АЛТЫНОРДА
Интервью

Қайыржан ТӨРЕЖАН.ЖҮКТЕЛГЕН МІНДЕТТЕРДІҢ ОРЫНДАЛУЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ – БАСТЫ ТАЛАП

атырау тоғызбаевПрокуратура органдары мемлекет атынан Қазақстан Республикасы аумағында күші бар барлық заңдардың, мемлекет басшысының жарлықтары және өзге де нормативтік құқықтық актілердің бұрмаланбай және беркелкі қолданылуын, жедел-іздестіру қызметінің, анықтау мен тергеудің, әкімшілік және атқару саласындағы іс жүргізудің заңдылығын қадағалауды жүзеге асырады, заңдылықтың кез келген бұзылуын анықтау мен жою жөнінде шаралар қолданады, деп көрсетілген Ата заңымызда. Жақында прокуратура қызметкерлері өздерінің төл мерекелерін атап өтеді. Атырау облысының прокуроры Ғалымжан Исатайұлы Тоғызбаев батыс өңірдегі прокуратура органдарының бүгінгі күні атқарып жатқан жұмыстары туралы әңгімелеп берді.

 

– Ғалымжан Исатайұлы, еліміздегі ірі индустриялық өңірлердің бірінде заң қадағалау органын басқарғаныңызға жеті-сегіз жыл болыпты. Облыстық прокуратура органдары соңғы жылдарда қандай ауқымды жұмыстарды атқарды, қандай бағыттарда нәтижелі көрсеткіштерге жеттіңіздер?

– Елбасының көрегенді саясаты мен елді дамыту бағытында қабылданған тиісті бағдарламалардың жүзеге асырылуы нәтижесінде бүгінгі күні Атырау өңірінде түрлі кәсіпорындар, тұрғын үйлер салынып жатыр. Шет елдерден инвесторлар шақыртылып, мыңдаған адамға жаңадан жұмыс орындары ашылды. Осындай мемлекеттік деңгейде атқарылып жатқан ірі жобалардың  арқасында Атырау өлкесі – Қазақстанның ірі индустриалдық орталығына айналды. Халық саны көбейген сайын заң қадағалау саласында да жұмыстар көбейетіні белгілі. Бұл тұрғыдан алғанда прокуратура органдарының атқарған жұмыстары біршама нәтижелі болды деп айтуға болады. Мысалы, соңғы үш жылда облыстық прокуратура органдарының араласуымен 70 мыңнан астам азаматтың конституциялық құқықтары қорғалды, оның ішінде 24 мыңға жуығы жасы кәмелетке толмағандар, 9 мың жұмысшылар. Мемлекеттік бюджет пайдасына 20 млрд астам қаражат өндірілді.

Прокурорлық қадағалау қызметінде қоғамдық саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселесіне ерекше көніл бөленеді. Құқық қорғау, арнайы және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп атқарылған шаралардың нәтижесінде шиеленіс ошақтары уақытылы анықталып, жойылуда.

Қазіргі кезде әлемде орын алған дағдарыс жағдайы біздің еліміздің де экономикасына өз әсерін тигізуде. Осы ретте, бизнес өкілдері тарапынан жұмыс орындарын қысқартуға және қызметкерлерге жалақы берудің кешіктірілуіне жол бермеу мақсатында, облыстық прокуратурамен тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі. Облыстағы жұмыс берушілердің жұмысшыларына ұзақ уақыт бойы еңбек ақыларын кешіктіруге жол берілмейді.

Елбасы биылғы жылғы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында еліміздің ұлттық қауіпсіздігі және бүкіләлемдік, өңірлік мәселелерді шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуының маңыздылығын атап өткенін білесіздер. Бүгінгі күні жалпы жаһандық қауіпті мәселелердін біріне айналған діни экстремизм мен терроризм. Бұл тұрғыда, терроризм және экстремизм, сондай-ақ, оны қаржыландыру көздерімен күрес бағытындағы жұмысты прокурора органдарының үйлестіру жұмыстары арқасында құқық қорғау және арнайы органдары бірлесіп бірқатар нәтижелі жұмыстарды атқарды. 

