АЛТЫНОРДА
Новости

Қазақтың арқасы

Елде тыныштық болса, ол – қазақтың арқасы.
Елде татулық болса, ол – қазақтың арқасы. 
Елде тұрақтылық болса, ол – қазақтың арқасы.
Осының бәрін ұстап тұрған не нәрсе? Қазақ өзінің Тәуелсіздігін ең басты құндылық санайды. Өз Азаттығына көзінің қарашығындай қарайды. Еркіндігін бақытына балайды. Кеңестен іргені бөлек салғанда бізде не бар еді? Енесінен ерте ажырап қалған төлдей маңырауық едік. Нарықтық реформаларға бейімделе алмай, бұрынғы беймарал тірліктен құрық үзіп кете алмай, қиналған едік. 


Сөйтіп жүріп, елдік пен егемендікті бекемдеуге ұмтылдық. «Бұлар ел бола алмайды, не ақшасы, не бақшасы жоқ, өндіретін өнімі шамалы, көп ұзамай өзегі талады; сосын еңбектеген қалпында қолтығымызға қайта тығылады» деген көршінің кеудемсоқ пиғылы болған; ол әлі күнге дейін өшкен де, өлген де жоқ. Соның бәріне қарамастан, қазақ өзінің ептілігін танытты. Әлемнің өзге елдерімен ақыл жарысына қосылды. Талай тазды сазға отырғызып кететін қаржы мамандары шықты. Іскер, кәсіпкер қазақтардың қатары артты. Бұл күнде қазақтың аты алысқа кетті. Даңқы талай елге жетті.

Елдіктің бір белгісі – төл әскеріміздің болуы. Қазақстанның Қарулы күштері дербес қалыптасты. Сәбет-неміс соғысында қазақтан бірлі-жарым генерал ғана шықса, қазіргі таңда әскери салада қазақтың өз генералдары өсіп шықты. Әуеде, құрлықта, теңізде елге қалқан болар, қорған болар ұландар сапы толықты. Осының бәрі бас-аяғы жиырма жылдың жүзінде, көз алдымызда болды. Көктегі қыранға, жердегі ұланға сүйсінетін жағдайға жеттік. Қазақ сарбаздары, намысқа қамшы салатын уақыт келді. Әскери Антты екі тілде беретін ел біз ғана. Енді осы олқылық жойылуы тиіс. Ант тек Мемлекеттік тілде берілуі тиіс. Қазақты қазақ тілінде қорғау қажет. Қазақ тілін қазақ қорғауы қажет. Көп мінілген аттың арқасы жауыр болады. Күтіп мінілген аттың арқасы тәуір болады. Қазақтың арқасы жауыр болмауы тиіс. Қазақ сарбаздарының саңқылдаған үні қазақ тілінде шығып тұрса, тұтастық пен татулық одан сайын бекем болады. Екі айырлы тілден ел секем алады…

Әскер қатарына азаматын аттандырған отбасылар қаралы жағдайда қалмауы тиіс. Өкінішке қарай, кейінгі кезде қазақ балаларының әскерден «өліп» қайтуы жиіледі. Баласын үкілеп аттандырған ата-ананың наласы көбейді. Бейбіт күнде қазақ сарбаздарының қатары сирейтін жағдай ішінара болса да орын алып отыр. Осыған тоқтам керек. Әскердегі әлімжеттік әрекеттерге қатаң тыйым салынбаса болмайды. Егер шетін оқиға орын алса, сарбаз қызмет ететін әскери бөлім басшылары тегіс қатаң жазаға тартылатындай тәртіп пен талап керек. Сонда ғана саптағы сарбаздың амандығына кепілдік болады. Қаз дауысты Қазыбек бабамыздың «біз найзаға үкі таққан елміз» деген бір ауыз сөзі барлық әскери бөлімдердің маңдайшасында жазулы тұруы тиіс. Тыныштық – мемлекеттің бейбіт дамуының кепілі. Татулық – халықтың аман өсуінің кепілі.
Тұрақтылық – Тәуелсіздікті баянды етудің кепілі. Осының бәрі сақталып тұрса, ол – қазақтың арқасы. Қазақтың сабырлылығының арқасы.
Қазақтың төзімділігінің арқасы. Бәрі де қазақтың арқасы. Әр қазақ елдің жүгін өз арқасымен көтереді. Әр сарбаз қазақтың тыныштығын өз арқасымен қорғайды. Менің де, сенің де, оның да арқасында ауыр жүк бар: ол – елдік пен егемендікті сақтау, өз алдымызға өршіл міндеттер мен өскелең талап қою арқылы ҚАЗАҚ деген атқа кір келтірмеу. Арқамызға бір қарап қоялық: жүгіміз жеңілдеп кеткен жоқ па?!.

Нұртөре ЖҮСІП

http://www.aikyn.kz