АЛТЫНОРДА
Новости

Қарттарға «Атамекен» этно-мемориалдық кешенінде арнайы экскурсия ұйымдастырылды (ФОТО)

АСТАНА. 8 қыркүйек. Baq.kz — Бүгін «Атамекен» Қазақстан Картасы» этно-мемориалдық кешенінің 13 жылдық мерейтойына Астана қалалық «Қарттар мен мүгедектер үйінің» тұрғындарына арнайы экскурсия ұйымдастырылды, — деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Көрмеге келген қарттар «Атамекен» Қазақстан Картасы» этно-мемориалдық кешенінің өте ұнағандығын жеткізіп, пікірлерін білдірді.

Әнуарбек Ералы:

Бәрі өте ұнады. Жоғарыда тұрсаң Қазақстанның кең-байтақ жерін алақандағыдай көре аласың. Бір тілегім картаны қыс-жаз демей кез-келген уақытта аралай алатындай қазіргі заманауи технологиялардың арқасында бетін жауып, оңтүстігін оңтүстіктей ысытып, солтүстігін солтүстіктей етіп мұздатқышпен борандатып қойса келушілер үлкен әсер алар еді деп ойлаймын. Әйткенмен тамаша!

Шолпан Рысақова:

Біраздан бері топ болып, экскурсияға бармаған едім. Бәрі тамаша. Апалардың бәрі шаршағанын ұмытып, Қазақстанның керемет жерлерінің макетін көруге жүгіріп кетті. Барлық облыстарды, тау-қырларды жас кезіміздегідей көріп шықтық.


Варвара Викторовна:
Мен бұл жерде 15 жыл бұрын болғанмы. Ол кезде бұл жер мүлдем басқа еді. Қазір тіпті тану мүмкін емес. Бұрын болғанымды есіме түсіріп таңқалып жүрмін. Тамаша! Бұл қазақстанның болашағының мәңгі тарихына кіреді деп білемін.

Айта кетейік, бүгін 2001 жылдың 8 қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен ашылған «Атамекен» Қазақстан Картасы» этно-мемориалдық кешенінің 13 жылдық мерейтойы атап өтілді. «Атамекен» Қазақстан Картасы» этно-мемориалдық кешенінің мақсаты — мәдени-құндылылықтардың, халықтың қол жетімділік тарихи-мәдени және рухани байлықтарын сақтап, Қазақстанның тарихи атамұрасын білуге, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының бүкіл табиғи зоналары мен экономикалық жетістіктері мен мәдени байлықтарын көбейту болып табылады.

Айнұр РАКИШЕВА, Ғабит МАДАЛИЕВ

http://baq.kz/kk/news/52700