Облыстағы діни ахуал қалай?

– Бірлескен іс-шаралар ұйымдастырудың арқасында өңірдегі діни ахуал тұрақтандырылды. Діни әдебиеттерді және өзге де ақпараттық материалдарды экстремистік деп тану, олардың айналымына Қазақстан Республикасы территориясында тыйым салу туралы облыстық прокуратура органдарымен сотқа 4 талап арыз беріліп, сот актілері негізінде жалпы 118 ақпараттық материал экстремистік деп танылған (2012 жылы – 1, 2013 жылы -2 және 2014 жылы -1 талап арыздар бойынша сот шешімі шыққан).

Талдау нәтижесімен діни әдебиетті таратуға рұқсат беру тәртібінде бірқатар кедергілер анықталып, облыс прокуратурасымен енгізілген ұсыныс Бас прокуратура тарапынан қолдау тауып, ҚР мәдениет және спорт министрлігінің дін істері Комитетімен жаңа стандарт бекітілді. Сонымен қатар, соғыс болып жатқан Араб Республикасы Сирия территориясына шығуға құлшынған тұрғындармен идеологиялық жұмыстар жүргізіледі. Ондай адамдарға террористік әрекеттерді жасағаны, бұл қызметті қаржыландырғаны және шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысқаны үшін қылмыстық кодексте көзделген жауапкершіліктер кеңінен түсіндірілуде.

Жергілікті жерлердегі экологиялық, санитарлық-эпидемиялық жағдайларға қадағалау жасау да прокуратура органдарының атқаратын жұмыстарының бірі. Атырау облысы Қазақстандағы жер қойнауындағы байлықтарды игеріп жатқан, экологиялық тұрғыдан қорғауға жататын өлке болып саналады. Жергілікті халықты ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі де бұл өңірде өзекті болып табылады…

– Елбасының жыл сайынғы Жолдауларында халықты сапалы ауыз сумен қамту мәселесі және оның нақты іске асырылу кезеңі Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасына ерекше көңіл бөлінген. Соған байланысты Атырау облыстың прокуратурасы халықты ауызсумен қамтамасыз етуге бағытталған «Ақ Бұлақ» бағдарламасының жүзеге асырылуын тексерулер жүргізу арқылы жіті қадағалап отыр. Бұл салада да заң бұзушылықтарға жол берілгені тексеру барысында белгілі болды. Мысалы, прокуратура жүргізген тексерулер кезінде 200 млн теңгеден астам бюджет қаражатын тиімсіз жұмсау, елді-мекендерді толық ауыз сумен қамтамасыз етпеу, міндеттелген жұмыстарды мерзімінде аяқтамағаны үшін салынатын айыппұлдар есептемеу, санитарлық-эпидемиологиялық нормаларының бұзылуы, өрт гидранттарының жарамсыздығы  және атқарылатын жұмыстарға жасалатын шарттарды негізсіз ұзарту фактілері анықталды. Осыған байланысты, аталған мәселелер облыс прокуратурасының алқа мәжілісінде қаралып, елді-мекендерге су жеткізу мәселесі және тексеру кезінде анықталған басқа да заң бұзушылықтар талқыланды. Соның нәтижесінде арнайы шаралар қабылданды, құрылғылардың жеткізілуі мен объектілерді салу жұмыстары жалғасты. Бұған жауапты мамандарға әкімшілік жаза қолданылды.  

Бюджетті толықтыру, мемлекет қаржысының заңсыз жұмсалуының алдын алу және сыбайлас жемқорлық көріністерінің жолын кесу бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, табиғат қорғау заңнамасын бұзғаны және салық төлеу міндетерін орындамағаны үшін прокуратураның ұсынысы негізінде ірі жер қойнауын пайдаланушылардан мемлекеттік бюджет пайдасына қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтері асып кеткені үшін 19 млрд теңге залал өндірілді.

