АЛТЫНОРДА
Новости

Қайыржан ТӨРЕЖАН. Саурық батыр. Ерлерге ескерткіш қойылды

аАлматы облысының Жамбыл ауданында, Алматы-Бішкек күре жолының 55-56 шақырымында Сұраншы және Саурық батырларға алып ескерткiш-монумент қойылды. Бұл заңғар монумент елі мен жері үшін жаумен алысқан Сұраншы батыр Ақынбекұлының туғанына – 200 жыл, ал Стамбекұлы Саурық батырдың туғанына 215 жыл толуына орай ашылып отыр. Қос батырға арнап ескерткіш орнатуға бастамашы болған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Үмбетов, Алматы облысы әкімі Аңсар Мұсаханов, Жамбыл ауданы әкімі Махаббат Бигелдиев және тағы басқа азаматтар.

XIX ғасырда үстемдік етпек болған қоқандықтар мен қырғыздарға қарсы қол бастап, елі үшін ерлікпен жау қолынан қаза тапқан батырларға құрмет көрсету шаралары, Ұзынағаш өңіріне келген қонақтардың қос батырдың арғы аталары даңқты Қарасай батырдың ескеркішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қоюдан басталды. Әрі қарай той-дүрмек Жамбыл ауылындағы Мәдениет үйінде екі күн бойы өткен ақындар сайысымен жалғасты. Үшінші күні батырларға қойылған ескерткіштің ашылу салтанаты болды. Ұзынағаш ауылының тұсында, Алматы-Бішкек жолының бойындағы алыстан көрінетін төбенің басында тұрған қос батырдың  монументін  белгілі сәулетші Қазбек Жарылғапов пен мүсінші Мирлан Азмағамбетов сомдапты. Бес қаруын асынып, бас бермес белді айғырларға мінген хас батырлардың ескерткіштері өте әдемі бейнелеген. Монументтің тұрған орыны да талғаммен таңдалыпты. Дана халқымыз «тарихқа жүгінсең танымың кеңейеді» дейді. Бұл монумент жас ұрпақты ізгілікке, отансүйгіштікке бастайтын, елін, жерін отанын қорғауға баулыйтын киелі жерлердің бірі болмақ.  Бұл шараны – елiмiз бен жерiмiздi қорғауда жанын пида еткен Сұраншы батыр мен Саурық батырға деген халықтың шексіз құрметі мен ұрпақтарының мәңгілік тағзымы деуге болады. Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов:

«Жетісу жерінде кешегі Қарасай, Наурызбай, Қабанбай, Райымбек батырлардан үзілмей келе жатқан батырлықтың алтын арқауын Саурық Ыстамбекұлы мен Сұраншы Ақынбекұлы жалғастырғанына тарих куә. Олар сын сағатта қол бастап қана қоймай, алқалы топта сөз бастап, саясаткерлік қырларымен де танылды. Тарихи сын кездерде елі үшін жандарын құрбан етіп, кең байтақ өлкені бізге аманаттап кеткен батырлардың арман-мүддесі бүгінгі күнде орындалды. Тәуелсіз ел болып, іргелі мемлекет құрдық. Тарихымызды түгендеп, салт-дәстүрімізді қайта жаңғырттық» деді көпшілік алдында сөйлеген сөзінде.

Сұраншы мен Саурық — тарихта аты өшпейтін, бүкіл ғұмырын ел мен жерін қорғауға арнаған айбынды да, атақты батырлар. Бұлардың бүгінгі тәуелсіздігіміз үшін өздерін құрбан етіп, жау қолынан мерт болғанына тарихи деректер айғақ. Олардың ел қорғауға халықты жұмылдыра білгендігі, талай мәрте жанқиярлық ерлік көрсетіп, жалпақ жұртқа тегіс танылған батырлықтары жөнінде ұлы ақындар Жамбыл мен Сүйінбай және тағы да басқа дарын иелері шабыттана жырлаған.

