататын дүкендер едел-жедел жұмыстарын тоқтатып, бағаларды ауыстыруға кiрiстi. Шетелдiк көлiк сататын дүкендер де сөйттi. Импортталатын азық-түлiктiң құны да доллар индексациясына сәйкес өсетiнi түсiнiктi.
Олай болса, девальвациядан кiм ұтты? Ең алдымен шикiзатты сыртқа шығаратын экспортерлер. Ал олар кiм­дер? Мұнай мен металл, өзге шикiзатты сатушылар.
Олай болса, осы қымбатшылықтан ең алдымен қалтасы қағылатын тұтынушы халық екенi түсiнiктi.
Девальвациядан кiмнiң ұтып, кiмнiң ұтылғанын белгiлi қаржыгер Айдан Кәрiбжанов өзiнiң әлеуметтiк желiдегi парақшасында жiлiктеп бердi. “Кiмге тиiмдi? Шығыны теңгемен, ал кiрiсi доллармен есептелетiндерге тиiмдi. Яғни, мұнай, металл, бидай экспорттаушыларға. Сәйкесiнше, девальвация импортерлерге тиiмсiз. Импортталатын нәрсе шаш етектен. Сондықтан бұл тiкелей тұтынушыға әсер етедi. Бiрақ импортқа балама жоқ болғандықтан, бастапқыда есеңгiреу мен көлем қысқарса да, артынша бәрi қалпына келедi. Бiрақ тұтынушының өмiрi қиындай түседi”, – дейдi ол.
ИНФЛЯЦИЯЛЫҚ ШЕКТЕУ САЯСАТЫ ДАЛАДА ҚАЛДЫ
Ал Ұлттық банктiң бұрынғы төрағасы Ораз Жандосов өзiнiң “Фейсбук” әлеуметтiк желiсiндегi парақшасында 185 теңге мәнi қайдан алынғанына түсiнбеушiлiк бiлдiрiптi. “Бiздiң Ұлттық банк айырбастау бағамының қандай саясатын ұстанып отыр? Бұл ретте бас­ты кiнә Ұлттық банктi 4,5 жыл бойы басқарған Григорий Александрұлының мойнында. Екiншi мәрте Ұлттық банктi басқарып тұрғанда ол инфляциялық шектеу саясаты мен оған сәйкес еркiн айырбастау бағамы саясатын ұстануға көшудi ың-шыңсыз ұмыттырып жiбер­дi. Саясатты белгiлеудiң орнына оны үшвалюталық қоржынға өту туралы ле­пiрме сөздермен алмастырмақ болды…”.
Қаржыгердiң ойынша, Келiмбетов 4,5 ай бойы Ұлттық банктi басқарып отырса да, бұл мәселеге ден қойып, қажеттi саяси шешiмдi қабылдай алмады. О.Жандосов ең таңғалдыратыны – болашаққа бағыт-бағдар болатын айырбастау бағамы жарияланбады дейдi. “Ең қауiптiсi: теңгенiң айырбас­тау бағамын белгiлеуге араласуды қысқартамыз дегендi 2 пайыздан аспайтын дәлiздi белгiлеймiз деген мәлiмдемемен қатар айтты… Бiздiң жағдайда халық пен нарыққа қатысушылардың сенiмiне ие болатын айырбастау бағамын белгiлеудiң екi түрлi жолы бар. Бұл – теңгенiң еркiн айналымы немесе оны рубльге қатысты белгiлеу. Ресеймен экономика құрылымы ұқсас, сауда-саттық көлемi үлкен әрi рубльдiң еркiн айналымға өтуi аяқталып қалды”.
Екiншiден, бiр доллар үшiн 185 теңге мәнi қайдан алынғаны түсiнiксiз. Бұл долларға қатысты теңгенiң девальвациясы 19 пайыз деген сөз. Бiрақ 2013 жылдың 1 қаңтарынан 10 ақпанға дейiн теңге бағамы 3,5 па­йызға төмендедi. Де­­мек, девальвацияның жалпы көрсет­кiшi 24 пайызға жет­тi. Ал Ресейде рубль 2013 жылдың басынан осы күнге дейiн 11 пайызға дейiн тө­мендедi. Олай болса, бiзде бағамды нелiк­тен мұнша артық қормен жасағанын макроэкономикалық тұрғыдан түсiндiру қиын. Егер алдағы уақытта теңгенiң долларға қатысты бағамы 185-тен жоғары көте­рiлсе, мұндай әдiлет­сiз overshooting (бағамды асырып жоғарылату) үшiн жазалау керек”.
Кеше Ұлттық банк доллардың теңгеге шаққандағы ресми бағамын 163,90 теңге деп белгiледi. Алайда айырбастау пунктерi долларды 185 теңге шамасында сатып жатыр.
“ДЕВАЛЬВАЦИЯ –У ТӘРIЗДI”
Экономист Мағбат Спанов девальвацияға қатысты пiкiрiн бiр ауыз сөзбен: “Бұл жерде Ұлттық банк төрағасы мен үкiметтiң бүкiл мүшелерi өзiнiң кәсiби еместiгiн көрсеттi. Бiздiң елдi өңкей “барабашкалар” басқарып отыр”, – деп түйiндедi.
Ал былтырғы жылдың шiлдесiнде “Жас Алашқа” берген сұхбатында “теңге 2013 жылы бiрнеше пайызға құнсызданады. Ал келесi жылы шұғыл девальвация болады” деп болжаған Ulagat Business Group консалтингтiк компаниясының директоры Марат Қаирленов бұл девальвацияның үш себебi бар деп есептейдi. “Алғашқысы – импорт жедел өстi. Бұл сауда балансының сальдосын қысқартты. Екiн­шiден, бұрын елiмiзге көп көлем­дегi шетелдiк инвестициялар ағымы тартылатын. Ал қазiр ол ағым тоқтап қалды. Үшiншiден, әлемдiк нарықтағы қаржы дамыған елдерге құйылып жатыр. Осы күнге дейiн АҚШ дағдарысты бастан кешiргендiктен, қаржы дамушы елдерге құйылды. Ал қазiр керi­сiнше жағдай болып жатыр”, – дейдi ол.