Құқық қорғау органдарына жүктелген әлеуметтік маңызы бар мәселелердің бірі – балалардың құқығын қорғау болып табылады. Өзін өзі қорғай алмайтын жасөспірімдер мен жастары кәмелетке толмағандардың, әсіресе мүгедек балалардың құқықтарын қорғау заңмен белгіленіп, олардың құқықтарын бұзғандар өте қатаң жазаға тартылатын болды. Облыстық прокуратура органдары бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізуде?                              

– Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында, әрбір сәбидің құқығының қорғалуын талап етіп, барлық 16 жасқа дейінгі балаларды медициналық қызметтің барлық спектрімен қамтуды және мемлекет науқас балаларға төленетін атаулы көмек үшін толық жауапкершілікте болып, баланы жан-жақты қорғау қажеттілігі атап көрсетілген.

Осы ретте, облыстық прокуратура органдарымен білім және арнайы білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау органдарының қызметінде мүгедек және мүмкіндігі шектеулі балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған заңнаманың сақталуына тексерулер жүргізіліп, Қазақстан Республикасының кемтар балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы заңнама талаптарына қайшы, үйден оқытылатын мүгедек балалар үздіксіз оқумен, олар даму деңгейіне қарай арнайы оқу бағдарламасымен қамтылмай, арнайы білім беру ұйымы мен мамандар жетіспейтіндігі белгілі болды.

Денсаулық сақтау ұйымдарында мүгедек балалар медициналық оңалтумен және тегін дәрілік заттармен толық қамтылмағаны, әлеуметтік қорғау органдарының қызметінде ҚР «Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы» Заңының нормалары сақталмай, мүгедек балаларға әлеуметтік көмекақы төленбей, көмекші және гигиеналық құралдармен қажетті мөлшерде  қамтамасыз етілмегені анықталды. Тексеру қорытындысы облыстық прокуратураның алқа отырысында қаралып, анықталған жағдайлар бойынша 48 ұсыныс енгізілді, 75 адам тәртіптік, 87 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 402 балаға қатысты құқық бұзушылық қалпына келтірілді.

Қазіргі кезде ақылы толықтай толысып, психикалық тұрғыдан қалыптаса қоймаған жасөспірімдер арасындағы депрессиялық жағдайларға, өз-өзіне қол салуға итермелейтін факторларды анықтау жұмыстарына тек мектеп оқытушылары, педагогтар мен психиатр, психологтар ғана емес құқық қорғау органдары да жұмылдырылатын болды. Бұл мәселенің прокуратура қызметіне де қатысы болуы керек?

– Кәмелетке толмағандардың арасындағы өзіне-өзі қол жұмсаудың алдын алу бағытында облыстық психиатриялық жүйке-тамыр аурулар ауруханасының дәрігер психологтарының қатысуымен суицидке барған, немесе солай істеуі мүмкін жасөспірімдермен, оның ата-аналарымен жеке дара сөйлесу жұмыстары жүргізіліп, суицид іс-әрекетіне бейім деген кейбір жасөспірімдердің және оның отбасының «психологиялық портреті» жасалады. Сондай-ақ, облыстық прокуратура жасөспірімдер арасында суицидтік әрекеті бар, «қауіп тобына» жататын балаларды анықтаудың тиімділігін және олармен жүргізілетін профилактикалық шараларды арттыру мақсатында медициналық қызметкерлер, психологтардың қатысуымен білім беру ұйымдарында зерделеу жұмыстарын ұйымдастырды.

Білім беру мекемелерінде сынып жетекшісі мен педагог-психологтың қатысуымен, медициналық психологтың басшылығымен оқушылар арасында екі түрлі психологиялық әдісті («Определение  уровня  тревожности Тейлора» және  «Госпитальная  шкала  тревоги  и  депрессии HADS») қолдану арқылы зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, 5 (3 мектеп, 1 колледж, 1 отбасы үлігісіндегі балалар ауылы) білім беру мекемелерінде оқитын 309 оқушы (12-18 жас аралығындағы балалар) қамтылып, оның ішінде 47 оқушыда суицидтік әрекетке бейім деген белгілері бар, «қауіп тобына» жататындығы анықталды.

