АЛТЫНОРДА
Новости Караганды

Қарағанды базарларын бұзақылар билеп-төстеп тұр

ҚР Бәсекелестікті қорғау Агенттігінің төрағасына қарағандылық кәсіпкерлер базарларды бұзақылар жайлап кеткендігі туралы шағымданды. ҚР Бәсекелестікті қорғау Агенттігінің төрағасы Ғалым Оразбаков «НұрОтан» партиясының облыстық филиалы ғимаратында Қарағанды қаласы тұрғындарын жеке мәселелер бойынша қабылдады.
Қарағанды базарларында жұмыс жасайтын саудагерлердің атынан Қазақстан Кәсіпкерлер ассосациясының мүшесі Серік Төрегелдин шағымданды.

” Базардағы «банды-пахандар» кәсіпкерлерге сауда жүргізуге кедергі жасауда. Олар қала базарларындағы бәсекелестікті тұншықтырып, азық-түлікке өздеріне тиімді бағаны қоюға мәжбүрлейді. Мәселен, саудагерлер етті әртүрлі аймақтан жеткізеді. Біреуі Осакаров ауданынан, келесісі Бұқар жырау ауданынан әкеледі. Яғни, ет бағасы тауарды жеткізу шығынына орай, әртүрлі болуы қажет. Бірақ, қылмыс әлеміне жақын кейбір жандар сауатты бәсекелестікке қарсы. Қазы-қарта бағасын көтеруден бас тартқан саудагердің тауарына бір еркек жанармай құйып жібергенін білемін. Ет бүлініп, сатуға жарамай қалды. Қатардағы кіші бизнес өкілдері осындай жапа шегуде”,-деді Серік Төрегелдин.

Кәсіпкерлердің еуразиялық ассосациясының облыстық филиалының төрағасы Жомарт Алдоңғаров та С.Төрегелдинді қолдайтындығын білдірді. Оның айтуынша, қала базарларында жалға алу құны шамадан тыс жоғары.

“Біріншіден, саудагерлер алдын ала төлейді. Екіншіден, төлем өте қымбат, ол ақталмайды. Сауда орындарының бәрі бірдей жайлы жабдықталмаған. Қарағандыда 3-4 базар ғана бар. 30-40 базар болса қожайындар арасында бәсеке туып, олар саудагерлердің мойнында отырмас еді»,-деді Ж.Алдоңғаров.

Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Смағұлов қаладағы базар санының аздығын растады.

“Базарлар санын көбейту жоспарда. Жер, коммуникация, инвесторлар іздестірілуде. Келешекте Қарағандыда базарлар көбейеді»,-деді қала әкімі.
Базарларды жайлаған бұзақылар мәселесін шешуді Ғалым Оразбаков қарамағындағыларға қадап тапсырды.

“Базарларда қылмысқа қатысы бар фактілердің орын алуы біз бен әкімдіктің айналысатын жұмысы емес, құқық қорғау органдарының міндеті. Сізге, осы мәселені ашық көтергеніңіз үшін алғысымды білдіремін. Дегенмен, кейін өз сөзіңізден бас тартпауыңызды өтінемін. Себебі, маған шағымданған кей жандар сөздерін өзгертіп, құқық қорғау органдарына арыз жазудан қашқақтаған жағдайлар болған. Етке жанармай құю деген шектен шыққандық. Мұнымен күресу керек»,-деді Агенттік төрағасы.

Ғалым Оразбаков облыстық монополияға қарсы күрес инспекциясына аталған фактілерді тексеріп, шара қолдануды тапсырды. Қала әкімі Мейрам Смағұлов та кәсіпкерлермен жеке кездесіп, мәселені бақылауға алатын болды.

Ләззат Қожахметова
Қарағанды облысы

Сурет //munara.kz/сайтынан алынды

http://munara.kz/