М.Қаирленов

Бұл кiмге қалай әсер етедi дегенге келсек, М.Қаирленов девальвациядан металлургия мен шикiзат саласындағы өзге секторлар ұтады деп есептейдi. Бiрақ банктерге бұл ауыр соққы болмақ. “Себебi депозиттердiң басым бөлiгi шетелдiк валютада. Ендi оны жаңа бағаммен қайта бағалайды. Сөйтiп, банктердiң қарызы артады. Несиелер доллармен берiлгендiктен, валюталық тәуекелдер ендi несиелiк тәуекелдерге айналады. Халық валютадағы несиелерiн қайтара алмайды”.

Сарапшының ойынша, теңгенiң құнсыздануы шетелден қарыз алған ұлттық компанияларға да қиынға соғады. “Қазақтелеком”, “Қазақстан темiр жолы” шетелден алған көп-көрiм қарызын қайтаруы керек. Олардың табысы теңгемен есептеледi. Сондықтан девальвация қаншалықты дұрыс қабылданған шешiм деген сұрақ туындайды. Көпшiлiк девальвация болған күннiң өзiнде 10-15 пайыздан аспайтын шығар деп ойлады. Құнсыздану – у тәрiздi нәрсе. У пайдалы да, зиянды да болуы мүмкiн дегендей, 20 пайыздық девальвация пайдадан гөрi зиянын көп тигiзетiн тәрiздi”, – деп түйiндедi М.Қаирленов.
КЕДЕНДIК ОДАҚ КЕСIРIН ТИГIЗДI
Экономист Меруерт Махмутова соңғы он бес жылдың iшiнде үшiншi мәрте жасалған девальвация халықтың үкiмет пен теңгеге деген сенiмiн бiржолата жойды дейдi. Оның ойынша, Кедендiк одақ пен Бiрыңғай экономикалық кеңiстiкке енгеннен кейiн Қазақстан үкiметi өз бетiнше дербес валюталық саясатты жүргiзуден айырылып қалғандықтан, Ұлттық банк ендi интервенциялар арқылы теңге бағамын ұзақ уақыт ұстап тұра алмайтыны түсiнiктi едi. “Қаңтар айының өзiнде ғана Ұлттық банк валюталық интервенцияларға 200 миллион доллар жұмсады. Ресей Орталық банкiнiң рубльдi еркiн айналымға жiберуi айырбастау бағамын белгiлеу бойынша белгiсiз­дiк­тi күшейттi әрi Қазақстандағы девальвациялық күтулердi күрт арттырды. Мұндай жағдайда Ұлттық банктiң ойлап тапқан амалы – бiр мезетте шұғыл девальвация жасау. Ал ендi нелiктен бiр доллардың құны 185 теңге болып белгiлендi? Бұл – таза волюнтаризм. Бәлкiм, алдағы бес жылда бағамға алаңдамай, тынығып алайық дегенге есептелiп жасалған шығар. Бiрақ бұл қадамның салдары ойластырылмаған. Келiмбетов девальвация экономиканың бәсекеге қабiлеттiлiгiн сақтап тұру үшiн қажет дегендi алға тартады, бiрақ бұл жерде экспортерлердiң мүддесi туралы сөз болып отыр. Бұл жерде бiз, бүкiл Қазақстан халқы ғана ұтылып отыр. Бiздегi бүкiл iшкi тұтыным импортқа негiзделген. Ендi им­порт­тық тауарлардың құны ғана емес, iшкi өндiрiс тауарларының бағасы да шарықтамақ. Себебi шикiзаттың бағасы мен өзiндiк құнды құрайтын бөл­шек­тердiң бағасы көтерiледi. Үкiмет зейнетақы мен жәрдемақыны 19 пайыз­ға өсiрудi жоспарлап отырған жоқ, сондықтан зейнеткерлер мен көпбалалы отбасылардың мүддесi ескерiл­ме­ген”, – дейдi М.Махмутова.

elnur-alimova@mail.ru
Елнұр БАҚЫТҚЫЗЫ
http://zhasalash.kz/ekonomika/11500.html