Медициналық психологтар мен педагог-психологтар бірлесіп, психикалық ауытқулар анықталған әр баланың «қорқыныш жағдайының» себебін анықтау бағытында жасалатын талдау-зерттеу (баланың мінез-құлқына, денсаулық жағдайына, қоршаған ортасына, отбасы мүшелеріне, ата-анасына қатысты, әлеуметтік-материалдық жағдайына т.б.) жұмыстарын белгіледі, осы бағытта жұмыс істейтін педагог-психологтарға нақты тапсырмалар берілді. Қазіргі уақытта, әр балаға қатысты зерделеу жұмыстары жүргізіліп, балалармен және олардың ата-аналарымен медициналық психологтардың қатысуымен жеке дара жұмыстар атқарылуда.

– Ғалымжан Исатайұлы, қазіргі кезде елімізде шағын және орта бизнесті қаржылай қолдау, құқықтарын қорғау мәселесін мемлекеттік деңгейде көтеріп жатыр. Заң қадағалау органдарына жиі шағымданатын да, заң бұзушылыққа жиі жол беретін де осы шағын және орта бизнес өкілдері болуы керек. Прокуратура органдары бұл саладағы проблемаларды қалай шешіп жатыр?

– Кәсіпкерлікті қолдау және қорғау мақсатында облыстық кәсіпкерлер Палатасымен және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның аумақтық филиалымен бірлесіп жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, Атырау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің қызметінде жүргізілген бірлескен тексеру нәтижесінде 25 кәсіпкердің өтініштері бойынша қарау мерзімдері бұзылғандығы анықталып (эскиздік жобалар 8 ай бойы келісілмеген), қабылданған шаралар нәтижесінде 5 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, табиғи монополия субъектілерімен заңда көзделмеген құжаттарды талап ету фактілері анықталып, оларды жою бойынша шаралар қабылданды.

Прокуратураның актісі негізінде монополия субъектісі –  «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-мен жеке кәсіпкерлердің құжаттарын қабылдау мен келісу тәртібі өзгертілді. Атырау қалалық әкімдігінің қызметінде анықталған 150 жеке кәсіпкерге жер учаскелерін беру туралы қаулыларды шығаруда созбалаушылыққа салу түріндегі жер заңнамасын бұзу фактісі бойынша прокурорлық ықпал ету актісі енгізіліп, жеке кәсіпкерлердің құқықтары қорғалды, ал кінәлі деп табылған мемлекеттік қызметкерлер тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның аумақтық филиалының кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында прокурор кабинетінің жұмысы ұйымдастырылып, прокуратура қызметкерлерімен әр аптаның бейсенбі күні кәсіпкерлерді қабылдау өткізіліп, оларға тиісті құқықтық көмек көрсетілуде.

– Бірде бір сот процесі мемлекеттік айыптаушы, прокурордың қатысуынсыз өтпейді. Кейбір кездерде, әсіресе, азаматтық істерді қарайтын сот процестерінде прокурордың наразылығы бойынша сот шешімі бұзылып, қайта қаралып жатады. Бұл туралы не айтар едіңіз?

– 100 нақты қадам «Баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» ұлт жоспарының 26-шы қадамында сот ресімдерін оңайлату және сот процестерін жеделдету үшін азаматтық-құқықтық даулар жөніндегі соттарға прокурорлардың қатысуын қысқарту көзделген. Екі тараптың арасындағы келіспеушіліктерден туындайтын әрқилы даулардың шешімін табу үшін азаматтар мен заңды тұлғалардың соттарға жүгінуі сот билігіндегі азаматтық істердің жылдан жылға көбеюіне әкеледі. Соған қарамастан прокурорлармен әрі сатыдағы соттарда қаралатын алуан түрлі істер бойынша мемлекеттің мүддесіне өкілдік ету, әділ сот шешімінің қабылдануына ықпал жасау жұмыстары белсенді түрде жүзеге асырылуда.  

