АЛТЫНОРДА
Новости

 Қазақ суретшілерінің шығармалары – Лондон көрмесінде

4-12 наурыз аралығында Лондонда өтіп жатқан Орталық Азия және Кавказ қазіргі заманғы өнер көрме-сатылымы экспозициясы «Өткелде» деп аталады. Оған қойылған туындылар қатысушы елдердің саяси, экономикалық және мәдени дамуындағы өтпелі кезеңді бейнелейді.

Көрмеге тоғыз қазақстандық суретшінің жұмыстары ұсыны­лып­ты. Олардың екеуі – Бахтияр Табиевтің «Каспий жанындағы ауыл» және Салахитдин Айтбаев­тың «Тың. Түскі ас» туындылары. Соңғысы – 1960 жылдары салын­ған және Әбілхан Қастеев атын­дағы Қазақстан Республикасы мем­лекеттік мұражайында сақ­таулы «Түскі ас. Бригаданың жи­налуы» туындысының бір нұс­қасы. Сондай-ақ Сергей Маслов, Георгий Трякин-Бухаров, Саид Атабеков, Алмагүл Меңлібаева, Александр Угай, Елена және Вик­тор Воробьевтардың туын­дылары да қазіргі заманғы Қазақ­стан өнерін көрсетеді.

Image

Қазақ поп-арты мен инстал­ляция­сының ақсақалы санала­тын Георгий Трякин-Бухаров: «Бізге Лондонда өз жұмыс­та­рымызды көрсетуге демеушілік көрсетіп, мүмкіндік берілгені үшін ENRC әртараптандырушы компаниялар тобына шексіз алғысымызды білдіреміз. Әрине, бұл ерекше іс-шара. Қазақстандық суретшілер­дің туындыларын Sotheby’s көр­ме­сінде көрсету – біздің қазіргі заманғы өнеріміздің беделін көтереді» деп атап өтті. Көрмеге оның «Алтын қиыс» компо­зи­циясы ұсынылған екен.
Топ-лоттардың ішіне Алмагүл Меңлібаеваның «Арал. Пляж 2» туындысы енген. Фото жұмыс суретшінің Арал теңізі төңірегінің тарихы мен тұрмыс жағдайын зерттеу жобасының бір бөлігі болып есептеледі. Көпшілік қауым бұл көрмені «Қа­зақстан, Қырғызстан, Тә­жікстан, Армения мен Әзір­бай­жан шебер­лерінің туындыларын бі­рік­тіретін бірегей экспозиция» дейді. Туын­дылар 1960 жыл­дар­дағы нон­­­конформизм мен соц­реализм­ді қамтиды. Жалпы, көр­меге 47 өнер туындысы ұсынылған.

ENRC PLC Бас атқарушы директоры Феликс Вулис: «Осындай жаңашыл көрменің демеушісі болу – бізге орасан зор құрмет. Біз қазіргі заманғы Қа­зақстанның өнер туындыларын халықаралық деңгейде көрсетуді мақтан тұтамыз. Осылай Қазақ елі мен жалпы өңірдің бай мәдени мұрасына үлкен назар аударта­мыз» деп атап көрсетті.
Естеріңізге сала кетейік, ENRC – пайдалы қазбаларды қазып алу және байыту саласында әлемдік жетекші әртараптан­ды­рушы компаниялар тобы сана­лады. Ол кен қазып алу, өңдеу, энергетика, көлік және маркетинг кәсіпорындарымен интегра­цияланған. Топтың өндірістік активтері негізінен Қазақстан Рес­публикасында орналасқан.

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ

http://www.aikyn.kz