Ақынбекұлы Сұраныштың аты, ХІХ ғасырда Шымкент, Түркістан, Ташкент қалаларын қоқан хандығының ықпалынан азат ету жолында ерлікпен күрескен батыр ретінде, тарихта қалған. 1861 жылы Жетісуға қоқан хандығының қолшоқпары Қағанат шах басып кіреді. Сол кезде Сұраныш батыр Ұзын ағашта Алатау округының бастығы подполковник Г.А. Колпаковскиймен бірге Қанағат шақтың 40 мың әскерін жеңіп, елден қуған. «Сұраншы батыр (1815 – 1864ж.) Ұлы жүз шапырашты ішінде есқожа руынан. Арғы атасы – Қарасай батыр. 1848 – 60 жылдары Қоқан билеушілерінің Жетісу басып кіруіне қарсы күресті. 1864 – 65 жылдары Ресей әскері сапында Ұзынағаштан Сайрамға дейінгі қазақ ауылдарын азат етуге қатысты», деп жазылған энциклопедияда. Батырдың жорықтарына қатысқан атақты ақын Сүйінбай Аронұлы оның ерліктерін «Сұраншы батыр» деген жырында баяндайды. Сұраншы өзінен 15 жас үлкен  Саурыққа арқа сүйеген. Жырда, Саурық батыр өлгеннен кейін қырғыз Орман ханның қазақтарға шабуылдап, күйзеліске үшыратуы жайлы, оған қарсы Сұраншы батыр бастаған қарулы жігіттер аттанып, халык кегін қайтаруы сөз болады. Жыр Сұраншының «Қарасайлап» жауға қарсы шауып, ерлікпен қаза табуымен аяқталады. Кейбір мәліметтерге қарағанда Сұраншы батырдың қаза болған жері Сайрам қаласының маңы, демек сол жақта жерленуі тиіс. Бірақ оның сүйегінің жатқан жері әлі анықталып, табылған жоқ.

а

Сұраншыдан мүшел жас үлкен Саурық батырдың жерленген жері бұдан 3-4 жыл бұрын Лепсі өзенінің бойындағы Мұқаншы елдімекеніне жақын жерден табылған болатын. Оның өзіндік тарихы бар. Біраз жылдардан бері тарихи тұлғалардың жерленген жерлерін іздеумен айналысып жүрген Сарқан ауданының тумасы Жантас Рашатовтың айтуынша, қолындағы топографиялық картада белгіленген молаларға қарап Жетісудағы Ақсу, Лепсі өзендерінің бойында жерленген көптеген аты аңызға айналған батырлардың зираттарын табуға болады екен. Картаны 1840 жылдары ресейлік топографтар жасаған екен. Ол кезде көшпелі қазақтарда тұрақты елді мекендер болмағандықтан орыстар ғасырлар бойы қозғалмай тұратын зираттарды белгілеп, картаға түсірген сияқты.  Карта Жантастың қолына қалай түсті дейсіз ғой, оны баяндау үшін сәл шегініс жасаймыз.

Сарқан ауданы Қарауылтөбе ауылының тұрғыны, 55 жыл балаларға тарихты оқытқан ҚазКСР-іне еңбегі сіңген мұғалім Рашат ақсақал бір әңгімесінде ұлы Томасқа «Жалпақ қазаққа есімі мәшһүр, жоңғарға қарсы азаттық күресте Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбайлармен қатар жеңісті жорықтарға бастаған сайыпқыран сардар Құттымбет ұлы Наурызбай өмірінің шырқау шегінде осы өлкеде Үйсіндердің, Шапырашты руының биі болған және жерленген жері осы маңда болуы тиіс. Мен оны бала кезімде ақсақалдардың аузынан естігем», деп айтқан екен. Бұл әңгіме құлағында қалған тарихшы Томас Рашатұлы ұзақ уақыт маңайдағы қорым, қорғандар туралы деректерді жинап, зерделеп жүреді. Кейіннен оған баласы Жантас қосылады. Жантастың мамандығы – құрылысшы, бірақ бабалардың жерленген жерлерін іздеу, археологиялық қазбалар оны қатты қызықтырған.