Бұл жерде осыған қатысты бірер мысал келтіре кетейін. Жақында өткен бір сот процесінде заңды тұлғаның мемлекеттік мекемеден қаражат өндіру туралы талап арызын қанағаттандыру жөніндегі сот қаулысы прокурорлық наразылық бойынша күшін жойып, мемлекеттік бюджеттен 53 миллион теңгенің заңсыз шығуына жол берілмеді. Азаматтық істер жүргізу Кодексінің 36-4 тарауы қолданысқа енгенге дейін қылмыс жасап сотталған шетел азаматтарын республика шегінен мәжбүрлеп шығару туралы нормаларын соттармен негізсіз қолданылу фактілері анықталып, кассациялық наразылық негізінде қате сот тәжірибесі түзетілді.

Биылғы жылдың басынан бастап біз жаңа Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекспен жұмыс жасап келеміз. Осы мерзімнің ішінде Кодекстің жаңа талаптарына қайшы келетін 20 сот актісі прокурорлық наразылықтар негізінде заңға сәйкестендіріліп, қайта жасалды. Олардың басым бөлігі автокөлікті алкогольдік мас күйінде басқарған тұлғаларға қатысты негізсіз қысқартылған істерге байланысты болды. Осындай заң бұзушылықтар қайталанбас үшін оған жауапты адамдардың да жауапқа тартылуы керек қой. Әкімшілік істі жүргізу барысында заңсыздықтарға жол берген 23 лауазымды тұлға тәртіптік жазаға тартылды.

Тағы бір мысалды айтайын. Бұл сот орындаушыларына қатысты. Жалпы алғанда атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын қадағалау барысында мемлекет қоржынына 155 млн теңгеден астам қаражат өндіріліп алынды. Өндірілмеген айыппұлдар мен алименттер бойынша әр саладағы мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, прокурорлар халық арасында акциялар мен рейдтік шаралар ұйымдастырды. Бұл шаралар оң нәтиже беріп, 7 млн теңге айыппұл, 4 млн теңге алимент берешектері өндірілді. Қызметінде заңсыз әрекеттері әшкереленген екі сот орындаушыға қатысты қозғалған қылмыстық істердің сотта қаралу нәтижесімен айыптау үкімдері шығарылып, оларға айыппұл жазасы тағайындалды.

Былтыр Қылмыстық-атқару кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, биылдан бастап ол қолданысқа түсті. Жаңа заңда сотталғандарға қандай жеңілдіктер қарастырылған? Прокуратура сотталғандардың құқығын қорғау бағытында қандай жұмыстар атқаруда?

– Иә, ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілген Қылмыстық-атқару кодексінің жаңа редакциясы қоғам және азаматтар тарапынан пенитенциарлық жүйеге сенімін арттыруға, сотталғандардың құқықтарын қорғау кепілдігін күшейтуге, режим талабы мен түрмедегілердің индексін төмендетуге бағытталған.

Осы орайда, шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы соттар жасаған 95 құжат, жазаның өтелмеген бөлігін жеңілдетілген түрге ауыстыруға байланысты қаралған 156 құжат қанағаттандырылды. Сонымен қатар, прокурорлардың жетекшілігімен бас бостандығынан айыруға сотталғандардың жазасын айыппұлға ауыстыру тәжірибесін енгізудің нәтижесінде сотталған 21 адамның жазасы айыппұлға ауыстырылып, олардан мемлекет пайдасына 8 543 839 теңге айыппұл өндірілді.      

Өңірде заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында Елбасы мен Бас Прокурордың тапсырмаларын жүзеге асыра отырып, Атырау облыстық прокуратурасы азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын, заңды тұлғалардың және мемлекеттің мүдделерін қорғауға бағытталған қызметі жалғастыра береді.

Әңгімеңізге рахмет, еңбектеріңіз абыройлы болсын!

 

Сұхбаттасқан Қайыржан ТӨРЕЖАН