АЛТЫНОРДА
Новости

ҚАЗАҚ ДАУЫСЫН ӘЛЕМГЕ ТАНЫТАТЫН ЖОБА

401b610f0356dd45beed6d3b335e2d2f (1)«Алғаш рет голландияның RTL4 телеарнасында «The Voice of Holland» деген атпен жарыққа шыққан шетелдік жобаның Қазақстан Ұлттық арнасында тұсауы кесілетін күн де алыс емес. 

Алайда бұл жоба еуропалық баламаның көшірмесі емес. Оның өзіндік ерекшелігі мен қазақи реңі бар. Жобада ұлттық әндермен қатар, шетелдік танымал әуендер бар. Қазақ дауысын әлемге танытатын үміткер кез-келген шетелдік өнер додасына сайысқа түсуге қабілетті екенін көрсетуі қажет.

Алғашқы іріктеу кезеңінде тәлімгер үлкен орындықта теріс қарап отырып, қатысушының бет-әлпетін көрмей, тек жанды дауысын есту арқылы іріктейді. Неге? Өйткені телеарналарда дауысы болмаса да жасанды дауыспен ән салатын әншілер көбейіп кетті. Бұл жоба таза дауыс пен табиғи үн іздейді. Сымбатты, мың бұралған биші емес, көрікті келбет емес, қазақ елін өзгелерге мойындататын саф дауыс иесі ғана оза шауып, бас сыйлықты алуы тиіс. Мега жобаның негізгі ерекшелігі – осы.

Жоба тәлімгерлері ретінде еліміздің танымал әншілері Нұрлан Албан, Медеу Арынбаев, Мәдина Сәдуақасова және Алмас Кішкенбаев таңдап алынды. Олар саз әлемінде өз орны, тәжірибесі бар жандар. Тәлімгерлер үміткерлерге нұсқау беруші, жол сілтеуші ғана емес, өнерпаздармен бірігіп жұмыс істейді. Егер жоба барысында қатысушының өнері осал болса, тәлімгер үміткерді байқаудан шеттете алады. Демек, тәлімгер қатал әрі мейірімді жан. Ол қарамағындағы шәкіртінен таза табиғи талант пен тынымсыз еңбек талап етеді.

Табиғат берген дарынына арқа сүйеп, бағына сенген үміткерлер еліміздің ірі қалаларында өткен іріктеулерге қатысты. Байқауға он мыңға жуық адам қатысып, ең үздік үміткерді үлкен сахнаға шығарады. Қатысуға ниет білдіргендердің ұзын-сонар кезегіне қарап, тұңғыш рет өткізіліп отырған бұл жобаның ән салуға қабілетті жанның бәрін елең еткізгенін анық байқауға болады. Мәселен бір ғана Алматы қаласының өзінде үш мыңға жуық қатысушы бақ сынауға өтініш берді. Оның ішінде ән әлеміне жаңа қадам басқандармен қатар сахна тарландары да бар. Жоба талабы зор болғандықтан іріктеу сыны жоғары деңгейде өтті. Тоғыз мыңнан аса үміткердің екі жүзге жуығы ғана айтулы жобаға қатысуға мүмкіндік алды. Олар кімдер? Жүзден жүйрік шыққан қандай бақытты жандар екен? Қазір қазақ көрерменін алаңдатып отырған басты мәселе осы. Жоба қыркүйек айының 29 күні, сағат 21.35-те Ұлттық арнадан көрсетіледі.

Берік Бейсенұлы

http://www.aikyn.kz/articles/view/30928