— 2006 жылы сәуір айында ресейлік сәулетші инженер Дмитрий Задорожный деген әріптесім телефонмен хабарласты, — дейді Жантас Рашатов, — ол да мен сияқты тарихи құжаттарды көп айналдыратын. Сөз арасында «сенің еліңде Үйсін болысының Албан биі Қайназар Сүйіндіков, Шапыраштының биі Наурызбай, Дулаттың биі Байғали Байдалин деген адамдардың тарихта есімдері бар ма?» деп сұрады. Сөйтсем, ол Омск қаласындағы патшалық Ресейдің мұражайын қайта өңдеумен айналысқан, қолы бос уақытында орам-орам болып жатқан патшалық іс-қағаздарымен танысқан екен. мен бұл жайды әкеме айттым. Сөйтіп сол жылы Омск қаласына барып, мұражайдан Батыс Сібір щекаралық басқармасының «Жетісу саяси тарихы» азаматтық іс-қағаз мұрағаттарының қысқаша топтамасымен танысып, көшірмесін алдым. Алматыдағы Орталық мемлекеттік мұражайдағы құжаттарды ақтардым. Сол жерден 1848 жылы үйсіндердің Омск қаласындағы Батыс Сібір шекаралық басшысына жазған хатын таптым. Онда, Шапырашты Наурызбай би Ақсу мен Лепсі өзендері арасында болыстарымен көшіп-қонып жүргендігі, оның есімімен өзен атауы бар екені және Наурызбай бейітінің Қарауылтөбенің басында көрініп тұрғаны жазылады. Осы деректерді айғақтайтын дәлел іздеп Санкт-Петербург қаласындағы Патшалық Ресейдің Бас штабында құпия сақталып келген Жетісу өлкесіндегі қазақтардың көші-қон карталар топтамасына қол жеткіздім. Мұнда ертедегі жер атаулары, атақты адамдардың жерленген зираттары белгіленген. Осы картада «Наурызбай зираты» деп белгіленген жерді ендік, бойлық координаталары бойынша есептеп шығарып, оның жерленген зиратын тұспалдап таптық. Бұл мен өскен Қарауылтөбе ауылының жанындағы төбе болып шықты. Енді бізге осы төбеде жатқан екі сүйектің қайсысы Наурызбай батырдыкі екенін анықтау керек болды. Сөйтіп мұнда Мәдениет министрлігі жанындағы Көшпенділерді зерттеу проблемалары ғылыми-зерттеу орталығының маманы Алексей Рогожинский бастаған бір топ археологтар келді. Георадармен тексерген кезде 1,92 метр тереңдікте, бойы кемінде екі метр болатын алып адамның жерленгенін анықтадық. Археологтар батырдың сүйегін қазып алып, ДНК-сын тікелей ұрпақтары болып саналатын бірнеше адамның ДНК-сымен салыстыру үшін Ресейге апарып геномдық сараптама жасады. Олардың он сегізі тура келетін болып шықты. Сол жолы сараптамадан біз тапқан үш адамның сүйегін өткізіліп, анықталды. Солардың бірі бүгін ескерткіш қойылып жатқан Саурық батыр.

Саурық батыр Қарасай батырдың алтыншы ұрпағы. Ол 1798 жылы қазіргі Алматы облысы Жамбыл ауданының Салқынсаз деген жерінде дүниеге келген. Саурық Кәшке атасының көзі тірі кезінде еншісін алып, Салқынсаз маңынан Қарақыстақ өзенінің төменгі сағасындағы Төңерекқұршынға келіп қоныстанған. Жаз жайлауы Ақтасты, қыс қыстауы Қарақыстақ өзенінің батыс айрығы Ақтастының Мессай аймағы болған. Саурық батыр Қоқан хандығы мен қырғыз манаптарының басқыншыларына қарсы соғыста аты шыққан. Саурықтың алғашқы ерліктері Қаратал өңіріндегі Жетісуды жаулап алуға әрекет еткен орыс патшасының жасақтарымен болған шайқаста танылған. Әкесі Ыстанбек жау қолынан қаза табады. Осы кезде Саурық әкесін өлтірген жаулардан кегін алып, Қаратал бойынан жауды қуады. 1820 жылы Саурық батыр қазақ пен қырғыз бас қосқан жиынға қатысып, екі ел арасындағы шекараны белгілеуге келісім жасасқан. Қордайдың Тұйықсу асуына дейінгі Алатау үстіндегі жайлау арқылы өтетін жота шекара шебі болып белгіленген. Саурықтың Қарақыстақ аңғарының ішіндегі Тікендісай бұлағының бойында 1826 жылдың мамыр айында қырғыздың Орман ханы басқыншыларына қарсы қиян-кескі шайқастардағы ерлігі ел арасына таралған.

Ескерткіштің ашылу салтанатына белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, көрнекті ғалымдар мен шығармашылық өкілдері және қос батырдың тікелей ұрпақтары қатысты. Той таудың төсін дүбірлеткен бәйге өткізілген «Көкбастау» ипподромында жалғасты. Алатаудың бөктеріне арнайы тігілген киіз үйлерде қос батырдың құрметіне қонақасы берілді.

 Суреттер автордыкі