АЛТЫНОРДА
Новости

ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ЕРІКТІ ТҮРДЕ АҒЗА АЛМАСТЫРУҒА ДАЙЫН БА?

Қазақстандықтар ерікті түрде ағза алмастыруға дайын ба? 

Айқан АҚАНОВ, С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор:

– Шындығы керек, біздің тұрғындар қандай жағдайда болмасын донор болуға әлі де дайын емес. Бұл мәселе анатомиялық заңдар негізінде жүзеге асырылуы тиіс. Мұндай заң көптеген шетелдерде қол­данылуда. Мысалы, әлемге танымал адамдар өздері өлген соң денесінің міндетті түрде анатомиялық залдарға өткізілуін, сөйтіп денесімен жас дәрігер-ғалымдардың немесе биологтардың танысуына жағдай жасалуы қажеттігін жазып, өсиет ретінде қалдырады. Бұл да ескеретін жайт.
Мұның тағы бір жағы, қарапайым халық арасында жан-жақты түсіндіру жұмыстарын қолға алу керек. Оларға өлген адамның ағзасы ауыстырып салынған адамдар туралы түсірілген бейнетаспаларды немесе өздерін көрсетіп, соның негізінде донорлықтың не екендігіне көз жеткізу қажет. Сонда нәтижелі болмақ.

 

Шәкен ШЫНТАЕВ, медицина ғылымдарының кандидаты, оташы:

– Әлі дайын емес. Сондықтан бұған тұрғындарды алдын ала дайындап, донорлықтың не екеніне көздерін толық жеткізу қажет. Бір адам ауырып, оған ағза ауыстыру қажет болса, көбінесе туыстары, ағайын-бауырлары өз келісімін беруде. Бұл дұрыс. Ал егер туысы жоқ адам болса ше? Онда жағдай қалай болмақ? Біз осыны ойлануымыз керек.
Менің пайымдауымша, донорлық дегеніміз, бұл – адамгершіліктің, аза­маттықтың ең биік шыңы! Мысалы, мен өз ғұмырымда 25 – 26 рет шұғыл түрде қан қажет болған адамдарға өз қанымды беріп, бейтаныс адамдардың сауығып кетуіне қолғабыс жасадым. Әрине, мұнда мен донар болуды емес, керісінше, адамды өлімнен арашалап қалуды ойладым. Демек, әрбір адамның патриоттық сезімі болуы тиіс. Сондықтан ең алдымен түсіндіру жұмыстары кезінде біз әрбір адамның патриоттық һәм азаматтық сезімін оята білуіміз керек. Себебі пат­риоттық рухы жоғары адам ғана ерікті түрде донор бола алады.

 

Жәңгетхан АБЫЛАЙҰЛЫ, медицина ғылымдарының докторы, профессор:

– Бірде біз қант диабетімен ауырған адамның бір аяғын кесуге шешім қа­былдағанымыз бар. Сонда әлгі адам «мен о, дүниеде аяқсыз қалай жүремін. Өлсем өлермін, бірақ аяғымды кесуге келіспеймін» деп операциядан үзілді-кесілді бас тартты. Мұны айтып тұрғаным, қазір тұрғындардың көпшілігі ағза ауыстыру мәселесін міндетті түрде діни наным-сеніммен бай­ла­ныстырады. Сөйтіп, мұндай адамдар өлген ағайын-туысының ағзасын бөтен біреуге беруге тіпті келіспейді. Дегенмен елі­міз өркениетке аяқ басқан заманда біздің мұндай керітартпа пікірден арылуымыз қажет-ақ.
Таяуда Денсаулық сақтау министрлігі әрбір тұрғын үшін арнайы электронды карта енгізуді ұйғарды. Міне, осы мәселе талқыланған ал­қалы жиында министрлік басшысының бірі «әрбір азаматтың элек­тронды картасына оның өмірден озғаннан кейін ағзасын қажетіне қарай басқа адамға ауыстырып салуға келісім беретіні немесе бермейтіні туралы келісім-пікірін жазу қажет» дегенді ұсынды. Бір жағынан бұл – дұрыс ұсыныс. Себебі бәрі де адамның денсаулығы үшін қажет. Екінші мәселе – донар болу-болмау әрбір адамның жеке басының ісі. Егер патриоттық сезімі жоғары болса, әрбір адам донор болудың мәні мен маңызын айрықша түсінуі тиіс. Үшіншіден, барлық жерде жан-жақты үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу керек. Төртіншіден, өмірден озған адамның ағзасын басқа біреуге салу үшін арнайы заң қабылдап, сол заңда оларға төленетін өтемақы көлемін нақты белгілеген жөн. Шетелдерде бұл қарастырылған және оны «тәуекел өтемақысы» деп атайды.

Сауалнаманы жүргізген – Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ, Суреттерді түсірген – Айтжан МҰРЗАНОВ

http://www.aikyn.kz/articles/view/43932